Л.Мирзоян көшесі Қажымұқан көшесінен басталып

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 3

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  ..

 

 

Л.Мирзоян көшесі

Л.Мирзоян көшесі Қажымұқан көшесінен басталып, В.Петров, Б.Майлин көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1157,7 м.

Левон Исаевич Мирзоян (1897-1939) – мемлекет қайраткері. Ұлты – армян. 1933 жылдан Қазақ өлкелік партия комитетінің,           1937 жылы (маусым-желтоқсан) Қазақстан К(б)П ОК-нің бірінші секретары болды. Голощекин ұйымдастырған ашаршылық салдарын жою мақсатында жүргізген шаралары үшін қазақ халқы оны «Мырзажан» деп құрмет тұтқан.

             

            Л.Пастер көшесі

Л.Пастер көшесі Ш.Иманбаева, Ш.Уәлиханов, Тараз, Асанқайғы көшелерін қиып өтіп, Ә.Сембинов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1293 м.

Луи Пастер (1822-1895) – француз микробиологы және химигі, микробиология мен иммунологияның негізін салушы.

 

Л.Толстой көшесі

Л.Толстой көшесі Ә.Әлімжанов көшесінен басталып, Ә.Сембинов көшесінде аяқталады. Абыралы, Күлтөбе орамдарымен және Қарағанды көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 692,5 м.

Лев Николаевич Толстой (1828-1910) – орыстың ұлы жазушысы. «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу» сияқты классикалық романдардың авторы.

           

Лепсі көшесі

Бұрынғы атауы – №15 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (сол жақ). Лепсі көшесі Хантау көшесінен басталып, Қаратау, Қозыбасы көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1131,9 м.

Лепсі – Балқаш алабындағы өзен.  Алматы облысы, Ақсу, Сарқант аудандары жерімен ағады.

             

Лесной көшесі

Лесной көшесі С.Қожанұлы көшесінен басталып, Сарыарқа даңғылын және Ақбаян көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 195,4 м.

Лесное – Павлодар облысы, Железин ауданындағы ауыл, округ орталығы.

 

М.Әуезов көшесі

М.Әуезов көшесі А.Иманов көшесінен басталып, Ә.Молдағұлова көшесінде аяқталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарын және Кенесары, Ж.Омаров, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Ы.Дүкенұлы, Мәскеу көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 2716,8 м.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым, ҚР Ғылым академиясының академигі, профессор. Шығыс Қазақстан (Семей) облысының Абай ауданында дүниеге келген. Алты жасынан атасы Әуездің үйретуімен Абайдың өлеңдерін жаттап өскен. «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы қазақ әдебиетін әлемге танымал етіп, ұлы ақынның көркем бейнесін тұлғалауда теңдессіз шеберлік танытқан қаламгер. Қазақ көркем прозасының, оның ішінде роман жанрының, драматургияның дамуына зор үлес қосқан классик. Өз заманының ең жоғары сыйлықтары – КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықтың иегері.

Бұл көшеде Украина елшілігі, Соғыс ардагерлерінің ауруханасы, Орталық сөйлесу пункті, Баспочтампт, №2 балалар ауруханасы, Австрия Республикасының консулдығы орналасқан.

 

М.Горький көшесі

М.Горький көшесі Шығанақ көшесінен басталып, Н.Ирченко, Ә.Жанбосынов, И.Грязнов, Кенесары көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 638,8 м.

Максим Горький (1868-1936) – ұлы орыс жазушысы.

Улица М.Горького

Улица М.Горького начинается с улицы Шығанақ, пересекается с улицами Н.Ирченко, А.Жанбосынова, И.Грязнова, Кенесары.                Длина – 638,8 м.

            Максим Горький  (1868-1936) – выдающийся русский писатель.

 

М.Ғабдуллин көшесі

М.Ғабдуллин көшесі Ә.Исмайылов көшесінен басталып, Абай даңғылында аяқталады. Рамазан, Жәнібек тархан, Ақмола, Ағыбай батыр, А.Иманов, Баянауыл, М.Дулати, Кенесары, Отырар көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1208,4 м.

Мәлік Ғабдуллин (1915-1973) – қазақ жазушысы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. КСРО Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры.

 

М.Дулати көшесі

М.Дулати көшесі М.Ғабдуллин көшесінен басталып, Ә.Сембинов көшесінде аяқталады. М.Мәметова, Ш.Иманбаева, Р.Қошқарбаев, Ш.Уәлиханов, Тараз, Асанқайғы көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1063,5 м.

Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1561) – белгілі тарихшы, әдебиетші. «Тарих-и-рашидидің», «Жаһаннаме» дастанының авторы. Жетісудағы Дулат тайпалары әмірлерінің ұрпағы. Толық аты-жөні – Дулат Мұхаммед Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұндағы «Мұхаммед Хайдар» - өз аты, «Мұхаммед Хұсайын» - әкесінің аты, «мырза» - текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін атау, «дулат» - шыққан тайпасының аты. 1999 жылы М.Х.Дулатидің 500 жылдық тойы халықаралық дәрежеде аталып өтті.

             

М.Дулатов көшесі

М.Дулатов көшесі С.Мұхамеджанов көшесінен басталып, Аспара көшесінде аяқталады. Ш.Бейсекова, Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, Ақан сері, Жалын, Жидебай көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 3721,7 м.

Міржақып Дулатов (1885-1935) – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ ақыны, жазушы, драматург, публицист, ағартушы-педагог, жалынды көсемсөз шебері. ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. Қостанай облысы Қызбел ауылында дүниеге келген. Қазақтың тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамал» (1910) және «Азамат» (1913), «Терме» (1915) кітаптарының авторы.

 

М.Жәлел көшесі

М.Жәлел көшесі Мұзтау көшесінен басталып, Ақан сері көшесінде аяқталады. С.Мұхамеджанов, Ш.Бейсекова, А.Байтұрсынов көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 935,0 м.  

Мұса Жәлел (1906-1944) – ұлы татар ақыны.

             

М.Лермонтов көшесі

М.Лермонтов көшесі Ш.Уәлиханов көшесінен басталып, Ш.Жиенқұлова көшесінде аяқталады. Тараз, Асанқайғы көшелерімен және Күлтегін орамымен қиылысады. Ұзындығы – 826,6 м.

Михаил Юрьевич Лермонтов (1814-1841) – орыстың ұлы ақыны. Ол орыс әдебиетінде А.С.Пушкиннің ізбасары ретінде танылды. Оның лирикалық поэзияны дамытудағы еңбегі қандай зор болса, көркем прозаны дамытудағы еңбегі де соншалық зор.

Бұл көшеде «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы орналасқан.

 

М.Ломоносов көшесі

М.Ломоносов көшесі А.Иманов қысқа көшесінен басталып, С.Сейфуллин көшесінде аяқталады. А.Иманов, П.Морозов қысқа көшесі, Кенесары көшелерімен және Абай даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 1147,2 м.

Михаил Васильевич Ломоносов (1711-1765) – жаратылыстану ғылымының, орыс әдеби тілінің негізін салушы, ақын, суретші, тарихшы, энциклопедиялық білімді ғұлама ғалым.

 

М.Мақатаев көшесі

М.Мақатаев көшесі Наркескен көшесінен басталып, Космонавтар көшесінде аяқталады. Балауса көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 1749 м.

Мұқағали Мақатаев (1931-1976) – қазақтың аса көрнекті ақыны. «Аққайың әні», «Ару-ана», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Қарындастар, қош болыңдар», «Шекарада», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Алтай – Атырау», «Қашқын», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азабы» атты поэма, толғаулары мен      650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірін терең толғаған.

 

   М.Мәметова көшесі

М.Мәметова көшесі Жәнібек тархан көшесінен басталып, Кенесары көшесінде аяқталады. Ақмола, Ағыбай батыр, А.Иманов, Баянауыл, М.Дулати көшелерімен қиылысады. Ұзындығы –           818,1 м.

Мәншүк Мәметова (1922-1943) – қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры. Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген. Ерте жетім қалған. 1942 жылы майданға өзі сұранып кетеді. Невель қаласын қорғау кезінде ақырғы оғы таусылғанша жауды жер жастандырып, ерлікпен қаза табады.

 

М.Мусоргский көшесі

М.Мусоргский көшесі Бестау орамымен қиылысып, С.Әліұлы көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 370,2 м.

Модест Петрович  Мусоргский (1839-1881) – композитор, пианист. «Борис Годунов», «Сорочин жәрмеңкесі» опералары, «Көрмедегі көріністер» деген әйгілі суреттеме сюитасы, «Раек» атты музыкалық памфлеті бар.

 

М.Төлебаев көшесі

Бұрынғы атауы Қарағанды-Астана трассасы. М.Төлебаев көшесі М.Жұмабаев даңғылынан басталып, Қарағанды-Астана трассасына дейін созылып жатыр. Мақтымқұлы, Б.Момышұлы даңғылын, Арқайым, Жаңаарқа, Бурабай, Жалаңтөс, Жанкент, Балқантау, Құмкент, Айнакөл, Көкжелек, Бәйшешек, Көкарал, Шарбақты көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 4886,3 м.

Мұқан Төлебаев (1913-1960) – қазақтың көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

М.Тынышбаев көшесі

М.Тынышбаев көшесі Қарасай батыр көшесінен басталып, Ы.Алтынсарин көшесінде аяқталады. Ақбұғы, Біржан сал көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 727,6 м.

Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937) – қоғам қайраткерi, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Талдықорған облысының Қапал ауданында туған. Верный (Алматы) гимназиясын бiтiрiп, Петербургтегi қатынас жолдары инженерлерi институтын тәмамдаған. «Қазақ» газетiнде мақалалар жариялап тұрған. Алаш партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады. «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Орыс география қоғамының, Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Саяси қуғын-сүргiн құрбаны.

 

М.Шоқай көшесі

Бұрынғы атауы – Перспективный көшесі. «Промышленный» тұрғын алабы. Мұстафа Шоқай көшесі Көкжелек көшесінен басталады. Ұзындығы – 1108,8 м.

Мұстафа Шоқай (1886-1941) – отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі. Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Алғашқы қоғамдық жұмысы – оның 1914 жылы Ә.Бөкейханның ұсынысымен                              ІV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Өмірінің соңында, тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. 1941 жылы Берлинде құпияға толы жағдайда қайтыс болады. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.

 

М.Шолохов көшесі

М.Шолохов көшесі Ырыс орамынан басталып, Жолымбет көшесінде аяқталады. Балтакөл орамы мен И. Дунаевский көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 972  м.         

Михаил Александрович Шолохов (1905-1984) – жазушы, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым Академиясының академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Нобель сыйлығының лауреаты.

Майқайың көшесі

Бұрынғы атауы – №62 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Майқайың көшесі Дауылпаз көшесінен басталып, Манас даңғылында аяқталады. Арқат орамы мен Балталы көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 406,5 м.

Майқайың – Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы кент, округ орталығы.

 

Майтөбе көшесі

Бұрынғы атауы – Воронежский  көшесі. Майтөбе көшесі Ағадыр көшесінен басталып, Сарықұм көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 666,5 м.

Майтөбе – айналасы дуалмен қоршалған бекіністі мекен, дуалдың құлаған орны қазір төбе болып жатыр. Кейбір деректер мен төбе үстінен теріп алынған ыдыс-аяқтар сынықтарына қарағанда, Майтөбе тұрғындары ХІ-ХV ғасырларда өмір сүрген. Қазір осы аттас Жамбыл облысы, Талас ауданында ауыл бар.

 

Мақат көшесі

Бұрынғы атауы  1-Карьерный көшесі. Мақат көшесі Бестөбе көшесінен басталып, Шет көшесінде аяқталады. А.Чехов көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 472,3 м.

Мақат – Атырау облысы, Мақат ауданының орталығы, кент.

 

Мақтымқұлы көшесі

Бұрынғы атауы Строительный көшесі. Мақтымқұлы көшесі І.Жансүгірұлы көшесі мен Абылай хан даңғылын қиып өтіп, М.Төлебаев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 4335,2 м.

Мақтымқұлы – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген түрікменнің классик ақыны.

 

Маржансу көшесі

Бұрынғы атауы – Встреча көшесі. Маржансу көшесі Мирный көшесінен басталып, Арай көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 227 м.

Маржансу – «маржандай таза, мөлдір су» деген мағынаны білдіреді.

 

Марқакөл көшесі

Бұрынғы атауы  №53 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Марқакөл көшесі Қарасаз көшесінен басталып, Балқантау көшесінде аяқталады. Кеңгір, Таскескен, Арғанаты көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 435 м.

Марқакөл – Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданындағы көл. Мұнда Марқакөл қорығы орналасқан.

 

Масаты көшесі

Бұрынғы атауы –  №112 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Масаты көшесі М.Төлебаев көшесінен басталып, Қордай көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1380,2 м.

Масаты – қымбат бағалы, жұмсақ түкті барқыт, жібек мата.

 

Маятас көшесі

Бұрынғы атауы  №24 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Маятас көшесі Ұлытау көшесінен басталып, Шаңтөбе көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 309,7 м.

Маятас – мезолит дәуірінен сақталған тұрақ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Темір стансасынан оңтүстік-шығысқа қарай     7 шақырым жерде орналасқан.

 

Мәриям Жагорқызы көшесі

Бұрынғы атауы – №74 көше. «Комсомольский» тұрғын алабы. М.Жагорқызы көшесі Тұран даңғылынан басталып, Қарашаш ана көшесінде аяқталады. Айғаным көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 729,2 м.

Мәриям Жагорқызы (1887-1959) – (шын аты-жөні Рыкина Мария Егоровна) халық өнерпазы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Халық арасында кең тараған «Дударай» әнінің авторы. Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дүниеге келген.

 

Мәскеу көшесі

Бұрынғы атауы – Московский көшесі. Мәскеу көшесі Бөгенбай батыр даңғылынан басталып, М.Әуезов көшесінде аяқталады. Сарыбұлақ, Берел, Бекетай, Б.Хмельницкий, Ә.Ділманов, Г.Потанин, Жеңіс даңғылын, Желтоқсан, Бейбітшілік көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 2281,2 м.

Мәскеу – Ресей федерациясының астанасы.

Бұл көшеде «Қазақстан» телерадиокорпорациясы орналасқан.

 

Медеу көшесі

Бұрынғы атауы – А.Островский көшесі. Медеу көшесі Ш.Бөкеев, Аспара, Т.Шевченко, Оқжетпес көшелерін қиып өтіп,  Д.Карбышев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 2664,2 м.

Медеу – жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, Алматы шатқалында теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте орналасқан.

 

Мереке көшесі

Бұрынғы атауы – Мир көшесі. «Интернациональный» тұрғын алабы. Мереке көшесі Құрылысшылар, Көлсай, Армандастар, Өркениет, Нұрлыжол көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 979,7 м.

Мереке – көп қырлы қоғамдық құбылыс. Ол дамыған мәдениеттiң бiр көрiнiсi. Мерекелi күндер халықаралық, дүниежүзiлiк ынтымақты, достық пен бауырластықты, айырықша тарихи жағдайлар мен белгiлi бiр мамандық ерекшелiгiн салтанатпен атап өтетiн күндер. Қазiр тәуелсiз мемлекетiмiздiң өз мерекелерi бар.

             

Меркі көшесі

Бұрынғы атауы Мереке көшесі. Меркі көшесі Космонавтар көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 584,6 м.

Меркі – Шу алабындағы өзен. Мерке ауданы жерімен ағып өтеді. Ұзындығы – 100 шақырым. Өзен Қырғыз Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздықтардан басталып, Шимен ауылы тұсында Қорағаты өзеніне  құяды. Сонымен қатар, Меркі – көне қала атауы және Тараз облысындағы аудан орталығы.

             

Мирный көшесі

Мирный көшесі Ә.Марғұлан, Тобылғысай, Толағай, Маржансу көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 457 м.

Мирный – «бейбіт, тыныштық» деген мағынаны білдіреді. Осы аттас елді мекендер де кездеседі.

 

Мойылды көшесі

Бұрынғы атауы  №14 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Мойылды көшесі Ақмола көшесінен басталып, Наурыз көшесінде аяқталады. Ақтөбе көшесімен қиылысады.  Ұзындығы – 514,4 м.

Мойылды – Шалқар алабындағы өзен. Ақмола, Қостанай облыстарының Амангелді, Жарқайың аудандарының жерімен ағады.

           

Мойынты көшесі

Бұрынғы атауы №30 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Мойынты көшесі Жанкент көшесінен басталып, Сұлутөбе көшесінде аяқталады. Обаған, Талғар көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 821,5 м.

Мойынты – ірі теміржол стансасы, Солтүстік Балқаш алабындағы өзен.

             

Моншақты көшесі

Бұрынғы атауы  №9 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Моншақты көшесі Ұлытау көшесінен басталып, Ақтөбе көшесінде аяқталады. Тарбағатай көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 381,2 м.

Моншақты – Қарағанды облысы, Шет ауданындағы тау аты.

 

Мостопоезд-463 көшесі

Мостопоезд-463 көшесі Сарыарқа ауданында орналасқан. Ұзындығы – 40,3  м.

Мостопоезд – көпірлер мен өткелдер салатын және оларды жөндейтін арнайы поезд.

 

Мұғалжар көшесі

Бұрынғы атауы –  К.Маркс көшесі. «Тельман» тұрғын алабы. Мұғалжар көшесі Қоңырөлең көшесінен басталады. Ұзындығы – 1232,5 м.

Мұғалжар – Қазақстанның батыс, солтүстік-батысындағы аласа тау.

 

Мұзтау көшесі

Бұрынғы атауы Овражный көшесі. Мұзтау көшесі С.Мұхамеджанов көшесінен басталып, Фахд бен Абдулл Азиз көшесінде аяқталады. Абат-Байтақ, Оқжетпес, М.Жәлел, Шақпақ көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1207,3 м.

Мұзтау – Жетісу Алатауының оңтүстігіндегі жоталар тобының ең биік сілемі.

             

Мұнайшылар көшесі

Бұрынғы атауы – Нефтяниктер көшесі. Мұнайшылар көшесі Ақжол, Н.Гоголь көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1752,5 м.

Мұнайшылар – жер асты байлығы «қара алтынды» өндіріп, өңдеу саласында жұмыс істейтін адамдар. Қазіргі кезде еліміздегі мұнай қорының молдығына байланысты бұл салада еңбек ететін мұнайшылар саны да артып келеді. Сондай-ақ Маңғыстау облысы, Қарақия ауданындағы кент атауы.

             

Мыңарал көшесі

Бұрынғы атауы – Одинцовтар көшесі. Мыңарал көшесі І.Есенберлин көшесінен басталып, Оқжетпес көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 851,1 м.

Мыңарал – Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы ауыл, кенттік округ орталығы.

 

Мыңжылқы көшесі

Бұрынғы атауы №13 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Мыңжылқы көшесі Арқалық көшесінен басталып, Ақмола көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 153 м.

Мыңжылқы – Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігіндегі тау басы.

 

Н.Гоголь көшесі

Н.Гоголь көшесі Игілік көшесінен басталып, Ақсай көшесінде аяқталады. Құрманғазы, Жаңажол көшелерін және Көктомар орамын қиып өтеді. Ұзындығы – 985,7 м.

Николай Васильевич Гоголь (1809-1852) – орыс жазушысы. В.Алов деген бүркеншік атпен «Ранц Кюхельгертен» идиллиясын жариялайды. Гоголь есімін көпшілікке танытқан «Диканька маңындағы хутор кештері», «Арабески», «Тарас Бульба» туындылары болды. Н.Гоголь шығармашылығының түйіні 1835 жылы жазыла бастаған «Өлі жандар» поэмасы.

             

Н.Ирченко көшесі

Н.Ирченко көшесі Западный көшесінен басталып, Желтоқсан көшесінде аяқталады. Сарыарқа даңғылын және И.Репин, М.Горький көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1053,3 м.

Никифор Михайлович Ирченко (1886-1919) – Атбасар уезіндегі Маринск  көтерілісі басшыларының бірі.

             

Н.Митченко көшесі

Н.Митченко көшесі Р.Қошқарбаев көшесінен басталып, Қарашаш көшесінде аяқталады. Ә.Ермеков көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 504,3 м.

Никита Андреевич Митченко (1913-1941) – Ұлы Отан соғысының батыры, қатардағы жауынгер, 28 панфиловшылар дивизиясы батырларының бірі.

           

Н.Некрасов көшесі

Н.Некрасов Шығанақ көшесінен басталып, Кенесары көшесінде аяқталады. Н.Ирченко, Ә.Жанбосынов көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 552,3 м.

Николай Александрович Некрасов (1821-1878) – орыстың белгілі ақыны.

           

            Николай Алексеевич Некрасов (1821-1878) – известный русский поэт.

 

Н.Оңдасынов көшесі.

Бұрынғы атауы – Изумрудный көшесі. Н.Оңдасынов көшесі Құлынды көшесінен басталып, Қарашаш көшесінде аяқталады. Толағай, Р.Қошқарбаев, Ә.Ермеков көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1095,3 м.

Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов (1904-1989) – мемлекет және қоғам қайраткері, тілші-ғалым. Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігінің» авторы.

           

Н.Павлов көшесі

Н.Павлов көшесі Шара Жиенқұлова көшесінен басталып, М.Лермонтов, Алаш тасжолы, И.Панфилов көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 432 м.

Николай Васильевич Павлов (1893-1971) – ботаник, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі.

           

Н.Төреқұлұлы көшесі

Бұрынғы атауы – Вокзальный көшесі. Н.Төреқұлұлы көшесі Ж.Жабаев көшесінен басталады. Ұзындығы – 933,6 м.

Нәзір Төреқұлұлы (1892-1937) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі тарихи тұлғалардың бірі, Алаш қозғалысының қайраткері. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқыларының қатарында Түркістан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Ташкенттегі тұңғыш жоғары оқу орнын ашуда басты тұлғалардың бірі болды. 1922-1926 жылдары Мәскеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласқан. 1928 жылы небәрі 36 жасында Һижаз Неж (Сауд Аравиясы), әрі қосылған аймақтардағы КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Араға екі жыл салып КСРО-ның тұңғыш қазақ елшісі атанды.

             

Н.Хлудов көшесі

Бұрынғы атауы – Ф.Моос көшесі. Н.Хлудов көшесі Космонавтар, Балауса көшелерімен қиылысып, Наркескен көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 649,4 м.

Николай Гаврилович Хлудов (1850-1935) – белгілі кескіндемеші, суретші. Қазақстанға 1877 жылы келген. Түркістандағы археология үйірмесінің белді мүшесі болған. Николай Хлудов «Дауылда қалғандар», «Тайынша мінген бала», «Бие сауу», «Жасауыл» атты қазақ халқының өмірі мен тұрмысын бейнелейтін суреттердің авторы.

 

Н.Щорс көшесі

Н.Щорс көшесі С.Кубрин, Жамбыл, Боталы, Тәттімбет көшелерімен қиылысып, Бөгенбай батыр даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 1492,1 м.

Николай Александрович Щорс (1895-1919) – әскери қайраткер, Азамат соғысының батыры (1918-1920).

 

Нагорный көшесі

Нагорный көшесі Дулыға көшесінен басталады. Ұзындығы – 574,4 м.

Нагорный қорымы – б.з.д. V-ІV ғасырлардан сақталған ғұрыптық жерлеу орындары. Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Нагорное ауылының оңтүстігінде 9-10 шақырым жерде орналасқан. 

 

Найзақара көшесі

Бұрынғы атауы – Совхозный көшесі. Найзақара көшесі Мәскеу көшесінен басталып, Қарауыл көшесінде аяқталады. Керегетас, Ә.Молдағұлова көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 601,2 м.

Найзақара – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы тау мен Алатаудың бір биігі «Найзақара» деп аталады.

 

Наркескен көшесі

Бұрынғы атауы – Майский көшесі. Наркескен көшесі М.Мақатаев көшесінен басталып, Космонавтар көшесінде аяқталады. Н.Хлудов, Құлынды көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 541,5 м.

Наркескен – қылыштың бір түрі. Асыл металдан екі жүзді етіп жасалады. Сабын сүйектен немесе мүйізден әзірлеп, алтынмен немесе күміспен әшекейлейді, асыл тастар орнатады.

           

Нарын көшесі

Бұрынғы атауы Коммунистический көшесі. Нарын көшесі Алмалық көшесінен басталып, Ардагер көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 613,2 м.

Нарын – Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы тау, қыр, су, құм аттары.

 

Наурыз көшесі

Наурыз көшесі Ұлытау көшесінен басталып, Ақсуат, Зайсан, Сарыөзен, Мойылды, Құсмұрын, Ордабасы, Тарбағатай көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1322,2 м.

Наурыз – көне мейрам. «Нау» (жаңа) және «руз» (күн) – жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаны білдіреді. Халық күнтiзбесi бойынша Жаңа жыл көктемгi күн мен түн теңелуi – тоғыс күнi басталады, яғни наурыздың 20-21-iне дәл келедi.

           

Новостроительный көшесі

Новостроительный көшесі Космонавтар көшесінен басталып, Наркескен көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 400 м. Балауса, Жекебатыр көшелерімен қиылысады.

Новостроительный – «жаңа құрылыс» деген мағынаны білдіреді. Республикамызда осы аттас елді мекендер кездеседі.

 

Ноғайлы көшесі

Бұрынғы атауы – Зеленый берег көшесі. Ноғайлы көшесі Дулыға көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 261,4 м.

Ноғайлы – Алтын Орда ыдырағаннан кейін құрылған Ноғай Ордасының негізін қалаған түркі-моңғол тайпаларының ортақ атауы. ХV-ХVІ ғасырлардың аяғында Ноғайлы жұрты көрші елдерге де осы атпен мәлім болған. ХVІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ноғайлы бірнеше ұлысқа бөлініп кеткен. Ноғайлы мәдениетінің ең негізгі мұрагерлерінің бірі – қазақ халқы болып табылады.

 

Нұрлыжол көшесі

Бұрынғы атауы Школьный көшесі. Нұрлыжол көшесі Армандастар көшесінен басталып, Ұлан орамы, Өркениет, Аралқұм, Қаражал, Көксай көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1700,6 м.

Нұрлыжол – «келешегі жарқын, ашық, жарық» деген мағынаны білдіреді. Нұрланып, нұр шашып тұрған жақсылыққа бастайтын жол. Сондай-ақ, ақ жол, сәт сапар тілеу мағынасында да қолданылады. Елімізде осы аттас елді мекендер де бар.

 

Обаған көшесі

Бұрынғы атауы №39 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Обаған көшесі Қарасаз көшесінен басталып, М.Төлебаев көшесінде аяқталады. Кеңгір, Таскескен, Арғанаты, Балқантау, Жанкент, Ақсу-Аюлы, Зеренді, Ошақты, Сырымбет, Бағаналы, М.Жұмабаев даңғылын, Сарқан, Бөрілі, Баянтау, Мойынты, Түлкібас, Қордай, Қоңыраулы, Бесшалқар көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3005,8 м.

Обаған – Тобыл алабындағы өзен. Қостанай облысының Әулиекөл, Қарасу, Алтынсарин, Ұзынкөл аудандарының жерімен ағады.

           

Ойжайлау көшесі

Бұрынғы атауы Е.Пугачев көшесі. Ойжайлау көшесі Жерұйық көшесінен басталып, Әулие ата көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 354 м.

Ойжайлау – Жетісудың таулы жерінде, Еңбекшіқазақ ауданының Асы жайлауының бергі жағында, Жоңғар Алатауының Лепсі өзені жағасында орналасқан көк майсалы, көкорай шалғынды көрікті жайлау және Қорғас өзенінің төменірек тұсынан қосылатын кішкене өзен.

             

Ойыл көшесі

Бұрынғы атауы – Квартальный көшесі. Ойыл көшесі Арқарлы көшесінен басталып, Байқадам, Балықты, Жасыл, Көкбастау көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1240 м.

Ойыл – Жайық алабындағы өзен және Ақтөбе облысындағы аудан, елді мекен атауы.

             

Октябрьдің 70 жылдығы көшесі

Октябрьдің 70 жылдығы көшесі «Заречное» тұрғын алабында орналасқан. Ұзындығы – 503,7 м.

Октябрьдің 70 жылдығы – 1917 жылы 25 қазанда (7 қараша) Ресейдің Петроград қаласында болған Қазан төңкерісіне 1987 жылы  70 жыл толуына байланысты қойылған.

 

Оқжетпес көшесі

Бұрынғы атаулары – Бесағаш, К.Станиславский, Оқжетпес көшелері. Оқжетпес көшесі Тамшалы, Т.Жароков, Әулие ата, Ш.Бөкеев, Медеу, Орда, А.Чехов, Жалын, Ақан сері, А.Байтұрсынов, Ш.Бейсекова, С.Мұхамеджанов, Мұзтау көшелерін қиып өтіп, А.Затаевич көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 3221,1 м.

Оқжетпес – Көкшетау облысындағы Бурабай көлінің солтүстік жағалауындағы конус пішіндес биік жартас. Көкшетаудағы Көкшенің орманды беткейі алдында оқшау орналасқан. Оқжетпес маңы қазір халық тынығатын, туристік саяхат жасайтын өңірге айналған.

             

Орал көшесі

Бұрынғы атауы Садовый көшесі. Орал көшесі «Заречное» тұрғын алабында орналасқан. Ұзындығы – 252,7 м.

Орал – Батыс Қазақстан облысының орталығы, ірі теміржол стансасы, Жайық бойындағы өзен порты, әуе жолдарының торабы. Қала – Жайық өзенінің жағасында, Шағанның Жайыққа құяр тұсында орналасқан.

             

Орбұлақ көшесі

Бұрынғы атауы Ақмешіт көшесі. Орбұлақ көшесі «Железнодорожный» тұрғын алабында орналасқан.  Ұзындығы – 437,5 м.

Орбұлақ – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс          1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қоңтайшы арасында өтті. Ұрыс болған жердің атауы «Орбұлақ шайқасы» деп аталып, гранит тастан белгі қойылды.

 

Орда көшесі

Бұрынғы атауы А.Нахимов көшесі. Орда көшесі Аспара көшесінен басталып, Д.Карбышев көшесінде аяқталады. Оқжетпес көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 574,5 м.

Орда – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданындағы ауыл, округ орталығы. Нарын құмының құмды-төбелі келген өңірінде орналасқан.

             

Ордабасы көшесі

Бұрынғы атауы №38 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Ордабасы көшесі Наурыз көшесінен басталып, Ұлытау көшесінде аяқталады. Шаңтөбе көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 218,5 м.

Ордабасы – Ордабасы құрылтайы, 1726 жылы қазақтың үш жүз өкілдерінің Ордабасы тауындағы тарихи бас қосуы. Қазіргі кезде осы тарихи жиынның белгісі ретінде Ордабасы төбесіне қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін көп еңбек сіңірген атақты үш биге ескерткіш орнатылған. Оңтүстiк Қазақстан облысының оңтүстігінде орналасқан аудан аты. Орталығы – Темірлан ауылы.

           

Орхон көшесі

Бұрынғы атауы – №125 көше. Орхон көшесі Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабында (оң жақ) орналасқан. Ұзындығы – 1310,8 м.

Орхон – Орхон, Селенгі өзендері бойынан табылған,                   VІІ-VІІІ ғасырларға жататын көне түркі сына жазбалары. Жазба ескерткіштерде Білге, Күлтегін, Тоныкөк батырлардың ерлігі дәріптеледі. Орхон жазуларының ізі қазақтың ру-таңбаларында қазірге дейін сақталған.

           

Орынбор көшесі

Бұрынғы атауы – №35 көше (Жаңа әкімшілік орталық). Орынбор көшесі Тәуелсіздік, Достық, Сығанақ көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 9444 м.

Орынбор – Ресей Федерациясындағы қала, облыс орталығы.    1735 жылы бекініс қамал ретінде қаланып, аты Ор өзенінің атына байланысты қойылған. Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Орынборда 1917 жылы Алаш партиясы, Алашорда үкіметін құрған екі жалпықазақ сиездері (шілде, желтоқсан) өткен. 1920-1925 жылдары Қазақстанның астанасы болған.

           

Отырар көшесі

Отырар көшесі Республика даңғылынан басталып, Абай даңғылында аяқталады. С.Торайғыров, М.Ғабдуллин, Ш.Иманбаева, Ш.Уәлиханов, Тараз, Асанқайғы көшелерін қиып өтеді.  Ұзындығы – 1861,7 м.

Отырар – VIII ғасыр басынан «Тарбанд» деген атаумен белгілі.   V-XV ғасырларда Отырар Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Орталық Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолия мен Қытайға қатынайтын маңызды қала болған.

             

Ошақты көшесі

Бұрынғы атауы – №47 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Ошақты көшесі Талғар көшесінен басталып, Обаған көшесін қиып өтіп, Жанкент көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 615,2 м.

Ошақты – жер атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамында ошақ қасиетті де, қастерлі дүние болып саналады. «Ошағы құлап, оты сөну» бір шаңырақтың тыныс тіршілігі тоқтағандығын, «түтін түтетіп, ошақ құру» жаңа, жас отаудың дүниеге келгендігін білдірген. 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  ..