Біз сөз еткелі отырған бабамыз күрделі тағдыр иесі

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 3

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  70  71  72  73  74  75  76  77  78  79  80  ..

 

 

Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы...

Біз сөз еткелі отырған бабамыз күрделі тағдыр иесі. Оны өзімізден бұрын өзгелер танып, баға берген. Оған америкалық ғалым М.Б.Олкоттың “аса мықты тұлға, ресейлік зерттеушілер А.И.Левшин, А.Добромысловтың “атақты адам” деп сипаттауы анық дәлел. Ал Шернияз ақын болса Баймағамбет сұлтанға берген жауабында:

Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы
Жайлаған арғын, найман, Өтенсазы...
Байеке, танымасаң, танытайын
Мен едім Исатайдың Шерниязы, – дейді.

Сонымен, Арынғазы кім? Ол қандай істерімен тарихта қалды? Оның өмірінен алынар тағылым неде?
Арынғазының замандастары – 1820 жылғы Бұхараға барған А.Ф.Негри басқарған орыс елшілігі құрамында болған капитан Е.К.Мейендорф: “Сұлтанның бет-әлпеті әдемі, үлкен, сұлу, қара көзді, сырт-пішіні келбетті және салиқалы көрінеді. Бізге ол кең түрде пайымдай білетін адам ретінде әсер қалдырды”, деп келтіреді. 1820 жылы 21 қарашада Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.Ф.Тимковскийге жазған тағы бір хатында жоғарыдағы жолдардың иесі: “Ол (Арынғазы – Ә.М., Ұ.Т.) қатал шешім қабылдай алатын, жігерлі, менің байқауымша, мінезі мазаң сияқты. Себебі, біздің әкімшілікті өзінің сан қырлы қиялымен жалықтырған. Мен оның қаталдығы мен әділдігі жөнінде айтқанмын. Ал оның адалдығына келсек, мен оған сенбес едім. Себебі, менің ойымша, ол әрқашан да тек өз пайдасы үшін қимылдайды”, – дейді. Ал Сыртқы істер министрлігінің аудармашысы Я.О.Ярцев 1821 жылы 24 қарашада Азия департаменті директоры К.К.Родофиникинге: “Арынғазы 35 жас шамасында. Оның сыртқы пішіні: ұзын бойлы, сымбатты. Кең жауырынды, жүрісі паң, сұлу жүзді, қалың қара, шағын сақалды, ойнақшыған қара көзді, іс-әрекеті жинақы. Ол — қызуқанды. Ашуланған кезде жүзі күреңітіп, көзі қанға толып, қолы дірілдейді. Ал қуанышын жасыра алмайды. Оның рухының ұлылығы мен ширақтығы қазіргі жағдайда — өнегелі. Ол ешуақытта өзгенің көзінше өзінің жабыққанын, мұңайғанын сездірмейді. Сонымен қатар, іс-әрекеттерінде және барлық жағдайда да қауіптенгенін, қорыққанын сездіртпей, айналасындағыларға жау-жүректілігімен, қатаңдығымен үлгі көрсете алады. Ол шығыс үлгісінде білім алған. Оның білімі арабша оқудан әрі аспайды. Дегенмен, оның ақылы кең, ойлау қабілеті жоғары. Оның сөзі жағымды, сенімді және әрқашан да паңдана сөйлейді. Ол қашан да қайырымды, қолы ашық және әрдайым кім-кімге де көмектесуге даяр тұрады”, дейді Арынғазыға Л.Мейердің де берген бағасы қызық! Ол: “Сұлтандар арасынан шыққан қазақтың жалғыз, адал патриоты”, деп өз ойын ашық айтқан.
Арынғазы Сыр бойы қазақтарын билеген Әбілғазы сұлтанның шаңырағында 1786 жылы дүниеге келді. Ата шежіресіне тоқталар болсақ, Жәнібек ханның Жәдік сұлтаннан тарайтынын атап өтсек жеткілікті. Оның арғы аталары — тұтастай қазақ­ты билеген Шығай, Есім, Қайып хандар. Бергі аталары — кіші жүздің оңтүстігінде өзіндік орны бар Батыр Қайыпұлы, Хиуаны билеген Қайып хан. Оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың соңғы жылдарына, кіші жүз қазақтарының ұзақ жылдар бойы күресінің нәтижесінде Жайық-Еділ аралығының қазақтарға қайтарылуы тұсында, оңтүстікте Хиуа хандары­ның Батыс Қазақстан өңіріне қайта-қайта басқыншылық әрекеттері күшейген кезеңде басталды.
Мұрағатқа арқа сүйесек, Арынғазы сұлтан есімі 1811 жылы Бөкей сұлтанды хан тағына отырғызушылар қатарында аталып, жазба деректе алғаш рет кездеседі. Патша үкіметі Әбілқайыр мен Батыр хандардан тарайтын ұрпақтарды өзара қарама-қарсы қойғанымен, ХІХ ғасырдың басында олардың қазаққа ортақ мәселеде бірлесе қимылдағаны анық байқалады. Арынғазының әкесі Әбілғазы хан да ата дәстүрі бойынша Бөкей ханмен үнемі байланыста болды. Міне, осы кезеңде Арынғазы көршілес түркімен ханы Нұралы ұлы Пірәлінің қызы Жақсыға үйленген-ді. Кейін Жақсы ханымның беделі өзімізге белгілі Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай ханымнан, Нұралы ханның қызы Тойқарадан, Кенесары ханның қарындасы Бопайдан кем емес деңгейде болды. Жалпы, қай кезеңде де кіші жүзді билеген Әбілқайыр, Батыр ұрпақтары өз жерлерінің тұтастығын сақтауға бар күшін салды. Оған елдің оңтүстігіндегі Хиуа хандығымен, түркімендермен болған түрлі қарым-қатынастар дәлел бола алады.
Жоғарыда айтқанымыздай, ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде Хиуа ханы Мұхаммед Рахимнің қазақтарға қарсы ашық жаулаушылық әрекеті сипат алды. Орыс тыңшыларының мағлұматына сенсек, Хиуа ханында 35 мыңға дейін атты әскер болса, оның 5 мыңы мылтықпен қаруланған екен. Тұрақты әскерді қалыптастырған Мұхаммед Рахим оларға тұрақты жалақы беруді де ұйымдастырған. 1812 жылы қаңтар айында Хиуа ханы өзбек, түркімен, қарақалпақтарды қосып, Сыр бойы қазақтарына шабуылдап, 100 мың қой, 40 мың түйе, онысымен қоймай, 500 қыз-келіншекті еліне айдап кетті. Мұндай жойқын шабуыл 1815 жылдың қысында тағы да қайталанды. Осы жорықта Мұхаммед Рахим Әбілғазы билеген шекті руын бағындыруды көздеді. 5 мың мұздай қаруланған хиуалықтар шабуылынан Әбіл­ғазы хан, шекті Жаназар бастаған ел Сырдарияның арғы бетіне өтуге мәжбүр болды. Көп ұзамай Әбілғазы хан дүние салды. Қалыптасқан ішкі және сыртқы жағдайды қатаң ескерген шекті рубасылары Арынғазы сұлтанға сенім білдіріп, 1815 жылы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында, Жанкент қаласы маңында оны өздеріне хан көтерді.
Арынғазы сұлтанның хан сайлануы ХІХ ғасыр басындағы қазақ даласы үшін үлкен тарихи бетбұрыстың бастамасы болды. Өйткені, ХVІІІ ғасырда қазақтың ішкі мәсе­лелеріне араласуды батыл қолға алған орыс саясаткерлері Әбілқайыр, Батыр ұрпақтары арасында белгілі дәрежеде талас-тартысты қыздырып, қазақ сұлтандарын үнемі бір-біріне айдап салып отыратын. Патша үкіметімен байланысқа шыққан қазақ сұлтандарының Орынбор губернаторымен жазысқан хаттарында оның алғашқы белгілері байқалып та қалып жатты. Осыны ескерген Арынғазы Әбілқайыр хан ұрпақтары – Нұралы, Ерәлі, Пірәлі хандармен, өз бауырлары — кіші жүздегі Қарабай, Шерғазы сұлтандармен, орта жүздегі Батыр хан ұрпақтары — Жантөре Жиһангерұлы, Жұма Құдаймеңдіұлы, Баба Қайыпұлдарымен, Сырым батыр ұрпақтарымен, Бұхарадағы мұсылман діни өкілдерімен келісімге келіп, елді біріктіру жұмысын бастап кетті. Сөйтіп, ол ХІХ ғасыр басында мұндағы рулар арасындағы тартысты өзінің батылдығымен тоқтата білді. Бұл бағытта хан әдет-ғұрып және шариғат заңдарына сүйеніп, араздықты тудырушы кінәлілерді көпшілік алдында өлім жазасына кесуге дейін барды. Ел аузында сол уақытта Жайық бойындағы кіші жүзден Арынғазы деген хан шығыпты, өзі қара қылды қақ жарған әділ екен дейді деген әңгімелер тарады. Оны естіген орта жүздің Торғай еліндегі арғын рулары да әділдік іздеп келіп тұрған. Арынғазы жанынан арғын руы билеушілері – Жұма Құдаймеңдіұлы, Мұса батыр, қыпшақ руынан – Құсырау сұлтан табыла білді.
Тарихшы Е.Бекмаханов өзінің еңбектерінде Кенесарының сот-құқықтық реформасы­ның негізі Арынғазы тәжірибесінен алынғандығын атап өтеді. Ғалым одан әрі сұлтанның осы саладағы жаңашылдығы туралы “оның реформаторлық қызметі Тәуке ханға қарағанда, басқаша сипатталатын. Соған қарамастан, Арынғазының сот ісін құру қызметі хан билігін нығайтуға арналған еді. Оның біріктіруші саясаты феодалдық негізде құрылды. Арынғазы ру-шонжарлар билерінің сот құқығын шектеді. Рулар арасындағы дау-жанжал ол тағайындаған қазылар арқылы шешілетін болды. Арынғазының заң шығарушылық қызметіндегі бір жаңалық – ол сот ісін қазақтардың әдеттегі құқығы бойынша емес, шарият дәстүрі бойынша жүргізу, бұл сөзсіз түрде оң қадам және қазақтардың құқықтық қатынастардың дамуындағы белгілі бір кезең болды”, – деп көрсетеді.
1816 жылғы 20-25 мамырда Ор өзенінің маңында кіші, орта жүз қазақтарының Арынғазы ұйымдастырған Халық кеңесі өтті. Оған атақты Көтібар би, Арыстан батыр, бастаған кіші жүздің көптеген сұлтандары мен рубасылары және орта жүзден 7 мыңға жуық адам қатысқан. Кездесу қорытындысында хан орта жүз рулары мен жаппас, жағалбайлы руларының арасындағы тартыс мәселелерін әдеттілікпен шешкен. Мұны естіген патша үкіметі өздері тағайындаған кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлының беделіне күмән келтіре бастады. Орынбор губернаторы Г.С.Волконский Арынғазымен қарым-қатынас орнатуға кірісті. Ханның ел ішіндегі біріктіру саясаты мен орыс үкіметінің оған деген қызығушылығының артуы тағы да Хиуадағы Мұхаммед Рахимнің қазақтарға қарсы шабуылына әкелді. 1816 жылы қараша айында Сүйін би бастаған хиуалықтар 10 мың қолмен 11 күн бойы Жанкент қаласын, оның маңындағы 100 қазақ ауылын аяусыз тонады. Жорық кезінде қазақтар 2 мың адамынан айырылды. Оңтүстікте қалыптасқан саяси жағдайдан шығудың бірден-бір жолы кіші жүздегі Шерғазы хан, Қаратай сұлтанмен өзара бірлесу қажеттігін түсінген Арынғазы орыс әкімшілігі ұйымдастырған 1817 жылғы 29 тамыздағы Орынбор Сауда үйіндегі кездесуді қабыл алды. Қазақтар арасындағы белгілі үш тұлғаның кездесуі нәтижесінде Хиуа, Бұхара бағытындағы мәселелер шешілгендей көрінді. Бұхара жағына Арынғазы, Хиуа бағытына Қаратай жауапкершілігі келісілді. Ресей бағытын анықтаған Арынғазы Хиуамен де қатынасты реттеуге ұмтылды. 1817 жылы қараша айының аяғында ол Үргеніш қаласына Хиуа ханымен кездесуге ағасы Шерғазы Қайыпұлын жіберді. Осы сапарда тұтқындар алмасылды. Бірақ, Хиуа ханы Арынғазының кіші жүзде ғана емес, Ресей саясаткерлері алдында да зор беделге ие болып, қазақтың мемлекеттік мәселелерімен дербес шұғылдана бастауынан секем алып, қайткенде де оны өзінің құлақ-кесті құлы етуге тырысты. Сол күннен бастап Хиуа ханы Сырдария қазақтарының ханы деген атаққа өзі таңдаған сұлтандарды көтере бастады. Елшілік сапарынан соң Шерғазы Қайыпұлы да Хиуа тағайындаған Сыр бойы қазақтарының ханы болып шыға келді. 1818 жылы қазан айында Арынғазы Хиуаға тағы да өз інісі Арду сұлтан бастаған қазақ елшілігін аттандырды. Мұхам­мед Рахим еш келіспестен бірден Арду сұлтанды тұтқынға алды. Мұны естіген Арынғазы Орынбор әкімшілігінен қолдау сұрады. Көп ұзамай П.К.Эссен Хиуаға башқұрт старшыны Әбубәкіровті жіберді. Орынбор губернаторына Мұхаммед Рахимнен қайтарылған жауап хаттан оның Арынғазыны “қазақтардан шыққан қарақшы және бүлікші” деп сипаттап, “ол керуендерді тонады” және “мұсылман дініне адал адамдарды жазалады” деген кінә тағылғаны белгілі болды. Хиуа енді Арынғазының үстінен орыс әкімшілігіне арыз айтып, қайткенде де оны өзіне бас идіруді көздеді. Мұндай саясатпен Ресей саясаткерлері де әбден уланған-ды. Сөйтіп, Арынғазы үшін солтүстіктегі аю мен оңтүстіктегі ілбістің таласы басталды.
Хиуа ханына қарсы Арынғазының саясатын пайдалануды көздеген П.К.Эссен 1818 жылы кіші жүз ханы Шерғазыны Хан кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындады. Арынғазының қоғамдық-саяси өмірінде үлкен тарихи оқиғалар басталды. Бірін­шіден, патша үкіметі сонау Әбілқайыр заманынан бері Батыр хан ұрпақтарын мұндай үлкен қызметке тағайындап көрген емес еді. Екіншіден, Арынғазы кіші жүздің толықтай хандығына қолын созып, оған Орта жүздің беделді басшыларын өз саясатына жақындатуға мүмкіндік алды. Үшіншіден, үнемі Хиуа басқыншылығына ұшырап отырған Сыр бойы қазақтарын қайтадан кіші жүз хандығына қосып, күш біріктіру әрекеттері жанданды. Төртіншіден, соңғы жылдары әбден шайқала бастаған хандық басқаруды күшейтуге, өзге рубасыларын бір ортақ басшылыққа жинау ойы жүзеге аса бастады.
1819 жылы шілде айында Арынғазының ел арасындағы беделі мен басқарушылық қабілетінің қаншалықты екендігі айқындалды. Кіші жүз қазақтары, соның ішінде Әлім ұлдарынан – шекті, төртқара, шөмекей, қаракесек рулары, 12 ата Байұлынан – шеркеш, адай, беріш, байбақты, таз, тана, алаша, масқар, қызылқұрт, ысық, жап­пас рулары, Жетіру бірлестігінен – табын, тама, кете, кердері рулары, Орта жүзден — қыпшақ, арғын, Ұлы жүзден – үйсін руларының өкілдері – барлығы 380 ел игілері орыс әкімшілігіне Арынғазыны кіші жүз хандығына ұсынды. П.К.Эссен сұлтанның ата-тегін түгел тарқатып, патша үкіметіне, оның атасы Қайыптың Бұхара мен Үргенішті басқарғандығын, Қытаймен одақтасқанын, сұлтанның қазіргі бауыры Уәли ханның Орта жүзді, билейтіндігін алға тартып, қолдау қажет деп тапты.
Арынғазының мұндай күш алуына, әрине, алдымен Хиуа ханы қарсы болды. Ол Шерғазы ханды сұлтанға қарсы айдап салды. 1819 жылы қыркүйек айында Хиуа ханының Сыр бойына шабуылға дайындалып жатқандығы анықталды. Оның алдын-алу үшін Арынғазы 14 қыркүйекте Орынбор губернаторына хабарлап, әскери көмек сұрады. Губернатор “Сырдариядан әрі өтуге болмайды, оған өз келісі­мімді бере алмаймын” деп орыс әскерінің көмекке келмейтіндігін, тіпті қару-жарақ бермейтіндігін де сездірді. Мұны білген Арынғазы Бұхара ханымен келісіп, орта жүз сұлтаны Жұма Құдаймеңдіұлына, Мұса батырға, старшын Есмұрат Балтаұлына хабар салды. Нәтижесінде 1819 жылы 9 қыркүйекте кіші, орта жүз қазақтарының кеңесі өтіп, Үргенішке қарсы аттануға шешім қабылданды. Бірақ Бұхарадан келетін әскерден хабар болмады. Оның себебін зерттеуші А.Ф.Рязанов қарақалпақтардың Жаңадария өзеніндегі бөгетті ашып жіберуінен іздеді. Қазақ қолдары жауға қарсы жалғыз қалды. Осыны пайдаланған Мұхаммед Рахим 12 мың жасақпен 1820 жылы 25 ақпанда Сыр бойына тағы да соққы берді. Хиуаға 802 қыз-келіншек, 410 түйе, 7085 жылқы, 1138 ірі қара, 45675 қой әкетілді. Шайқаста Арынғазы ханның анасы, бауыры Нұрым сұлтан, оның әйелі, ұлы, 33 туған-туысқаны тұтқынға түскен. Қанды оқиғаның ең қасіретті жері – Хиуа әскеріне Арынғазының немере ағасы Шерғазы Қайыпұлының баласы Жақаш сұлтанның жол бастауы еді.
Орынбордың өзіне көмек беру мәселесін шеше алмайтындығын түсінген Арынғазы патшамен арнайы кездесуге бел буып, оның жолдарын іздестіре бастады. Орыс тыңшыларының 1820 жылғы ақпарына сенсек, кіші жүздегі 100 мың ауыл Арынғазыға, 4 мың ауыл Шерғазы ханға бағынған екен. Ел ішіндегі ең беделді деген адамдар тізімі Арынғазы сұлтан, Темір Ерәліұлы, Қаратай Нұралыұлы делініп, Арынғазының тұрақты мекені ретінде 1820 жылдың күзінде Елек өзені көрсетілген.
Сонымен, 1820 жылы шілде айында 1819 жылдың аяғында Ресейге кеткен кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлы елге оралды. Оның Уфада, Санкт-Петербургте орыс саясаткерлерімен кездесулері Хиуа бағытындағы Арынғазының іс-әрекеттерін жоққа шығарды. Арынғазы ендігі жағдайда Ресей мен Хиуа арасындағы қарым-қатынасқа кесірін тигізуші болып шыға келді. Міне, сондықтан да Ресей Сыртқы істер министрлігі өздерінің отарлау саясатының бірқалыпты жүріп, оны қазақ даласында іс-жүзіне асырушы Шерғазы ханның жоспарын қолдап, Арынғазы Санкт-Петербургке жедел түрде кездесуге шақырылды. Бұл шешім 1821 жылғы 6 мамырдағы Азия департаментіндегі мәжіліс қорытындысымен заңдастырылды. Оңтүстіктегі елінің аманатын, қазақ бірлігін арқалаған Арынғазы Ресей астанасына бару тәуекеліне бел буды. Сөйтіп, ол жанына беделді, өзіне сенімді адамдар: Мұрат Жәдігерұлын, Елжан Әбілғазыұлын, Исмайыл Даниярұлын, қожа Шүкірәлі Әлмұхамедұлын, Қаражігіт молда Бектауұлын, атақты Сырым батырдың ұлы Жүсіпті, Қазым Сарышоқайұлын, Санамас Сатұлы мен Санамас Сердәліұлын, Бармақ Бопашұлын ертіп, алдымен Орынборға келіп, сол жылғы 9 шілдеде Санкт-Петербургке аттанды. Ғалым Н.А.Халфин осы сәттегі орыс үкіметінің алдын-ала шешіп қойғанындай, “Мұхаммед Рахимнің орыс саудасының дамуына келтіріп отырған зиянына және қазақтарға деген шапқыншылық саясатына көз жұма қарап, орыс саудасының табыс көзінің кілт төмендеу себебіне кінәлі жан ізделді. Ол Арынғазы Әбілғазыұлы деп табылды” деген жолдармен анықтады.
Ресей патшасы І Александрға Арынғазы жөніндегі толық ақпаратты жеткізген Сыртқы істер министрі К.В.Нессельроде еді. Ол билеушіге 1820 жылғы Бұхара бағытындағы орыс елшілігінің басшысы А.Ф.Негри мен оның қарауындағы әскери бас штаб капитаны Е.К.Мейендорфтың кіші жүздің оңтүстігіндегі Хиуа саясатына Арынғазыны кінәлаған хаттарды берді. Азия комитеті К.Нессельроде әкімшілігі шығарған қорытынды бойынша 1822 жылы 24 ақпанда В.П.Кочубей, Г.С.Волконский, М.М.Сперанскийдің қатысуымен Арынғазыны Калуга қаласына жер аударуға шешім шығарып, алдымен оны Санкт-Петербургте ұстай тұру қажет деп шешті. Көп кешікпей ханға еріп келген елшілерден М.Жәдігерұлы, И.Даниярұлы, С.Сатұлы, Қ.Мұсылманбиұлы елге қайтарылды. Жағдайдың ауырлағанын сезген Арынғазы достарының бәрінің де отбасы ошақ қасына аман жетуіне бейіл еді. Сондықтан да ол Санкт-Петербургте қалған қандастарынан Шүкір­әліні, Қаражігітті және Бармақты қырға қайтару мәселесін көтерді.
Қаражігіт Бектауұлы бастаған бұл екінші топ елге 1922 жылғы қазан айында жетті. Көп ұзамай бүкіл қырда Арынғазыны орыс тұтқынынан босату үшін әрекеттер басталды. Елек жағалауын қазақтарға қайтару үшін күрескен табын Жоламан Тіленшіұлы да “Ресей Арынғазыны елге қайтармаса, орыс шекарасына соққы беретіндігін жеткізді”. Қазақтар Бұхара, Хиуа бағытындағы орыс керуендерін тоқтатуға көшті. Оңтүстік қазақтары мәселені реттеуге келген Шерғазы ханның елшілігін Хиуа бағытына өткізбей қойды. 1822 жылы желтоқсан айында жағалбайлы руының қазақтары Бармақ Бопашұлының бастауымен екі сөйлеген Шерғазы ханнан кек алу мақсатында оның ұлы Есқазыны өлтірді. Ал Табын, кете рулары болса Арынғазы мен Жүсіп Сырымұлын елге қайтаруды талап еткен хаттарын П.К.Эссенге жеткізді. 1822 жылы 29 желтоқсанда Бұхара көпестері К.В.Нес­сельродеге “1820-1822 жылдарда Бұхараға 4 мың түйелік тауар жібергенімізбен жетпеді, оның негізгі себебі, елде тәртіп орнататын Арынғазының жоқтығы” деп хабарлады. Өзбек саудагерлері 1823 жылғы наурыз айында осы мәселені екінші рет қайта көтерді. Ресей тарихшысы В.Г.Семенов: “орыс үкіметінің дұрыс ойланбастан жасаған қимылының салдарынан Арынғазының ұсталуы туралы хабар қазақ даласына жеткен кезде, елде тыныштық бұзылды”,– деп ашық жазды.
Асыл азаматы елге қайтаруға кіші жүздің де, орта жүздің де белді адамдары өте қатты араласты. Соған қарамастан Арынғазы, бауыры Елжан сұлтан, Жүсіп Сырым­ұлы 1823 жылғы 14 мамырда Калугаға жер аударылды. Оның өзі қатаң құпия жағдайда жүзеге асты. Өйткені 1823 жылғы 3 қыркүйектегі Жоламан Тіленшіұлының, Асау Барақұлының, Жаналы Икбайұлының, Көтібас Төлебайұлының П.К.Эссенге жазған хатында Арынғазының қазір қай жерде екендігі сұралған. Кепіл иелерін ұрлап әкетуден қорыққан П.К.Эссен ханды Санкт-Петербургте деп алдаусыратып жауап берген.
1826 жылы 8 қыркүйекте Азия департаменті Арынғазыны қырға қайтару мәселесін талқылап, сол кездегі парсы-түрік еліндегі жағдай қалыпқа келгенше, кейінге қалдыру қажет деп шешті. Бірақ оны Калугадан Мәскеуге көшіруге келіскендей болды. Өкінішке қарай, Москвада Хиуа мен Бұхара көпестерінен басқа қазақтардың да жүретіндігін ескерген Азия департаменті 1828 жылы 20 ақпанда ханды онда көшіру қауіпті деген қорытындыға келді. Департамент журналында: “Кіші жүзді басқару жөніндегі қазіргі енгізіліп жатқан шаралар (хандықты жою – Ә.М., Ұ.Т.) толық жүзеге аспайынша, Арынғазыны Калугада ұстаған тиімді. Себебі, ол мұнда келсе, жергілікті татарлар арқылы Кіші жүздегі өз жақтастарымен байланысқа шығады”,– деп жазылған. 1829 жылы 19 ақпанда Арынғазының сенімді серігі Жүсіп Сырымұлы елге қайтуға рұқсат алды. Содан бастап ханның жанында тек қана Елжан Әбілғазыұлы ғана қалды. Сол жылдары қырдағы (Нұралы ханның немересі Жақсы ханым қайтадан Арынғазы жанына баруға рұқсат сұраған-ды. Алайда, оған да нақты жауап берілмей, есіл ер елден шеттетіле берді. 1830 жылы ақпанда Орынбор губернаторы болып тағайындалған П.П.Сухтелен өлке жайымен танысқан соң-ақ: “Арынғазы сұлтанның елге жіберілуі әзірше біздің ыңғайға құрылып болмаған Ордаға кеселін тигізеді”, деген шешім шығарды. Бұл сөз сұлтанның елге қайту арманына біржолата балта шапты. Арынғазының 1831 жылы қараша айында орыс патшасы І Николайға, желтоқсан айында К.К.Родофиникинге жазған хаттарында: “Еліме қайтарыңыз, ең болмағанда, Мәскеуге көшіріңіз”, деген өтініштері тіпті назарға алынбады. Соңғы жылдарда ханның жанында Елжанмен бірге онымен 1829 жылы қосылған татар қызы Мәдина Хасанова ғана қалды. Мәдина 1833 жылғы мамыр айындағы Азия департаментіне жазған хатында Арынғазының елге деген сағыныштан ауру болғандығын хабарлады. Осы әйелдің қажырлы талпынысымен орыс әкімшілігі 1833 жылы 21 тамызда кепіл иелерін Мәскеуге көшуге бұйрық шығарды. Бірақ арада 2 күн өткеннен кейін Арынғазы дүние салды. Оны жерлеу үшін Мәскеуден арнайы молда шақырылып, 28 тамызда денесі Калуга жеріне берілді. Сөйтіп, қазақтың біртуар азаматының сүйегі империялық пиғылмен уланған саясаттың құрбаны болып, Отанынан тысқары жерде мәңгілікке қалды. 1835 жылы 25 наурызда Орынборға тағайындалған жаңа губернатор В.А.Перовскийге Жақсы ханым: “Мен 14 жыл бойына Арынғазымен кездесе алмадым. Енді егер заңға қайшы болмаса, оның сүйегін елге әкеліп жерлеп, парызымызды орындап, өзімізді ақтасақ” деп хат жолдады. Губернатор орыс заңдарында бір жерленген адамның аруағын мазаламайды деген сылтаумен оған рұқсат бермеді. Кезінде Әбілқайыр ұрпақтары да Уфада қалған Нұралы ханды қайта қазақ жеріне жерлеу мәселесін көтерген-ді. Мұның артында қай уақытта да орыс үкіметінің болашақ ұрпақты өзіне мәжбүрлеу саясаты жатқандығы бүгінде анық.
Арынғазы шет жерде қалса да, оның отбасын ұстап қалған Жақсы ханым Ұлтуған, Топық, Мәдина атты әйелдері мен ұлдары Мұхаммедқазы, Айтмұхаммед, қызы Фатимаға қорған бола білді. Орынбор шекаралық комиссиясы 1847 жылы 22 қаңтарда Калугада Арынғазыдан қалған дүние-мүлікті бөлуді ұйымдастырды. Оған өз отбасы атынан Жақсы ханым Айтмұхаммед пен Фатиманы жіберді.
“Орнында бар – оңалар” деген. Қандай заман, қандай жағдай болмасын, есіл ерден қалған тұяқтар бабасының атына кір келтірмеді. Бір ұрпағы кешегі кеңестік заманда адал еңбек етіп, оқу-ағарту саласында көзге түсті. Бүгінде сұлтанның шөпшектері ұрпақтары Ақтөбе облысында тұрады.
Қорыта келгенде, Арынғазы хан тағдыры тәуелсіздікке қол жеткізуімізбен қайтадан ортамызға оралды. Ендігі мақсат – оның тарихы арқылы ұлы бабаларымыздың даңқты жолдарын ұрпаққа үлгі ету.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  70  71  72  73  74  75  76  77  78  79  80  ..