Адамдар жиі қоятын сұрақтар

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 4

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  40  41  42  43  44  45  46  47  48  49  50  ..

 

 

 

 

Үшінші тарау

Адамдар жиі қоятын сұрақтар

 

Көңілді алаңдататын бір жайт — адамдар шынымен білуге тиісті нәрселерді сұраудан қорқады.

«Менің жігітім онымен төсектес болғым келмегендіктен, мені сүймейсің дейді.»

Бірақ бізге бір нәрсе нақты түсінікті: ол сізді сүймейді немесе сүйсе де сыйламайды. Егер ол сізді өзіне тәндік берілуге мәжбүрлейтін болса, бірақ өз мойнына ешқандай жауапкершілікті алғысы келмесе, онда оған сізбен қарым-қатынас құрғаннан гөрі ләззәт алу маңыздырақ.

«Менің жігітім маған мен де пәкпін дейді, бұл қауіпсіз болуы тиіс.»

Егер ер адам сізбен төсек қатынасына түскісі келсе, өз дегеніне жету үшін ол бәрін де айтады. Әлемде жүрегі жаралы қыздар мен біреуге алданып қалған әйелдер жетерлік. Олардың бұндай жағдайға душар болуы осы арқылы оны өзіме қаратып аламын деген ойынан не қарым-қатынасымыз үзіліп қалар деген қорқынышынан, я болмаса оның бір күні үйленеміз деген уәдесіне сеніп қалуынан. Бірақ оған үйленіп «өмір бақи бірге боламын» деген ой жігіттің санасына кіріп-шықпаған.

Мүмкін, сіз «Отбасым болса екен, мені сүйетін және аялайтын, балаларымның жақсы әкесі бола білетін күйеуім болса екен» деп армандайтын шығарсыз. Ал сіздің жігітіңіз өз мойнына ешқандай міндетті жүктегісі келмейді, оның ойы тек ләззәт алу ғана. Және ол басқа біреуді кездестіргенде немесе сіз оны зеріктірген сәтте-ақ табанын жалтыратады. Бірақ оған дейін ол сізге естуді армандайтын сондай тамаша әрі жылы сөздер айтады: «Мен сені сүйемін. Сен менің жалғызымсың. Мен бар өмірімді саған арнаймын.»

Шыныңызды айтыңызшы: тіпті ол пәк болған күнде де өмір бақи басқа қызбен жатпайды деп ойлайсыз ба? Шынымен солай ма? Ол сізден басқа ешбір жанға көзін салмайтын жігіт пе? Егер ол некеге отырмас бұрын сізбен жыныстық қатынас жасауға қаншалықты асық болса, үйленгеннен кейін де солай біреумен болуды құмартатыны айдан анық.

«Біз келесі жылы үйленбекшіміз. Біз әлі жақындаспадық. Егер шындығын айтсам, менің де, оның да бұрын жақындасқан адамдарымыз болған. Бізге үйленбес бұрын ЖҚТБ-ға тест тапсыруымыз керек пе?»

Бүгінгі таңда бұл көптеген елдерде, әсіресе, ауру жұқтырған адаммен некелік өмірге аяқ басуға орасан зор қатерін төндіріп тұрған Африкада аса маңызды сұрақ болып табылады. Көптеген адамдар дәл осы себеппен ЖҚТБ-ға тест тапсырғысы келеді. Меніңше, бұның орынды себебі бар. Бәрі де төнген қатердің қаншалықты екендігіне байланысты. Жақын арада маған қауымның бір мүшесі жолыққан еді. Ол бірнеше жыл бұрын Құдай жолына түскенге дейін героинді күре тамырына салатын болған. Сенімнің нәтижесінде өмірін өзгертіп, әдетінен арылған. Оған келесі қадам жасамас бұрын ЖҚТБ-ға анализ өткізу қажет пе?

Осы сұрақтардың бәрі сарапшы мамандардың жеке ақыл-кеңесін қажет етеді. Бұлардың бәріне ешқандай біркелкі «дұрыс» жауап жоқ. Жалпы алғанда мынадай жағдай: егер сізде немесе сіздің болашақ серігіңізде АҚТҚ-ны жұқтырып алдым-ау деген қауіп болса, онда екеуіңіздің де бір-біріңізге деген сүйіспеншілік пен қамқорлығыңыз үшін анализ тапсырғаныңыз абзал. Сүйікті адамыңыз сіздің кесіріңізден көз жұмса, одан асқан сорақылық жоқ шығар. ЖҚТБ мәселесі аса күрделі болып табылатын елдердегі қауымдар ЖҚТБ-ға тапсырылған анализдің нәтижесі туралы анықтамасыз неке қиюдан бас тартады. Егер екеуінің де анализі теріс нәтижелі болса, бұл — керемет қуанышты хабар.

Егер біреуінің анализі оң нәтижелі, ал екіншісінікі теріс нәтижелі болса, бұндай некенің ақыры қиынға соғады. Мен мұндай адамдарға некеге отыруға болмайды деп айтып жатқаным жоқ. Бұл олардың жеке бастарының шешімі, бірақ олар төніп тұрған қатердің қаншалықты ұласып тұрғанын түсінуі шарт. Әр жақындасқан сайын күйеудің мүшеқапты дұрыс пайдалануы және өздерінің бір-біріне деген көңілі мен құштарлығын көрсету үшін жыныстық қатынастан басқа жолдарды іздеуі керек. Нәрестенің дүниеге келуі болашақ анаға не әкеге қауіп төндіретіндіктен, мүмкін, оларға баланың туылуынан бас тарту керек шығар. Егер екеуі де ауру жұқтырған болып шықса, вирусты бір-біріне жұқтырғаннан өлім қаупі төнбейтіндіктен, оларға үйленбеудің ешбір себебі жоқ. Дегенмен, олардың алдында нәрестелі болсақ па, әлде болмасақ па деген таңдау бар: яғни нәресте АҚТҚ-ны жұқтырады немесе ол тым ерте, балалық шағында жетім қалады деген қауіп.

Ең жақсысы ЖҚТБ-ға анализ тапсыру жайлы ЖҚТБ орталығындағы немесе жыныстық қатынастан жұғатын ауруларды қарауға бағытталған клиникалардағы мамандармен сөйлескен дұрыс. Ауруханалардың көбінде осындай бөлімдер бар. Әдетте бұл үшін олар құпияны толықтай сақтайды және сақтауға міндетті болғандықтан, алдын ала келісудің қажеті жоқ, әйтпесе ешкім ешқашан оларға бармас еді.

АҚТҚ қаншалықты жұқпалы?

АҚТҚ — мәселен, В гепатитінің вирусына қарағанда жұғу жылдамдығы бәсеңдеу вирус. Мысалы, АҚТҚ-ны жұқтырған адамнан қан алып жатқан дәрігер байқаусыз инені өзіне тығып алды делік. Біз көптеген осыған ұқсас жағдайлардың соңы адамның АҚТҚ жұқтыруына себеп болмайтынын білеміз, қауіп 200-ден бірді құрайды. Яғни, дәрігер АҚТҚ жұқтыру үшін орта есеппен лас инені өзіне екі жүз рет кіргізіп алуы тиіс. Өйткені АҚТҚ жұқтыру үшін оның мөлшері бұдан әлдеқайда көп болады. Бірақ В гипатитінің вирусын жұқтыру үшін, орта есеппен инені бес-ақ рет кіргізіп алу жеткілікті.

Сонымен, егер медициналық егілудің қаупі 200-ден бірді құрайтын болса, сіздің қолыңызға шашырап кеткен қанның ештеңеге тұрмайтыны айқын. Қол терісінің бүтіндігі — АҚТҚ-ға қарсы жақсы кедергі. Алайда қанның көзге шашырауы қауіпті. Ал героин секілді нашаны ортақ бір инемен салу одан да қауіпті, өйткені алғашқы салған адамның қаны ауруды қалғандарына сөзсіз жұқтырады.

Әйел мен еркек арасындағы жыныстық қатынас кезінде егер олардың ауру жұқтырған біреуі сақтандырғыш қолданбаса және жалпы алғанда сау, яғни жаралардың белгісі болмаса, онда АҚТҚ жұқтыру қаупі шамамен 200-ден бірді құрайды. Бірақ екеуінің біреуінде шанкроид немесе соз (гонорея) сияқты жазылмаған жыныстық ауру болса, ауру жұқтыру қаупі он я болмаса жиырма есе жоғары болуы мүмкін. Егер адам ЖҚТБ-мен ауырса, бұл солай болады.

Сонымен, АҚТҚ-ны жұқтыру жылдамдығы көптеген адамдар ойлағандай соншалықты тез емес. Егер осы рас болса, неге ол кейбір жерлерде өте тез таралады? Бұның себебі жеке жыныстық қатынаста қауіп азырақ болғанымен, бұл жағдай миллиондаған адамдар арасында жиі қайталанатындықтан, қауіптің ұлғая түсуінде және вирустың бір адамнан екіншісіне өту мүмкіндігінің өте көптігінде.

«Мен уайымдап жүрмін, өйткені біреулер маған ЖҚТБ-ны кейбір нәрселер арқылы жұқтыруға болады дейді, ал басқалар олай емес дейді.»

Көптеген адамдар расымен абыржып жүр және көпшілігі алып-қашты сөздерден қорқады. ЖҚТБ-ны бір ыдысты қолданғаннан, сүйісуден немесе жүзу бассейніндегі судан немесе масаның шаққанынан, я болмаса, тағы басқа нәрселерден жұқтыруға бола ма? Бұл сұрақтарға жауап бермей тұрып, біз күнделікті кездесетін қауіптерді қарастырайық.

Адам әр кез автобуспен немесе машинамен жүргенде апатқа ұшырауы мүмкін, ал автобуста тұмау жұқтыруы да мүмкін. Оны ит қауып алуы, үйге кетіп бара жатқанда тонап кетуі мүмкін. Әлем негізінен қауіпті жер, дегенмен, барлық нәрсеге жөнімен қараған дұрыс, әйтпесе, уайым адамды ауруға шалдықтырады. Кейбіреулер осындай нәрселерден қорқатыны соншалық, үйден шығудан қалған. Оларға мамандардың көмегі қажет. Басқалар оларды күлкі етіп: «Болып қалуы мүмкін деген сәтсіздіктің қаупі соншалықты болмашы екендігін адамдар неге түсінбейді?» — дейді.

Бірақ ЖҚТБ-ға келгенде, тіпті өте ақылды адамдардың өздері қызық нәрселерге сенеді. Ересек адам посылканы жауынның астына есік алдына тастап кетеді, өйткені ол сол жерде тұратын адамдармен сөйлесуден қорқады. Қоғамдық орында қызмет ететін жұмысшы бір шыны шай ішуден қорқады. Қауымда адамдар қауіпсіз екеніне қарамастан, ортақ «ыдыстан» немесе «кеседен» ауру жұқтырып аламын ба деп, Нан үзу рәсіміне қатысудан қашқақтайды. Конференциядағы кейбіреулердің ғана сөз сөйлеген қонақпен қол алысуға батылы жетеді.

Бірнеше жыл бұрын мен қызмет ететін АСЕТ-тің қоғамдық жұмысы үшін командаға дереу кеңірек кеңсе іздеуге тура келді. Ұзақ уақыт ізденістен кейін біздің ойымыздан шығатын орын табылды, бірақ ол жердің иелері біз олардың дәретханаларына «ауру жұқтырамыз» деп қорқып, бізден бас тартты. Ең бір қисынсызы, егер мен сіздерге жоғарыда айтылғандардың бәрі қауіпті емес десем, маған ешкім де сенбейді. Ал егер мен бәрібір қандай да бір қауіп бар десем, онда сіздер өмірлеріңіздің қалған бөлігін уайыммен өткізулеріңіз мүмкін. Менің міндетім сіздерді қорқыту немесе жұбату емес. Мен сіздердің өз беттеріңізше қорытынды жасай алуларыңыз үшін шындықты білгендеріңізді қалаймын. Бірнеше мысалды қарастырайық:

«Мен газеттен бір эксперттің ЖҚТБ-ны тамақ арқылы жұқтыруға болады деп айтқанын оқыдым. Осы рас па, жоқ па?»

Жоқ! Әрине, теориялық тұрғыдан алғанда егер де науқас даяшы өткір пышақпен қолын кесіп алып, қолын сіздің табағыңыздың үстіне ұстап тұрып, тамағыңызға қанын әбден тамызса, содан оны сізге бергенде даяшының қаны аузыңыздың кішкентай жарасы арқылы сізге өтетіндей сіз тіліңізді тістеп алсаңыз да, ауру жұқтыру мүмкіндігі шамалы ғана. Бірақ «автобуспен жүруге болмайды, әйтпесе, апатқа ұшырайсың» деу қаншалықты ақымақтық болса, бұл да соншалықты ақымақтық.

«ЖҚТБ-ны сүйісуден жұқтыру мүмкін емес деп айтады, бірақ мен вирус сілекейде болатынын және біреудің тістеп алғаннан ауру жұқтырғанын естідім.»

Осы айтылған сөздің екеуі де рас. ЖҚТБ-ны шақыратын вирус ауру жұқтырған адамның кез келген ағза сұйықтығында болады. Ол сұйықтықта барлық уақытта емес, кейде ғана және өте аз мөлшерде болады. Егер вирус сілекейде болса, онда неге адамдар сүйіскеннен ауру жұқтырмайды?

Расын айтқанда, біз бұның шын мәнінде неге бұлай екенін білмейміз, бірақ былай деп ойлаймыз. Біріншіден, сілекейде вирусқа қарсы тұратын бір нәрселер бар секілді. Екіншіден, сілекейдегі вирустың мөлшері өте аз. Үшіншіден, егер вирус ауру адамнан сіздің аузыңызға түскен соң, қас қағым сәтте қан тамырыңызға еніп кетпесе, оның тағдыры белгілі болады. Себебі бірнеше секундтан кейін сілекей сарқырамасы вирусты шайып әкетіп, оны құртатын ащы қышқылға толы асқазанға апарады. Асқазанда вирус бірден жойылып мыңдаған бөлікке бөлінеді де, қорытылып кетеді. Егер ол түгелімен жойылмай жараланған күйі тірі қалса, бірнеше сағаттан кейін тік ішектен сыртқа шығып, унитаздан жуылып кетеді.

Тек егер сіздің аузыңызда бір жарақат, ойық жара болса, немесе тісіңіздің еті қанап жүрсе, онда ғана сіздің аузыңызға түскен вирусты жұқтырып алу мүмкіндігінің қаупі бар. Дәрігерлер белгілі болған АҚТҚ-ны жұқтырған жағдайлардың әрқайсысын да оның қалай болғанын анықтау үшін мұқият зерттеген. Менің білуімше бүкіл әлемде ЖҚТБ-ны сүйісуден жұқтыру туралы мәлімет анықталмаған.

Бірақ егер АҚТҚ бар адам біреуді тістеп алса, оған вирусты жұқтыруы мүмкін. Мен осындай екі жағдайды білемін. Біріншісінде бала өзінің інісін тістеп алған, ал екіншісінде қыз өзінің сіңлісін тістеп алған. Бұның сүйісуден қандай айырмашылығы барын түсіну оңай. Тура жылан шаққандай тістер теріден өтіп, сілекейдің біраз мөлшері жарақат арқылы ағзаға енді.

«Бұл менің жүріп жүрген жігітіммен сүйіспеуім керек дегенді білдіре ме?»

Әрине, жоқ! Дегенмен, егер шынын айтсам, мен жас әрі жалғыз басты жігіт болып, өзімнің жүріп жүрген қызымның ауру жұқтырғанын білсем, ыстық әрі ұзақ сүйісуден бас тартқан болар едім!

«Нәрестенің ана сүтінен ауру жұқтыруы мүмкін бе?»

Иә. Нәрестенің аузының сілекей қабықшасы мен асқазаны жұқа болатыны соншалық, вирус одан өтіп кететіндіктен, бала АҚТҚ-ны жұқтыруы мүмкін. Сондықтан АҚТҚ жұқтырған ана нәрестесін өз сүтімен қоректендірмегені жөн. Алайда бұл көптеген жағдайларға байланысты. Сәбидің іші өтіп, құсып ауыратын тазалық сақталмаған жағдайларда дайындалған өніммен тамақтандырып баланы өлтіріп алғаннан, әрине оны ауру анасының сүтімен қоректенген абзал.

«ЖҚТБ-ны унитазға отырғаннан жұқтыру мүмкін бе?»

Жоқ!

«Сіз егер теріде ешқандай жара болмаса, вирус тері арқылы өте алмайды дейсіз. Бірақ егер осы рас болса, онда ол әйелден еркекке және керісінше қалай жұғады?»

Шынын айтсақ, бұның неге осылай екенін расында да білмейтіндігімізді мойындағанымыз дұрыс. Бұл біздің екінші бір әлсіздігіміз. Ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің терісі сезімтал, жұқа әрі нәзік келеді. Сондықтан жыныстық қатынасқа түскенде, олардың терісінде көптеген ауырмайтын және тез жазылып кететін тері жарықшақтары пайда болады. Солар арқылы вирус енеді. Біз алдында байқағанымыздай, жыныс жолдарының басқа аурулары қанды жаралардың пайда болуына көбірек мүмкіндік тудырады.

«Құдай ЖҚТБ-мен ауырған адамды сауықтыра ала ма?»

Иә! Құдай Құдай болғандықтан, Өз қалауының бәрін істейді. Ол өмір сыйлаушы және Ұлы шипагер. Ол ЖҚТБ-мен ауырған адамды ракпен ауырған және басқа да науқастар тәрізді сауықтыра алады. Құдайдың не үшін біреуді емдеп, екіншісін емдемеуін ешкім түсінбейді. Ол біз мінажат еткендердің бәріне бірдей денсаулық бермейді. Мен әдетте кедей елдерде тұратын табиғаттан тыс сезімдері күшті тұрғындар арасында АҚТҚ мен ЖҚТБ-дан сауыққандығы туралы көптеген куәліктер естігенмін. Бірақ өз басым ЖҚТБ ауруынан айыққан ешкімді білмеймін. Алайда АҚТҚ тапсырылған анализдері оң нәтижелі болғанымен, мінажаттың нәтижесінде АҚТҚ жұқтырған сансыз адамдардың денсаулықтарының жалпы жақсарғандығы жайында мәлімет болды.

Сауығу үшін сеніммен мінажат етуге қарағанда, қорқынышпен мінажат ету оңайырақ. Кейде біз адамның өлгені жаман деген қате түсінікпен адамның сауығуы үшін дұға етеміз. Бірақ Киелі кітап бізге сенушінің өлімі оның ақыры емес деп үйретеді. Исаның соңынан ерушіге өлім — катастрофа емес, керісінше, мәңгілік өмірге деген үміт. Пауыл елші: «Мәсіх — менің өмірім, ал өлім ұтыспен тең», — деген. Сондықтан біз сауықтыру жайлы мінажат еткенде, Құдайдың еркі болсын деп те дұға етуіміз керек. Пауыл өзінің қиянат көрген «шаншылып түйрелу азабынан» сауықпаған. Тімотеде ас қорыту мәселесі болған. Әкесі Исаға Оның біз үшін айқышқа шегеленуіне жол берген. Сол сияқты бүгінгі күнде де Құдай кейбір адамдардың Ізгі хабар үшін қиянатпен өлуіне жол береді.

«Егер вирус несеппен сыртқа шықса, демек, бұл біздің өзендер мен су қорларынан ауру жұқтыратындығымызды білдіреді ғой?»

Қауіп төндіретін АҚТҚ емес, суда өмір сүретін диареяны тудырушы бактериялар.

«Мен Африкада ЖҚТБ-ны бәкене шыбындар (москиттер) таратады деп естідім. ЖҚТБ-ны масаның шаққанынан жұқтыру мүмкін деген рас па?»

Дүние жүзінде миллиондаған адам осы сұрақтың жауабын білгісі келеді және мен Африкаға барған сайын осы сұрақты қояды. Біз бұл сұрақтың жауабы африкандықтар үшін де, әлемнің басқа тұрғындары үшін де теріс екендігіне сенімдіміз. Егер ЖҚТБ шынымен осы жолмен таралатын болса, безгек (малярия) таралған аймақтарда ЖҚТБ те дәл солай таралар еді, өйткені безгекті бәкене шыбындар таратады.

Біз сонымен қатар ЖҚТБ-ның адамдардың әр түрлі топтарының арасында бірдей дәрежеде таралатынын байқар едік. Ақыр аяғы бәкене шыбындар жасы үлкен-кіші демей, адамның бәрін бірдей шаға береді. Бірақ біз ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі вирусты анасынан жұқтырып алған нәрестелер мен жеңіл жүріске түскен жастар екендігін білеміз. Сондықтан біз бұл тұста бәкене шыбындардың кінәсі жоқтығына сенімдіміз. ЖҚТБ мен безгек арасында тек мынадай жағдайда ғана қосалқы байланыс болуы мүмкін: егер сіз бір аурумен ауырып жүрген болсаңыз және мұның үстіне ЖҚТБ-мен ауыратын болсаңыз, оның нәтижесі … екі есе жаман болады.

ЖҚТБ-ны таратуы мүмкін деп есептелетін жалғыз ғана жәндік — қандала. Өйткені ол қанды көп сорады, тасымалдайды және оның бір бөлігі келесі адамға енеді. Бірақ бұл қанның мөлшерінің аз болатыны сондай, АҚТҚ-ны жұқтырып алуыңыз үшін қандала сізді орта есеппен 15 мың рет шағуы тиіс!

«Шаштаразда сақал-мұрт алғанда, ұстараның жүзінен АҚТҚ-ны жұқтыруым мүмкін бе?»

Ұстараның жүзінде бір адамның қаны қалып қойып, дәл сол жүзбен екінші біреуді кесіп алса, ол АҚТҚ-ны жұқтырып алуы мүмкін. Ұстараның жүзін жай ғана жуып тазарту жеткілікті емес. Әк ерітіндісін немесе басқадай күшті дезинфекциялайтын заттарды қолдану керек, я болмаса, ұстараның жүзін өте жоғары температурада қыздыру қажет.

«АҚТҚ-ғатапсырылатын тест  қаншалықты нақты?»

Тест алудың әдістері көп және олардың барлығы дерлік вирусқа қарсы пайда болатын антиденелерді іздейтін жанама әдістер. АҚТҚ-ны жұқтырып алған адамда антиденелер пайда болғанға дейін алты ай өтуі мүмкін. Егер адам вирусты қаңтар айында жұқтырып алса, оның анализдері шілде айына дейін теріс нәтиже беруі мүмкін. Ол осы уақыт бойы вирусты тасымалдаушы болса да, мұнысын тез арада анықтау қиын. Көпшілік жағдайда ең озат деген тексеру әдістері вирусты жұқтырғаннан шамамен алты аптадан кейін ғана (кейде одан сәл ертерек) анықтай алады. Кейде тест қате нәтиже беріп жатады, бұл әдетте дереу анықталатын анализдерде пайда болады. Тестен өту жолы өте күрделі болуы мүмкін және оның нәтижесін талқылау кейде қиынға соғады. Егер басқа аурулар да бар болса, соның әсерінен анализдің нәтижесі шатасып кетуі де мүмкін. Дәл осы себептен көптеген елдерде дәрігерлер екі түрлі әдісті қолданады, әрі арасында бірнеше апта өткен екі  тест тапсыруды қолдайды. Вирустың өзін тікелей анықтайтын белгілі бір тестер де бар, алайда олардың бағасы тым қымбат және оларды атқару күрделі.

«Менің баламның АҚТҚ-ға тапсырған анализі оң нәтижелі. Бұл оның ауру екенін білдіре ме?»

Біріншіден, кез келген тест кейбір жағдайларда дұрыс болмауы мүмкін, міне, сондықтан қате нәтиженің болмауы үшін тесті қайта тапсыртқызады. Екіншіден, нәресте дүниеге келгенде, тест дұрыс жауап беруі мүмкін емес. Біз қолданатын анализ АҚТҚ-ға қарсы ағзада пайда болатын антиденелерді іздейді. Бірақ жаңа туылған сәбидің денесінде анасының антиденелері болады, сондықтан науқас аналардың балалары өздерінің антиденелерін өндірген-өндірмегеніне қарамастан, олардың бәрі бірдей АҚТҚ-ға оң нәтиже береді. Ананың барлық антиденелері қолданылып, баланың өз антиденелері пайда болғанша күту керек. Бала туылған соң шамамен бір жылдан кейін оған қайталап тест тапсыртқан абзал. Көптеген жағдайларда тестің нәтижесі теріс болады. Егер ана жүкті кезінде АҚТҚ-ға қарсы емделу курсын өтсе, бір жылдан кейін оң нәтиже беретін қауіп тағы да азаяды.

Ана құрсағында жатқанда нәрестенің 90%-ы аурудан аман болады. Көптеген жағдайда АҚТҚ-ның анадан балаға берілуі босану кезінде болады. Ана жүкті кезінде халі неғұрлым ауыр болса, соғұрлым оның бойында вирустың көп болғаны және соғұрлым балаға ауруды жұқтыру мүмкіндігінің зор болғаны. Арнайы емделусіз шамамен әрбір төртінші сәбиде  туылғаннан кейін АҚТҚ болады. Бірақ егер мына секілді дәрі-дәрмектер AZT (зидовудин) немесе АҚТҚ протеаза ингибиторларын анаға 14-аптадағы жүктілігінен босанғанға дейін және нәрестеге алты апта бойы берілетін болса, бұл ара қатыс 8:100 (жүзде сегіз 8%) құрауы ықтимал. Дәрі-дәрмектерді қолдану және іштен жарып баланы алу/кесарево сечение/ ауру жұқтыру жиілігін 1:50 (2 %-ға) дейін азайтуы мүмкін.

«Мен АҚТҚ  ЖҚТБ-ны тудырмайды деп естідім.»

Алты миллиард халық тұратын әлемде түрлі себептермен ақылға сыймайтын пікірді ұстанатын адамдар әрқашанда табылады және бұл жерде ЖҚТБ қалыптан тыс жағдай емес. Соңғы жиырма жылдағы орасан зор ғылыми жетістіктерге қарамастан, мәселен, «ЖҚТБ-ның себебі нақты АҚТҚ дейтіндей ешқандай дәлел жоқ» деп айтатын бірен-саран дәрігерлер, ғалымдар және журналистер бар. Бұл өте қисынсыз әрі қауіпті пікір. Бұндай адамдардың өз пікірін тарататын мүмкіндіктері бар, өйткені бұқаралық ақпарат құралдары пікірі шектен шыққан адамдарды ұнатады, солардан жаңалық жасайды. Ең бір өкініштісі олар медицина ғылымын түсінбейді. Егер осылай ойласақ, онда шылым шегу өкпенің рак ауруын тудырады дегеннің ешқандай «дәлелі» жоқ болғаны. Дегенмен, темекі өнеркәсібін айыптауға оған қарсы дәлелдер жетерлік. Мәселен, зертханалардан никотин шайырларының жасушаға үлкен әсер ететінін көреміз. Біз шылым шегетіндерде оны шекпейтіндерге қарағанда өкпе рагымен ауру ықтималдылығы өте жоғары екендігін байқаймыз. Бірақ мен нақты бір адам шылым шеккендіктен, рак ауруына шалдығып өлім аузында жатқандығын дәлелдей алмаймын. Адамды өлтіретін шылым шегу емес, ағзаның тканьдарына ауру шақырып, ақыры адамды өлтіретін шылым шеккендіктің зардабы.

Шылым шегуге қатысты дәлелдеме, АҚТҚ-ға да қатысты. Біз зертханадан АҚТҚ-ның қан құрамындағы ақ жасушаларды (лейкоциттер) өлтіріп, оның жасушаға қалай әсер ететіндігін көреміз. Біз адамдардың неге туберкулез сияқты ауруларға шалдығатынын білеміз. Оның себебі осы қанның ақ жасушаларының бұзылуында. Адамның АҚТҚ-дан болған «өлімі» оның шылым шегуден болған «өлімінен» артық емес. Олар ағзаның жасушасына АҚТҚ-ның тигізген әсерінен өледі. Шын мәнінде АҚТҚ-ны жұқтырғандар өлімінің көптігі туберкулезге байланысты. Алайда мен біреудің АҚТҚ-ны жұқтырғандықтан, туберкулезге шалдығып өлім аузында жатқандығын дәлелдей алмаймын. Кейбір адамдарда АҚТҚ болса да, туберкулезден өледі және оның өліміне АҚТҚ-ның еш қатысы болмайды. Бірақ біз АҚТҚ-ны жұқтырғандардың өмір сүру ұзақтығы ауру жұқтырмағандарға қарағанда әжептәуір қысқа екендігін және олардың басына түсетін мәселелердің қаншалықты көп екенін алдын ала айтып бере аламыз. АҚТҚ шыққан жерде оның соңынан әдетте туберкулез eреді және ол туберкулездің емдеуге қиын әрі адамды жылдам өлтіретін түрі болады.

Дені сау адамға ауруы бар бір литр қанды құятын болса, бірнеше жылдан кейін оның ауыратынын тіпті жас бала да түсінеді. Оның анализі жұбайы мен балалары сияқты АҚТҚ-ға оң нәтиже береді. Олардың бәрі ауырып ақыр аяғы өледі. Ал басқа адамға таза бір литр қанды құйса, ол жиырма жыл өтсе де дені сау болып жүре береді. Оның өзінің де, жұбайы мен балаларының да дендері сау болып, анализдері теріс нәтиже береді әрі ЖҚТБ-ға қатысы бар ешқандай аурумен ауырмайды. Мен АҚТҚ ЖҚТБ ауруын тудырмайды деп сенетіндерге АҚТҚ-ны жұқтырған адамның қанын өзіне құйып көруін ұсынамын. Бұны ешкім де істей алмайды, өйткені жүрегінің түбінде одан зор қорқыныш бар. Бірақ сондайлардың адам өміріне қауіп төнгенде жандары рақат табатын тәрізді. Нәтижесінде адамдардың көбі өледі, ал мен бұны қылмыс деп есептеймін.

Африкадағы ашық аспан астында өткізген пікір алысуымыз ұзақ уақытқа созылады және оған мыңдаған адам қатысады. Әрбір кездесудің соңында мен былай деймін: «Қазіргі кезде жыныстық қатынастан басқа ауру жұқтырудың кез келген түрінен адамдардың зәрелері ұшады. Менің мақсатым адамдардың ЖҚТБ-дан қорқынышын сейілту емес. Мен олардың түкке тұрғысыз нәрселерден емес, қайта қорқуға тұрарлық қатерден қорыққандарын қалаймын. Мен адамдардың ЖҚТБ-ға шалдыққандардың үйіне кіруге қалай қорықса, дәл солай жеңіл жүріске түсуден қорыққанын қалаймын.»

Әдетте адамдардың маған қоятын сауалдарының барлығы дерлік аурудың жыныстық қатынастан тыс таралатын жолдарына қатысты. Мен осы қауіптердің көпшілігінің тым аз екендігіне сіздердің көздеріңіз жетті деп үміттенемін, сондықтан сіздерге шын мәнінде істеп жүргендеріңізді өзгертудің қажеті жоқ. Бірақ өзіңіздің жыныстық жүріс-тұрысыңыз бен үміттеріңізді түбегейлі өзгертетін уақыт жетті және тері арқылы денеге енетін нәрселердің бәрінен өте сақ болған абзал.

 

Төртінші тарау

Баратын жер жоқ

 

Рактан да жаман

Жиырма үш жасыңызда рак ауруымен ауыратыныңызды және ақырында өлетініңізді білгеннен артық қорқыныш болмас. Бірақ аурудың аты ЖҚТБ (СПИД, ЖИТС) болса, бұл одан да зор болмақ.

Сіз өзіңізді соңғы бірнеше апта бойы әлсіз сезініп әрі әбден мазаңыз кеткен соң дәрігерге көріндіңіз делік. Дәрігер сізді бір не екі анализ жасайтын клиникаға жібереді. Сіз не болып жатқанын түсініп үлгерместен, дереу сізді палатаға апарады. Сізден тағы бірнеше тест алады. Және сізге айналадағылардың бәрі әрлі-берлі жүгіріп, абыржығандай болып көрінеді.

Содан соң дәрігер сіздің қатты науқас екеніңізді әрі келесі күні сізге күрделі операция жасалынатынын айтады. Ол сіздің ауруханада жоқ дегенде бір апта жататындығыңызды хабарлайды. Екі күннен кейін сізді қарау үшін тағы бір дәрігер келеді. Ол сіздегі рак ауруының өте сирек кездесетін түрі екендігін айтады. Ауру асқынған және болашағы тым бұлыңғыр.

Бірден өміріңіздің шырқы кетіп, болашаққа артқан үмітіңіз өшіп, арманыңыз ойран болады. Бұлай болуы мүмкін емес. Бұл тіпті сіздің миыңызға да қонбайды: сіздің оқимын, жұмыс істеймін, отбасын құрамын, балалы-шағалы боламын, қартайғанша өмір сүремін деген барлық жоспарыңыз қас қағым сәтте күлпарша болады.

Сіздің ата-анаңыздың уайым мен қайғыдан есі шығады. Балалары ата-аналарынан бұрын өлетін бұл неткен заман? Дүниенің бәрі аяғынан кері кеткендей сезіледі.

           

Өзін-өзі өлтірмек болу сезімі

Бірақ ЖҚТБ осының бәрінен де жаман болуы ықтимал. Кейде мен мектеп оқушыларынан: Сіз қан өткізіп, бірнеше күннен кейін қайтадан анализ тапсыруға шақыру хат келсе, содан ауруханаға келгенде бір адам сіздің қаныңыздың құрамынан АҚТҚ (ВИЧ, АИТВ) табылғанын айтатын болса, не істер едіңіз деп сұраймын.

Көпшілігі өзіме-өзім қол жұмсар едім дейді. Олар үшін ауруды басқалардан қалай жұқтырғанын сұрайды деген ойдың өзі жиіркенішті. Әкесіне оны қалай айтпақ? Олар өздерінің есірткі қолданғанын немесе жыныстық қатынаста тек бір ғана әйелмен болмағанын айта алар ма еді? Я болмаса, олар бірнеше еркекпен жақындасқан гей екендерін мойындар ма еді?

Көптеген адамдар өзіне-өзі қол жұмсауды мақсат тұтады, ал кейбіреулер ЖҚТБ-ның бастапқы сатыда екенін біле сала расымен-ақ өзін-өзі өлтіреді. Міне, сондықтан да өзінің диагнозы жайлы жаңа білген адамдарға аса мықты қолғабыс пен күтім қажет. Бір досым таңертеңгісін оянғанда бір пациентінің өз машинасын бақшаның ар жағына сөндірмей қойып, өзін соның иісінен әдейі уланып өлгенін білді. Бірнеше сағат бұрын ғана ол дәрігерлердің талабына қарамастан, аурухананың ЖҚТБ бөлімінен кетіп қалған. Ол өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын еш қабылдай алмай, өзін-өзі өлтірді.

 

Оны үйден қуып шығыңыз

Бірде біздің үйге бір ерлі-зайыптылардың келгені есімде. Әдеттегідей әңгіме барысында ЖҚТБ туралы сөз қозғадық. Содан сөзіміз гомосексуалдық және өсіп-жетілу барысында әртүрлі адамдардың даму жолдары туралы жалғасты.   Мені сондағы үрейімді ұшырған нәрсе әлгі әйелдің еш шімірікпестен айтқан сөзі болды. Ол өзінің бес жасар ұлының гомосексуалдарға тән қылық танытса, оның пәктігі сақталғанына қарамастан оны үйден қуып шығатынын және ешқашан көрмейтінін айтқаны еді. ЖҚТБ-ға шалдыққандардың көпшілігі өздерінің ауруларын амалсыздан мойындайтыны таңғаларлық нәрсе емес. Адамдардың көзқарасы бойынша егер сіз ЖҚТБ-ға шалдыққаныңызды мойындамасаңыз, адамгершіліктен жұрдай болған азғындардың қатарына қосылғандығыңыз. Алайда біз байқағандай бұл шындыққа еш жанаспайды.

Шын мәнінде Африканың кейбір елдеріндегі АҚТҚ жұқтырған әйелдердің көпшілігі некеге дейін пәктігі мен адалдығын сақтағанымен ақырында ауруға душар болған. Өйткені олардың күйеулері  дәл өздеріндей болмаған.

 

Сүйегін әкету

Бірде мен ЖҚТБ науқастарына қарасты бөлімге кіріп барғанымда, жападан жалғыз өлімнен бойын қорқыныш билеген жас жігітті көріп жаным түршікті. Мен одан отбасының қайда екенін сұрадым. Ол оларға не жағдайға ұшырағанын айтуға аузы бармайтынын және оларға бұл хабарды басқа біреудің жеткізгенін қаламайтынын айтты. Оның өмірі көз ілестірмей өте берді. Мүмкін, ұлым аман-есен деп ойлап жүрген анасына баласының сүйегін әкетуін хабарлауға ертең-ақ тура келетін шығар.

Ол мұнда келгенде ұлын танымайтын да шығар. Бұдан 7 ай бұрынғы қалпынан ұлының адам танымастай қу сүйегі ғана қалған. Жақ сүйегі шығып, беті бөртіп кеткен. Денесін ұзақ уақыт аурумен күресіп салынған инелерден қалған тыртықтардың орны басқан. Ол анасының жанына ауыр тимес үшін өзінің өлім туралы куәлігінде оны «өкпе қабынуынан» қайтыс болды деп жазуын өтінді. Егер анасы шындықты білген болса, оны басқаларға ағынан жарылып айта алар ма еді?

 

Алдын ала қалыптасқан қате түсініктер

Кейбірде ашу-ыза ұшқыны науқасқа күтім көрсететін адамдарға барып тиеді. Менің бір досымның әкесі оған бұдан былай оның отбасы мүшесі болмайтындығын айтқан. Досымның ең «ауыр қылмысы» бірнеше жыл бұрын ауру жұқтырып, ЖҚТБ-ға шалдыққан адамды сүйетіндігі еді. Көп айлар бойы ол науқасқа күтім көрсетеді. Ол қайтыс болғаннан кейін соңғы істеген «қылмысы» ЖҚТБ-ға шалдыққан науқастарға күтім көрсетуді жалғастыруға шешім қабылдауы еді.

Лондондағы АСЕТ-те қызмет ететін медбике күні бойы қауырт жұмыстан қатты шаршайды. Кешкісін жұбайымен төсекте жатқан ол ЖҚТБ-мен ауыратын бір адам туралы, оның қаншалықты ауыр халде екенін әрі үйінде жалғыз сезінетіндіктен, оның қасында біраз уақыт болып, ақыл-кеңес бергенін айта бастайды. Сол-ақ екен күйеуі: «Көзіңді құрт. Бұдан былай оған аяғыңды баспайтын болғанда ғана үйге қайтып келерсің», — дейді.

Дүниеде АҚТҚ-ны жұқтырғандарды шеттетпейтін, олармен жауласпайтын, ескерту жасап үрей туғызбайтын ел бар деп ойламаймын.

Бастауыш мектептің мұғалімі ЖҚТБ ауруларының клиникасына түскенде, оның неге сонша абыржығанын түсіну оңай. Оны ЖҚТБ-ға шалдықтың деген ой елеңдетпеген. Ол өлімнен де қорықпады. Оқушыларының біреуі оны ауруханадан көріп, ата-анасына немесе мектеп басқармасына оның қандай аурумен ауыратынын жеткізеді деген ой оның үрейін ұшыратын. Хабар жеткенде-ақ оның бүкіл атақ-абыройы төгіліп, неше жыл маңдай терін төккен еңбегі жермен жексен болады.

Қауым мүшелерінің біреуі палатама кіріп мені танып қоя ма деген қорқынышпен өмір сүретін қауым жетекшісін де түсінуге болады. Қауым қызметкерлері арасында ЖҚТБ-мен ауыратындардың саны ұдайы өсуде. Бұған таңғалуға болмайды. Егер адамның рухани қайта туылуы оны керемет арқылы вирустан азат етпесе, онда қауымның көптеген мүшелері олардың ұзақ жылдар бойы сенуші болып, сенімге келгеннен бері пәктігі мен адалдығын сақтағанына қарамастан, аурудан құтыла алмайды.

 

Көзге күйік болу

Егер ЖҚТБ-мен ауыратындарын жұмыс орындағылары біліп қойса, адамдар көбінесе жұмыстарынан айырылып қалады. Бірнеше компанияның өкілдеріне мынадай сұрақ қойылған еді: Егер қол астыңыздағы жұмысшылардың біреуі АҚТҚ-ны жұқтырған болса, не істер едіңіз? Олардың тек азғантайы ғана жұмысшыны бірден жұмыстан шығарып жіберетінін мойындаған. Ал басқалары оның жұмыстан өзі кетуі үшін барлық жағдай жасайтынын айтқан. Осылай ма, емес пе әйтеуір ЖҚТБ ауруына шалдыққандардың денсаулықтары жұмыс жасауға жарамды болса да, түбінде олардың жұмыссыз қалатыны айдан анық. Қаталдық танытатын бизнесмендер ғана емес. Тура сол себеппен бір заңгерге: «Бізге сен сияқтылардың керегі жоқ,» — деп заттарын жинап, жұмыстан кетуін талап еткен.

Жоқшылықпен кешетін күн

ЖҚТБ-ға шалдыққаннан қаржы тапшылығына тап болғандардың саны күннен күнге өсуде. Жылжымайтын мүліктің иесі оны жалға алушының ЖҚТБ-ға шалдыққанын білсе, жалға алу уақытын ұзартудан бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Мүмкін, үй иесі одан пәтерін жалдайтын басқалар бұны естігенде көшіп кетеді деп немесе жаман сезімдерден қорқатын шығар, сірә. Осылай ма, жоқ па, әйтеуір, адам өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын білер-білместен үйіне қайтып келгенде, оның дүние-мүлкі далада жатқанын және құлыптың ауыстырылып қойылғанын өз көзімен көруі әдеттегі жайт.

Кейде бұған бірге тұрып жатқан ашынасы да кінәлі болады. Мен бір адамның ашынасының құлыпты ауыстырып үйге кіргізбей қойғанын және тағы да біреудің бұрынғы ашынасы үйінің дүние-мүлкін түгелдей, ақыр аяғы не орындығын, не шамын, не үстелін тіпті ұйықтайтын төсегіне дейін қалдырмай сыпырып-сиырып алып кеткен екі оқиғаны білемін.

 

Еріксіз қаңғыбас болғандар

ЖҚТБ ауруына шалдығудың нәтижесінде жоқшылыққа тап болып, үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген адамдардың саны апта сайын көбеюде, ал кейбір елдерде бұл үлкен мәселеге айналған.

 

Мен кімге сенім арта аламын?

Осының бәрі ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның басында рак ауруымен ауыратындардың барлық мәселесі және бұған қосымша ажалы жасына жетпей аурудан келетінін білу қайғысы түседі.

Мен бұны екі аурудың түрімен де етене таныс дәрігер ретінде айтып отырмын. Бірақ ең сорақысы — айналадағы адамдардың реакциясы. Келесі кездестіретін адамым мені аяй ма, (ал ең жек көретінім — жұрттың мені аяғаны), әлде ол менің тезірек өлуімді тілеп,  барлығына да өзімнің кінәлі екенімді бетіме баса ма? Досым кім, дұшпаным кім? Егер мен өзімнің ауруым туралы досыма айтсам, ол бұл құпиямды сақтар ма екен? Ал ол бұл туралы тағы біреуге тіс жарғанша қанша уақыт өтер екен?

Осы бір шыңыраудан шығатын жол көпшілік үшін өзіне-өзі қол жұмсау екендігі таңғаларлық жайт емес. Күтпеген жерден көптеген туған-туыстары мен достарынан айырылу, ашу-ыза мен қайғы-мұң адамның күйін қашырып, ішкі жан дүниесін күйзелтеді.

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  40  41  42  43  44  45  46  47  48  49  50  ..