Ешкім де жалғыз ЖҚТБ-ның өзінен өлмейді

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 4

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  40  41  42  43  44  45  46  47  48  49  50  ..

 

 

Екінші тарау

Вакцина, дәрі-дәрмек және сақтандырғыштар

 

Ешкім де жалғыз ЖҚТБ-ның өзінен өлмейді

 

ЖҚТБ — белгілі бір вирустың ағзаңызды соншалықты әлсіретіп, оған басқа микробтардың енуіне жол беріп, сізге ажал әкелетін жағдайдың атауы. Әдетте сіздің ағзаңыз зиянды микробтарды оңай жойып жібереді. Бұлай болудың себебі, сіздің бойыңызда иммунитет бар. Сіздің иммундық қорғанышыңызға қатты зиян тигенде, біз сізге иммундық тапшылықтан жапа шегіп жүрсіз деп айтамыз. Кейбір адамдар әлсіз иммундық жүйемен туады, ал басқаларда иммундық жетіспеушілік аурудың нәтижесінде дамиды. АҚТҚ ағзаға инфекцияның салдарынан енетін болғандықтан, біз бұл ауруды жұқтырған қорғаныш тапшылықтың белгісі (ЖҚТБ) дейміз.

АҚТҚ — адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы (вирусы) деп талдап түсіндіріледі, бұл ЖҚТБ-ны тудыратын қоздырғыштың (вирустың) ғылыми атауы.

Қандай атауды қолдансақ та, инфекцияның даму сатылары бар екендігін түсіну маңызды. Ең алдымен адам инфекцияны тасымалдаушыға айналады, бұған қарамастан ол өзін жақсы сезінеді. Содан соң аурудың ушығуының алғашқы белгілері пайда болады және кейін ол өлімге әкеп соғады. Бұл үрдіс бірнеше жылға ұласады. Адамның сырт келбетіне қарап оның бойында инфекцияның бар-жоқтығын ажырату мүмкін емес.

 

Вирус (қоздырғыш) дегеніміз не?

Вирус роботқа немесе компьютер бағдарламасына ұқсас. Онда сіздің тәніңіздің жасушаларына вирусты қалай көбірек өндіру керектігін үйрететін нұсқаулар бар. Вирус дегеніміз — ішінде генетикалық бағдарламасы бар ақуыз құты. Бұндай бағдарлама сіздің шашыңыздың түсін, мұрныңыздың немесе құлағыңыздың пішінін анықтайды. Гендер сіздің бойыңыздағының бәрінің қандай болуы тиіс екенін алдын ала бағдарлап қойған және бір таңқаларлығы тәніңіздің әрбір жасушасының ішінде дерлік сіздің дәлме-дәл көшірмеңізді жасап шығаруға жетерліктей барлық нұсқаулар бар!

 

Жауынгер жасушалардың құртылуы

Вирустың ішіндегі бағдарлама бар-жоғы бір немесе екі нұсқаудан тұрады, бірақ бұл нұсқаулар дұрыс емес. Егер осы вирус қанның ақ денешіктерінің ерекше түрлерінің біреуінің үстіне кірпік қағым уақыттан сәл көбірек жабысып тұра алатын болса, вирус кішкентай көпіршік тәрізді жарылады да, жасушаның ішіне өлтіретін бағдарламаны бүркіп жібереді. Бірнеше минуттан кейін жасуша осы бағдарламаны өз «миына», яғни ядросына, көшіріп алады да, енді бұл жасушаның ядросы әрдайым сол бағдарламамен жүретін болады.

Бірнеше апта, ай немесе тіпті жылдар бойы ауру жұқтырған жауынгер жасуша қан тамырларында не дененің тканьдарының арасында жүзіп жүре береді. Бұл жасушаның бір ғана мақсаты бар: микробтарды тауып, оларды құрту. Микробтардың жүздеген түрі бар және ақ денешіктердің әрбір түрі олардың арнайы бір түріне шабуыл жасау үшін жаратылған.

 

Біз неге ауырамыз?

Вирус жауынгер жасушалардың белгілі бір түріне ғана шабуыл жасайды және олардың саны азайған сайын ағзаға белгілі микробтарды өлтіру қиынға соғады. Сіз әдеттегі жөтел мен суық тигеннен лезде айығып кетесіз. Әдеттегі микробтардың көпшілігі тез өледі, әйтсе де, біреуі не екеуі кедергісіз өсе береді. Нәтижесінде еш күтпеген өкпе инфекциясы, құрт ауруы (туберкулез) немесе басқа аурулар туындайды.

Осындай микробты кездестіргенде жауынгер жасуша әрекет ете бастайды. Жылдар бойы маужырап келген күйден оянып, жасуша қарқынды жылдамдықпен антиденелерді өндіре бастайды. Бұл антиденелердің пішіні микробтың үстіне дәлме-дәл сәйкес келіп, антиденелер микробтарды орап алып, оларды өлтіреді. Бірақ егер жасушаның бағдарламасы өзгеріске ұшыраған болса, механизм тоқтап қалады. Жаңа бағдарлама іске кірісіп, жасушаның антиденелерді өндіруін тоқтатуды бұйырады. Бұйрыққа бағынып жасуша антиденелердің орнына жаңа вирустарды өндіре бастайды. Неғұрлым жасуша ұзақ ауырса, соғұрлым ол ұлғая түседі. Ақырында ол жарылып, қанға миллиондаған жаңа вирустарды шашады. Олардың әрқайсысы қанда бар-жоғы бірнеше минут қана тұрақтайды. Сол уақыт ішінде ол балғын таза ақ жасушаға жабысып, жарылады, жаңа жасушалардың — жауынгер жасушалардың бағдарламасын өзгертеді, мәселен, ми жасушаларын. Біраз уақыттан кейін ағза әлсірейтіні соншалық оны басқа да қабынулар (инфекциялар) меңдей бастайды.

Осы инфекциялардың кейбіреулері жеңіл сырқатқа әкеп соқтырады немесе адам салмағын жояды. Алайда өкпе инфекциясы емдеуге оңайлықпен көнбейді, тіпті адам өмірін әкетеді. Ешкім де ЖҚТБ-ның өзінен өлмейді. АҚТҚ-ны жұқтырған адамның иммундық қорғанышы бұзылғаннан кейін, оның денесін әлсірететін басқа бір жұқпалы аурудың немесе ЖҚТБ-мен байланысы бар рак ауруының нәтижесінде қаза болады. АҚТҚ-ны жұқтырғандар көбіне туберкулезден қайтыс болады.

 

Емдеу, вакцина және сақтандырғыш жайлы таңғаларлық «жаңалықтар»

Біз ЖҚТБ-ға қарсы жасалып шығарылған ғажайып жаңа дәрі-дәрімектер туралы апта сайын дерлік оқып не естіп жатамыз. Бізге біреу вакцина тауыпты, енді сақтандырғышты (мүшеқапты) қолданса, жыныстық қатынаспен айналысу қауіпсіз дейді. Егер осылар рас болса, бұл шынымен жақсы жаңалық. Бірақ ол солай ма? Кейбіреулер егер пәктігін жоғалтпаған адаммен жыныстық қатынасқа түссең, ЖҚТБ-дан айығасың дейді. Сандырақ. Адамдардың соншалықты сенгіштігі таңғалдырады.

Сіздің оқитындарыңыз бен еститіндеріңіздің көбі — бос сөз. Егер кейбіреулер айтып жүргендей ЖҚТБ-ның дәрісі табылса немесе жақсы вакцина табылған болса, дәрігерлер, медбикелер және үкіметтер уайымдауларын доғара алар еді. Бәрінің де инфекцияның таралуының алдын алу қамын ойлап жүруінің себебі оның ешқандай емі жоқтығында және ертелі-кеш пайда болу мүмкіндігінің аздығында. Қазіргі уақытта тиімді вакцина жоқ және алдағы онжылдықта табылып қалуы да неғайбіл. Одан сорақысы — көпшілік жұрт ойлағандай сақтандырғыштар (мүшеқаптар) сондай қауіпсіз де емес.

Мен жуық арада вирусты өлтіретін, ағзамызға қауіпсіз дәрі-дәрмектер шығарылады деп үміттенемін. Сол іске асқанда, бізде тұмаудың, әдеттегі суық тиюдің, полиомиелиттің, сарыаурудың (гепатит), ұшықтың (герпес) және көптеген басқа аурулардың, сонымен бірге ЖҚТБ-ның де дәрі-дәрмектері болады. Бірақ оған әлі алыс.

Қазіргі шақта бізде оны жүзеге асыратындай қажетті технология жоқ. ЖҚТБ-ны емдеу үшін бізге ағзаның ішіндегі әрбір жеке жасушамен жұмыс жасай алатындай ғажайып құралдарды ойлап табу керек. Адамды Айға немесе Марсқа қондырудың өзі ЖҚТБ-ға қарсы дәріні ойлап табумен салыстырғанда, оп-оңай ғана шаруа. Оны тапқан адамның есімі ең ұлы өнертапқыштардың бірі ретінде адамзат тарихында мәңгі қалатын болады. Ол туралы ХХІІ ғасырда да кітаптар жазылатын болады. Ал бізге әзірше жүздеген лақап «емдеулер» жайлы оқуға тура келеді. Мәселе ЖҚТБ-ға шалдыққан адамдардың сол аурудың өзінен өлмеуінде. Өзіміз байқағандай, адамдар ЖҚТБ-ның ағзаны әлсіретуінің нәтижесінде пайда болған аурудан немесе инфекциядан өледі. Дененің осы инфекциялардан құтылуына көмегін тигізетін дәрілердің бәрі науқасқа үлкен қолғабыс бола алады. Науқастар үйлеріне сергек болып оралады және кейде бірнеше ай бойы өздерін жақсы сезінеді. Олар тағы бір жаңа инфекцияны қабылдағанша, адамдар оларды айығып кетті деп ойлайды. Және бұл лақап сөз бен жалаң мәліметке жол ашады: «Мен мына ерекше антибиотикті қабылдай сала бір күннен кейін ауруымды түгелдей ұмытып, ауруханадан шықтым. Енді менде ЖҚТБ жоқ».

Бірінші айтылған ой дұрыс, ал екіншісі — өтірік. Адам кез келген уақытта тез арада өліп кетуі мүмкін. Жауынгер жасушалар әлсірей береді және ағза күн өткен сайын жаңа микробтарға мойынсұнғыш келеді. Тіпті адам тәуір болып көрінгенімен, оның төрінен көрі жақын.

 

Түкке тұрғысыз дәрілер

Бірнеше жыл бұрын Угандада туберкулездің дәрісін ЖҚТБ-ның дәрісі деп қолданған. ЖҚТБ-ға шалдыққан адамдардың көпшілігі дәл осы туберкулезден өледі. Дәрі ЖҚТБ-ны емес, туберкулезді құртады. АҚШ-та мерездің (сифилис) дәрілерін ЖҚТБ-ның дәрісі деп атаған. Бірақ олар тек мерезден ғана айығуға көмектескен. Кейбір адамдар ЖҚТБ-ның дәрісі деп арнайы диеталарды, жеке отырып тамақтану, көп мөлшерде дәрумендерді (витамин) ішуді, жаттығулар, ұйқы және түрлі комбинациядағы психотерапияны жарнамалауда. Бұлардың құны қанша?

Егер сіздің жауынгер-жасушаларыңыз жақсы жұмыс істемейтін болса, онда сіздің иммунитетіңізді нығайтатындардың бәрі де денсаулығыңызды сақтауға көмектесетіні рас. Және керісінше: сіз өзіңізді қажытатын әрі ауруға септігін тигізетін нәрселерден аулақ болуыңыз керек. Дұрыс мағына өзіңізге күтім көрсетуді нұсқайды: жүйелі түрде дұрыс тамақтану, қандай да бір жаттығулар жасау, салмағыңызды бірқалыпты ұстау, көбірек жаңа піскен жемістер мен көкөністерді жеу, шылым шегуді доғару, ішімдіктер мен басқа есірткілерден бас тарту, жеткілікті ұйықтау. Осындай көп қаржы талап етпейтін нәрселер көптеген адамдардың, әсіресе, ЖҚТБ-мен ауыратындар мен АҚТҚ-ны жұқтырғандардың денсаулығын сақтап, өмірін ұзартады.

Алайда кейбіреулер түрлі қымбат әрі пайдасыз дәрі-дәрмектерді жарнамалайды. Көпшілік ЖҚТБ ауруын пайдаланып ақша жасайды.

 Анти-ретровирустық емдеу тәсілі  және тағы басқа өте қымбат дәрі-дәрмектердің бар екендігі рас. Дегенмен, олар отты толығымен өшірмей, оны тек тұншықтырып қана қояды. Олар улы болғандықтан, мөлшері асып кетсе, адам өліп қалады, яғни көптеген қосымша күрделі анализдер қажет. Бұған қоса бұл дәрі-дәрмектерді өмір бойы қабылдау керек.

Дамымаған елдерде жыныстық қатынасқа түсу үшін адамдардың бәрі де сақтандырғышты қолдана алады деп ойлау қаншалықты ақымақтық болса, осы кішкене арзанырақ дәрі-дәрмектер қалайда әлемдегі ең кедей тұратын халықтың басым көпшілігінің өмірін өзгертеді деп сену — соншалықты ақымақтық. Тіпті сіз осы дәрі-дәрмектерді сатып алатындай жағдайыңыз болса да, оларды жақсы жабдықталған зертханалар мен тәжірибелі дәрігерлер тобының көмегінсіз қабылдау пайдасыз әрі қауіпті екенін есте сақтаған абзал. Бұл дәрілерді қолданудың ең дұрысы оларды ЖҚТБ-ға тапсырылған тест анализі оң нәтижелі болған жүкті әйелдерге беру. Бұның мақсаты туылмаған нәрестенің ауруды жұқтыру қаупін азайту.

 

Ал вакциналар ше?

Вакциналар вирусты инфекцияларға қарсы тұратын біздің жалғыз қаруымыз. Полиомиелит, көкжөтел, қызылша және басқа аурулар вакциналардың арқасында сирек кездеседі. Дүниежүзілік шешек ауруына қарсы күрес бағдарламасы осы ауруды жер бетінен кетіруге көмегін тигізді. Онда неге ЖҚТБ-ны де солай жойып жібермеске?

Вакциналаудың мәні сіздің ағзаңызға зияны жоқ микробты енгізу, бірақ оның сыртқы пішіні тура ауру қоздырғыш микроб тәрізді. Бір апта бойы адам денесінде олармен күресетін арнайы антиденелер қалыптасады. Алғашқыда бұл уақытты көбірек талап етеді. Келесі рет осы микроб кездескенде, сіздің жауынгер-жасушаларыңыз олармен күресуі үшін бар-жоғы бір не екі сағат қана уақыт кетеді. Жауынгер-жасушалaр олармен тіпті бірнеше жыл бұрын кездессе де, микробтарды естерінде сақтай алады.

Егер ағзада басқа бір қауіпті микроб байқалса және оның пішіні ағзаның бұрынғы кездестіргеніндей болса, айталық адам полиомиелиттен өлмей жеңіл ғана сырқаттанып, бірнеше күннен кейін айығып кетеді. Вакцина дененің қорғану қабілетіне, яғни, иммунитетті нығайтқан.

 

Бүркенудің шебері

ЖҚТБ-ны қоздырған АҚТҚ үнемі өз пішінін өзгертіп отыратындықтан, қорғаныш жасушалары олардан көз жазып қалады. Егер бүгін адам ағзасына вакцина жіберілсе, ол оны бірнеше күн бойы қорғайды. Ал бір ай өткеннен кейін не болады? Біздің мәселеміз жауынгер жасушаларға қарсы тұратын иммунитеті бар вируста. Сондықтан да сіздің денеңіз шынымен одан құтылуға еш дәрменсіз. Өз пішінін өзгерте алатын басқа да вирустар бар. Мүмкін сіз неге тұмау жұмыс пен мектептен қалудың басты себепкері немесе неге біз әлі күнге дейін әдеттегі суық тиюге қарсы тұра алмаймыз деп ойлаған да шығарсыз. Бұның себебі бұл аурулардың екеуі де сіз әрбір ауырған сайын пішіні өзгеріп тұратын вируспен байланысты. Сіз өз тұмауыңызды досыңызға және көп адамға жұқтырғанша, вирус әлемнің жартысын аралап шығып, мыңдаған адамға жұғып, пішінін өзгертеді. Әрбір инфекцияны жұқтырған адамның жұтқыншақ жасушаларында жаңа вирустар қалыптасып, кейде одан шығатын вирустар оған түскен вирустың пішініне қарағанда басқа болады.

Бір я болмаса екі жылдан кейін бұрын тура өзіңіз ауырғандай салқын тиіп ауырған адамды кездестіресіз. Егер ол қызылша немесе қызамық (ветрянка) вирусы болған болса, сіздің денеңіз оны есіне сақтап қалып, сол жерде өлтіретін еді. Бірақ салқынның вирусы сондай өзгеше болғандықтан, жауынгер-жасушалар оны өзінің «мәліметтерімен» салыстырғанда, мүлдем ажырата алмайды. Дайын тұрған антиденелер болмағандықтан, жауынгер-жасушаларға бәрін де қайтадан басынан бастауға тура келеді.

 

Тұмауға қарсы вакцина

Тұмаудың (грипп) вакцинасы бар және салқын тигеннің вирусына қарағанда тұмаудың вирусы өз пішінін сәл ұзағырақ сақтайтындықтан ол тіпті тиімді. Біз алдын ала әлемнің басқа бөлігінен қандай вирустың жақындап келе жатқанын анықтай аламыз. Егер Гонконг пен Австралияның тұрғындарының вирус үлгісін алып, оған қарсы вакцинаны жасап және дереу Канаданың тұрғындарына салатын болсақ, онда сол жылдың қысында тұмаудан қайтыс болатындардың саны азаятынын білеміз. Алайда жыл сайын жаңа вакцина дайындап отыруға тура келеді.

Сондықтан егер тіпті біз ЖҚТБ-ға қарсы қауіпсіз әрі әсерлі вакцинаны ойлап тапсақ та, барлық адамды белгілі бір уақыт аралығында қайталап егіп тұруымыз керек болады. Бәрібір вирус жойылды деуге болмайды. Ол өзінің пішінін бірнеше апта ішінде, тіпті бір адамның денесінде болса да, білдірмей өзгертуі мүмкін. Сондықтан айдың басында әсерлі болған антиденелер сол айдың соңында-ақ пайдасыз болып қалады.

 

Жалаң сөздерге сенбеңіз

Қандай мақаланы оқымасаңыз да есіңізде болсын: тіпті оның пішіні дәл сондай болса да, шын мәнінде адамға тән АҚТҚ-ға қарсы тұратын бірде-бір антидене әлі күнге дейін табылған емес. Ауру жұқтырғандардың барлығы дерлік антиденелерді жасап шығарады, бірақ бұған қарамастан, адамдар ауырады және өледі. АҚТҚ-ның антиденелерге қарсы иммунитеті бар.

Сондықтан келесі рет өзі тапқан вакцинасының әсерлі екенін дәлелдеу үшін, өз еркімен өзіне ЖҚТБ-ға қарсы вакцина еккен керемет ғалым туралы естісеңіз де, сақ болыңыз. Вакцинаның әсерлі екенін тексерудің жалғыз жолы — ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның қанынан — ғалымның тамырына жіберіп, не болатынын байқау.  Бірақ сол адамда ЖҚТБ дамымай тоқтап қалғанын анық-қанығымен білу үшін қанша уақыт керек болады деп ойлайсыз? Мүмкін, он шақты жыл керек болар. Ал оған дейін оның балалары мен жұбайы ол өліп кетер деген үреймен өмір сүреді және ол инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін.

 

Неге оған анализ тапсырмасқа?

Оған неге ЖҚТБ-ға анализ тапсырмасқа деп сұрарсыз. Өкінішке орай, ЖҚТБ-ға тапсырылатын тестің аты затына сай емес. Кішкентай вирусты байқау өте қиын. Қазіргі кезде кеңінен пайдалануға келетін жалғыз ғана анализ — осы вирустың өзін анықтайтын емес, АҚТҚ-ны жұқтырған адамдардың бәрінің дерлік ағзасында қалыптасатын антиденелерді анықтайтын анализ. Сондықтан тест тапсыруды қалайтын адамдар соңғы рет ауру жұқтыруы мүмкін деген уақыттан кейін он екі апта күтуі тиіс. Егер біз антиденелерді табатын болсақ, онда сол адамның ауру жұқтырғаны немесе вакцинаға қатысты антиденелер дамуда. Нақтырақ анықтау мүмкін емес.

Эксперттердің көпшілігі вакциналар жайлы сөз қозғағанда, қатты қынжылады. Олардың айтуынша іске жарамды вакцинаны ойлап табу үшін, жоқ дегенде он жыл уақыт керек. Егер тіпті біз оны қазір ойлап тапсақ та, адамдарға кеңінен пайдалануға жеткілікті түрде қауіпсіз екендігін дәлелдеу, әрі оны көп мөлшерде арзан бағамен өндіру үшін жылдар өтеді.

 

ЖҚТБ-дан сақтану үшін мүшеқап әрдайым сенімді бола бермейді

Көптеген қауымдарда сақтандырғыш (мүшеқап-презерватив, кондом) туралы сөйлесуді жөн көрмейді. Бірақ шындықты айту қажет қой. Медицина тарапынан алғанда мүшеқап қолдануға болатын нәрсе ме? Оны қолдануға ұсыну — сенушілердің ахлақтық (моральдік) құндылықтарына қайшы ма?

Тағы да бір сұрақ бар. Егер ЖҚТБ адамды өлтіретін болса және ағза онымен күресуге дәрменсіз болса, ал дәрі-дәрмектер көмектеспесе, вакциналардың пайдасы тимесе, онда басқа қандай үміт бар? Мен мектептерге барып жастармен әңгімелескенде, олардың барлығы маған ең қауіпсіз жыныстық қатынас жолы мүшеқапты пайдалану екендігін айтады. Тіпті өздері оны ешқашан қолданбауды ұйғарса да, олар солай айтады. Алайда егер ойларын өзгертіп, мүшеқаптар қолданатын болса, ол шынымен адамдар ойлағандай тиімді ме? Мүшеқаптардың соншалықты қауіпсіз емес екенін ешкім мойындағысы келмейді.

Шындық мынау: Шынында мүшеқаптар АҚТҚ-ның таралу қаупін едәуір азайтады, бірақ олар 100% қауіпсіз емес. Ал мәселесі мынау:

Кейде мүшеқапты пайдалануды кеңінен үгіттеу жастарға екі ұшты хабар жеткізеді: ол бір жағынан жастарды пәктігін сақтауға және жұбайына адал болуға шақырса, екінші жағынан оларды сақтандырғышты пайдаланып, жыныстық серіктерінің көп болуына жігерлендіргендей болып көрінеді.

 

Мүшеқап қолданылса да туған балалар

Ондаған жылдар бұрын әрбір ана өз қызына кім көрінгенмен жақындасатын болса, нәтижесінде баласымен жалғыз қалатынын ескертетін. Бірақ мүшеқаптар баяғыдан, тіпті, біздің заманымызға дейінгі 1850-жылдан бері белгілі болған. Ежелгі қытайлар мен римдіктер мүшеқап жайлы жақсы білген, әрі сол кезде оның пайдасы қазіргіден жоғары болған емес.

Тіпті бүгінгі күні мүшеқаптар көптеген адамдардың ойлайтынындай жүктіліктен еш шүбәсіз сақтай алмайды. Егер мен дәрігер-гинеколог болсам және менің қарамағымда жүктіліктен сақтану үшін мүшеқапты таңдап алған жүз жас келіншек бар болса, мен жыл сайын олардың он төрті айлықтары тоқтап қалғандықтан, зәрелері ұшып ұялып кабинетіме келетінін күмәнсіз айта аламын. Олар өздерінің жүкті екеніне сене алмайды, олардың серіктері әрдайым мүшеқапты пайдаланған сияқты еді ғой!

 

Тесік мүшеқаптар

Сатылымдағы сапасы төмен он мүшеқаптың жетеуі тесік болуы мүмкін екендігін есіңізге саламыз. Тіпті сапасы ең жоғары деп саналса да бәрібір 200 мүшеқаптың әйтеуір біреуі сіз оның сыртқы орамасын ашпас бұрын-ақ тесік болады. Бірақ ең маңыздысы — оны ашқаннан кейін не болатыны. Мүшеқапты дұрыс пайдалану соншалықты оңай емес екен. Қараңғыда оның жыртылып қалуы, әйелдің әшекейлеріне ілініп қалуы, жарылып кетуі, түсіп қалуы, сыдырылып түсуі, егер жыныстық қатынастан кейін дұрыс шешпесе, шәует ағып кетуі мүмкін.

Егер шынын айтсақ, мүшеқаптардың неліктен сіздің сеніміңізді ақтамайтынын ешкімнің білмейтінін мойындауымыз керек. Бірден-бір маңызды себеп мүшеқапты пайдаланамын дейтін адамның оны дұрыс ниетпен сатып алса да, қолданудың сәті түскенде оны киіп те үлгермейді. 

 

Мүшеқапты қолданып та , ауру жұқтыруға болады

Егер сперматозоидтың ұзындығы он сантиметр деп елестетсеңіз, онда онымен салыстырғанда вирустың көлемі түйреуіштің басындай-ақ болар еді. Егер сперматозоид еркектен әйелге өте алатын болса, онда вирусқа не шара. Сондай-ақ, вирус кері бағытпен әйелден еркекке де өте алады. Мүшеқаптың мұқият қолданылғанына қарамастан ерлердің АҚТҚ-ны өз жұбайларына немесе әйелдердің оны күйеулеріне жұқтырғандары жайлы мәліметтердің көптеп кездесуі таңғалдыратын жағдай емес. Тіпті мүшеқаптан ұрық өтіп кетсе де, әйелдің жүкті болып қалмауы да мүмкін. Себебі әйел отыз күннің үш күнінде жүкті бола алады. Тіпті ұрықтануға дайын тұрған аналық жасуша бар болған күнде де, көптеген адамдарға нәрестенің пайда болуы үшін көп рет тырысуға тура келеді. Шын мәнінде жүз адамның бесеуі бұның нәтижесін ешқашан көре алмайды. Ал басқа бесеуіне нәрестенің пайда болуы үшін айлар, тіпті жылдар бойы қажымай тырысулары қажет болады. Орта есеппен алғанда бұл үшін әйел мен еркекке шамамен төрт ай уақыт керек.

Бірақ АҚТҚ-ны айдың кез келген күнінде жұқтыруға болады. Бұған серігіңізбен бір-ақ рет төсектес болудың өзі жетерлік.

 

Мүшеқап машиналардың қауіпсіздік белдігіне ұқсас

Қауіпсіздік белдігі жылына мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалады. Алайда бұның кері әсері де бар: адамдар белдікті таққаннан кейін өздерін қауіпсізбін деп сезініп, олар көбіне жылдамдықты күшейтіп, бағдаршамға қарамай, өзгелермен жарысып, озуға тырысады. Ақыр аяғында адамдар қатерге тап болады. Сондықтан құтқарылғандардың саны болуға тиіс саннан анағұрлым аз болып шығады. Мүшеқапты және оның сенімділігін асыра сілтеп насихаттап, кейбір денсаулық сақтау науқандары көптеген адамдардың бұрынғы жеңіл жүріске салынған өмірлерін жігерлендіреді. «Сол райыңнан қайтпа, бірақ мүшеқапты қолдануды ұмытпа».

Бәрі де түсінікті: егер сіз вирусты жұқтырып алғаны мүмкін адаммен жыныстық қатынасқа түсуге тәуекел ететін болсаңыз (адамдардың бәрі бірдей шындығын айтпайды, әрі сіз ауруды сырт келбетіне қарап ажырата алмайсыз, онда оны қалай біле аласыз) әрі мүшеқапты қолданбасаңыз, онда сіз — есіңізден адасқансыз. Мүшеқап сіздің өміріңізді сақтап қалуы мүмкін. Мүшеқаптардың миллиондаған адамдардың өмірін ЖҚТБ-дан сақтап қалғандығы еш күмәнсіз.

Егер сіз мүшеқапты пайдаланып жүрген болсаңыз, оның сапалы екендігіне көз жеткізіңіз. Мүшеқаптар ыстық жерде, әсіресе пайдалануға дейін көп ай бойы сақталса, жарамсыз болып қалады. Бұған қоса ауруды жұқтырып алу қаупін азайту үшін   спермицидті қолданыңыз. Егер сіз (қынапты ылғалдандыру үшін) любрикантты пайдаланғыңыз келсе, судың негізінде жасалған және спермициді барын қолданыңыз. Майдың негізінде жасалған любриканттар санаулы минуттың ішінде сақтандырғышты ерітіп жібереді.

Бірақ өзіңізді алдамаңыз: егер сіз мүшеқапты пайдаланып жүрген болсаңыз, бұл еш жүкті болмайсыз, немесе ешқандай инфекцияны жұқтырып алмайсыз дегенді білдірмейді.

Егер сіз вирусты тасымалдаушы бір немесе бірнеше адаммен үнемі жыныстық қатынаста болсаңыз, мүшеқаптың көмегімен бе әлде онсыз ба маңызды емес, онда күндердің күнінде ауру жұқтырасыз. Бұл спорт машинасымен үнемі қауіпсіздік белдігін тағып алып, жол жүру ережелерін елемей, апат болса да, өлмеймін деп ойлап жоғары жылдамдықпен жүрумен бірдей. Қауіпсіздік белдігі қауіпті азайтады, бірақ жарақат алмайсыз деген кепілдік бермейді.

 

Аборт ЖҚТБ-дан құтқармайды

Мүшеқаптар қатерді 85-95%-ға төмендетеді, бірақ мен өмірімде оған сенбес едім. Оны пайдаланса да, ауру жұқтырып, аяғында өлген адамдар бар. Кейбіреулер ойлағандай мүшеқаптар соншалықты қауіпсіз емес. Медицина әдебиеттерінде былай делінген: «Жыныстық қатынас қауіпсіздеу болу үшін мүшеқапты пайдаланыңыз». Мәселе біздің естігіміз келген нәрсені ғана естуімізде. Біз «Мүшеқапты пайдаланса, жыныстық қатынас қауіпсіз», — дегенді естиміз. Жақын арада біреу: «Аборт сізді балалы болудан сақтағанымен, ЖҚТБ-дан құтқара алмайды», — деген.

 

Әйелдер де мүшеқап іспетті сақтандырғышты қолдана алады

Қазір мүшеқаптың жаңа түрі бар. Ол кәдімгі мүшеқаптың материалынан жасалынады, бірақ әйелдің ішкі ағзасында орнықты тұруы үшін арнайы құрылыммен нығайтылған. Бұндай сақтандырғыш қосымша қорғаныш жасайды. Мәселе әйел мен еркек жыныстық қатынасқа түскенде, бұл жұқа резеңке кімнің қолданғанына қарамастан, әйел ме, әлде еркек пе, бәрібір, орнынан шығып немесе жыртылып кетуі мүмкін. Бәрі де болуы мүмкін, бірақ ешбір адам бұны әбден кеш болмайынша байқамайды. Бұйым неғұрлым тығыз әрі қалың болса, адамдар соғұрлым оны пайдалануды құп көрмейді. Екеуіне де көрінбейтін әрі білінбейтін мінсіз сақтандырғыш жоқ, дегенмен, кейбіреулердің айтуынша, әйелдердің сақтандырғышы мінсіздікке жақын, бұған қоса оны көп рет қолдануға болады. Дүние жүзі бойынша олардың 35 миллионы сатылған.

 

Мүшеқаптар сенушілердің ЖҚТБ мәселесіне деген жауабының бір бөлігі болуы тиіс

Қауымдар мүшеқаптар жайлы мәселеге жауап іздегенде, әр түрлі ойда болады. Мынадай мысал: бір адам қауым жетекшісіне қан құю нәтижесінде вирусты жұқтырып алғанын және енді жұбайының денсаулығы не болатынын уайымдайтынын айтады. Олардың екеуі де АҚТҚ-ға тексерістен өткен. Соның нәтижесі: ері вирусты жұқтырып алған, ал зайыбы жұқтырып алмаған. Енді оған қандай ақыл-кеңес беру керек? Әрине, бірден-бір дұрыс ақыл — ерлі-зайыптының екеуіне егер сақтанбай жыныстық жақындасса, зайыбының өміріне қауіп төніп тұрғанын   түсіндіру. Бірақ егер олар жақындасқанда үнемі мүшеқапты дұрыс пайдаланатын болса, онда зайыбының ауру жұқтырып алу қаупі азаяды. Бұндай жағдайда ерлі-зайыптыларға сақтандырғышты пайдаланудың артықшылығын айтпау — ақымақтық, тіпті әдейі кісі өлтірушілік  болар еді.

Осындай жағдайдағы қауіп-қатерді қарастырайық. Егер екеуі де жыныс арқылы таралатын емделмеген мерез (сифилис), соз (гонорея), теңгеқотыр (шанкроид) және басқа да ұзаққа созылған аурудан аман болса, бір рет жақындасқанда АҚТҚ-ны жұқтырып алу қаупі жарты пайыздан аз. Ал мүшеқапты пайдалану бұл қауіпті тағы он есе азайтатынын білеміз. Демек, егер сіз мүшеқапты дұрыс қолдансаңыз, әйеліңізден не күйеуіңізден АҚТҚ-ны жұқтыру қаупі 2000-ның біріне қарағанда аз дегенді білдіреді. Басқа сөзбен айтқанда, орта есеппен бұндай ерлі-зайыптылардың ауру емес жұбының біреуі АҚТҚ-ны жұқтыруы үшін шамамен 2000 рет жыныстық жақындасуы тиіс. Әлбетте, бұл жағдай 20 реттен кейін болып қалуы мүмкін және 10000 реттен кейін де болмауы мүмкін. 2000 рет — бұл жүздеген ерлі-зайыптылармен не болып жатқанын бақылаудан шығаруға болатын орташа көрсеткіш.

Сонымен, сенуші үшін кейбір жағдайда сөз әйелінің не күйеуінің өмірін сақтап қалу жайлы болғанда, сақтандырғышты пайдалануға деген ешқандай кедергі болмайтындығы анық. Бұл жолмен қаншалықты алысқа баратынымыз белгілі бір қауымға байланысты, бірақ мен айтып өткендей, олардың ұстанатын дәстүрлері мен мәдениеттері бір-бірінен өте алшақ.

 

Атастырылған екі жастың алдындағы таңдау

Кейбірде ЖҚТБ-дан орасан зор жапа шеккен елдердегі бірқатар қауымдардың жетекшілері жұптар АҚТҚ-ға тест тапсырмайынша, олардың некесін қиюдан бас тартады. Егер олардың біреуі не екеуі де вирусты жұқтырған болса, олардың неке қиюына тыйым салады. Жеке өз басым Киелі кітаптың ішінен осы әрекетті құптайтын ешбір аятты білмеймін. Біздің адамдарды қамқорлыққа және жауапкершілікке шақыру керектігіміз айдан анық. Егер әйел де, еркек те АҚТҚ-ны жұқтырған болса, онда медицина тарапынан алғанда, неге оларға үйленуге болмайды деген дәлелді көрмеймін және олардың, мәселен, ракпен ауыратын екі аурудан қандай айырмашылығы бар. Қайта, балалы болмас бұрын ең бастысы балаларының ауру жұқтырмауы үшін, тіпті кейбір дәрі-дәрмектерді жүктілік кезінде қабылдағанда қауіпті  азайтатын болса да, екеуінің де әбден ойланғаны жақсы.

Атастырылған жұптың біреуі ауру, ал екеншісі сау адам болса, олар расымен қиындыққа душар болады. Өйткені олар ұзақ мерзімдік қатынасқа түсетіндіктен, жыныстық жақындықтың салдары екеуінің бірінің өлімімен бітуі мүмкін. Алайда, меніңше, осылардың барлығы да тек жеке басқа берілер ақыл-кеңеске жатады, бірақ қауымның қатаң ережелері бола алмайды.

 

Шылым шегу ше?

Мен жақында Бурунди еліндегі көптеген қауым жетекшілерімен мүшеқапты пайдалану жайлы мәселені талқыладым. Мен олардан шылым шегуді мақұлдайсыздар ма деп сұрадым. Олар мақұлдамайтындығын айтты. Мен олардың фильтрі бар және фильтрі жоқ шылымды шеге алатынын, бірақ фильтрі бар шылым әлдеқайда қауіпсіздеу әрі одан адам өлімі азырақ екендігін айттым. Сонымен, егер олардың темекі тартуды әдетке айналдырып, өз райынан қайтпайтын достары болса, онда олар оған фильтрі бар темекі тартуға ақыл бермес пе еді? Олар оған фильтрлі шылымның қаншалықты қауіпсіздеу екендігін түсіндірмес пе еді? Немесе олар бұны адамдарды одан да көбірек шылым шегуге жігерлендіру деп ойлар ма еді?

Олар шылым шегуге қаншалықты қарсы болса да, темекінің одан бетер қауіпті болғанын қаламайтындықтарын айтып, келісті. Және фильтрі бар шылым шегетіндердің фильтрсіз шылымды шегетіндерге қарағанда ауыру қаупі азырақ болатынын түсіндіретін мемлекеттік жарнаманың қажеттігімен келісті. Мен бұл дәлелдің мүшеқап мәселесіне де көп жағынан қатысты екенін нұсқадым. Егер біреу (біздің насихатымызға құлақ аспай) бәрібір тәуекелге бел байлап, ауру жұқтырған адаммен жақындасқанның арқасында өлетін болса, онда оған осы біртіндеп келетін ажалдан қалай аман қалу керектігін ескерту біздің міндетіміз емес пе?

Мен үшін мәселе түсінікті: біз адамдарды пәктік пен адалдықты сақтап қалуға жігерлендіру үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз керек. Бірақ сонымен бірге егер олар өз жолдарымен жүруді таңдаса, өлімнің қатерін азайту мүмкіндігі бар екендігін түсіндіру біздің міндетіміз.

 

АҚТҚ — дамуға қатысты мәселе

АҚТҚ — дамуға қатысты мәселе. Кедейлік ЖҚТБ-ның таралуына септігін тигізеді. Білімнің аздығы, дәрігерлік жәрдемнің жетіспеушілігі, нашар байланыс, жоқшылық балаларды кездейсоқ жыныстық қатынас арқылы ақша немесе нан табуға мәжбүрлейді. Осы тұйыққа тірелген жоқшылықтан бірігіп арылуымыз керек. Егер барлық назарымызды тек қана АҚТҚ-ға шоғырландыратын болсақ, бұл ЖҚТБ-ның таралуын тоқтатпайды.

Мәселен, ауру жұқтырған жезөкшені алайық. Егер ол еркектердің ұсынысынан бас тартса, күнделікті нанын қайдан табады? Оның балаларын кім асырайды? Дәрі-дәрмекке кім ақша төлейді? Осы мәселені шешетін алдын алу науқандары (профилактикалық кампаниялар) жеткіліксіз. Бізге істің ыңғайын табу керек. Міне, сондықтан да экономиканың өсуі ЖҚТБ-ға қарсы қарудың бірі болып табылады: инвестицияларды тарту, бизнес пен халықаралық сауда-саттықты жігерлендіру. Кішігірім банктер, кіріс әкелуге бағытталған іс-шаралар және басқа өзіне-өзі жәрдем беру бағдарламалары әрбір жан басының жалпы табысын арттырғаны үшін ғана емес, сонымен қатар АҚТҚ-ны — жұқтырғандардың өмірлерін қайта құрып әрі жетімдердің амандығын сақтауда негізгі рөлді атқаруға тиіс. Біз көріп отырғандай, ЖҚТБ ешқандай емі де, қарсы вакцинасы да жоқ қатерлі ауру. Жалғыз ғана үмітіміз адамдарға инфекциядан қалай сақтана алатындығын үйрету. Егер ешбір емі не вакцинасы болмаса, ал сақтандырғыштарды сатып алуға жүз миллиондаған адамның бәрінің бірдей қалтасы көтермейтін болса, не істеуіміз керек?

 

Африканың тәжірибесі

Бірнеше апта бұрын ғана мен осы мәселенің шешімін аса қажет ететін, яки ауру күллі ұрпақтың қырылып қалуына қауіп төндіріп тұрған елге барып келдім. Угандада Африканың кез келген басқа елдеріне қарағанда ЖҚТБ ауруы кеңінен таралған болатын. Бұл елді көбіне ЖҚТБ-дан азап шеккен ел деп болжауға болатын еді, бірақ жағдай басқаша. Уганданы әділ әрі ержүрек жетекшілер басқаратыны сөзсіз. Онда нәтижесі әлемдегі ең табысты деп саналатын науқандардың бірі ұйымдастырылды.

Африканың басқа бірнеше елдерінде ЖҚТБ мәселесі соншалықты кезек күттірмейтін қиын мәселе болса да, үкімет басы ол туралы тіс жармауды жөн көрген. Бір елде дәрігерлер АҚТҚ-ны жұқтырғандардың санын нақты білгендеріне қарамастан, ресми түрде олардың санын төмендетіп айтқан. Егер адамдар сіздің еліңізде ЖҚТБ-ға шалдыққан аурулардың көп екенін білсе, үлкен компаниялар сізбен бірге қызмет істеуден бас тартады, туристер келмейтін болады. Экономика құлдырайды және күтім көрсетуге мұқтаж өлім аузындағы мыңдаған аурулардың үстіне жұмыссыздық пен үдеп келе жатқан жоқшылық қосылады.

Уганда үкіметі елдегі үлкен мәселені ашық мойындады. Бұл халықаралық ұйымдардың көмек беруіне, сонымен бірге халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп, түсіндіру, алдын алу жұмыстарына жол ашты. Егер сіз шын мәнінде біреудің сол аурудан өлім үстінде жатқанын ресми түрде мойындамасаңыз, адамдарға қалайша өлімнің негізгі себебі осында деп айтуға болады. Орталық Африканың кейбір бөліктерінде жүк таситын машинаның әрбір үшінші жүргізушісі және түні бойы сыраханаларды кезіп жүрген жас қыздардың тең жартысы ауру жұқтырған. Жалпы алғанда сол аймақтардың әрбір бесінші тұрғыны ауру жұқтырған. Бірқатар эксперттердің айтуынша Африканың кейбір қалаларында жыныстық қатынасқа белсенді жастағылардың тең жартысы ЖҚТБ-дан өлуде.

 

АҚТҚ басқа да жыныстық қатынастан жұғатын аурулар іспетті таралады

Мен екі бірдей қызынан айырылған бір анамен кездескен едім. Оның бет-жүзін қайғы басқан болатын. Ол маған қыздарының қалай қайтыс болғандығын әңгімелеп берді. «Олар өмірден тым жас кетті ғой, одан да менің өлгенім артық еді», — деді ол. Африкада инфекция әрдайым кез келген жыныстық қатынастан жұғатын аурулар іспетті: еркектен әйелге, әйелден еркекке таралады. Осы елдерге ат басын бұрған еуропалықтар санаулы ғана жыныстық қатынаста болғандарына қарамастан, елдеріне ауру жұқтырып қайтады.

1988-жылы мен бірінші рет Уганда еліне бардым. Денсаулық сақтау және Білім беру министрліктерінің өтініші әрі шақыруы бойынша бірнеше күн бойы 20 мың адаммен сұхбат жүргіздік. Біз мектептерге барып, оқушылардан кімнің ЖҚТБ-дан қайтыс болған адамды өз көзімен көргенін сұрағанда, олардың жартысы қолын көтерді. Ал екі жылдан кейін олардың барлығы дерлік қолын көтерді.

Біз ашық аспан астында африкалық үлкен әрі шулы оркестрдің сүйемелдеуімен жиналыс өткіздік, сонымен бірге аудармашылардың көмегімен жеке ақыл-кеңес бердік. Екі мың жарымдай жергілікті тұрғындар біз мәліметтермен бөлісіп, сұрақтарға жауап бергенше, үш сағат бойы алаңда орнынан тапжылмай тұрып бізді тыңдады. Тыңдаушылардың көбісі әдетте бұл тәрізді іс-шараларға қатыса бермейтін ер адамдар болды. Олар ЖҚТБ ауруы сол аймақтағы әрбір адам үшін өлім мен өмірдің мәселесі болғандықтан келген еді.

 

Тест тапсырудың үлкен маңызы бар

Көптеген жастар маған келіп, анализ тапсырғысы келетінін айтып өтінді. Олардың уайымдарының орынды себебі болды. Олар неке қиюға келген екі жастың біреуі ауру жұқтырған болып шығуы әбден мүмкін екендігін, солайша екіншісін өлімге итермелейтінін біледі. Оларға не істеу керек? Оларға өмірлерінің соңына дейін сақтандырғышты байқап пайдаланыңдар деп айтуға тіпті аузың бармайды.

Ал балаларды не істейміз? Әйел адам егер нәрестелі болса, оған өзінің сүті арқылы инфекция жұқтыратынын түсінеді. Ол өз баласын өлтірмейтініне көз жеткізу үшін, тест тапсыруды қалайды.

Маған күйеуі басқалармен жиі болатындығын уайымдап жүрген бір әйел келді. Оның күйеуі соңғы он жыл ішінде талай рет әйелінің көзіне шөп салғанын мойындады және олардың екеуі де өздерінің қайтыс болған таныстары сияқты оның да ауру жұқтырып алғаны әбден мүмкін екенін біледі. Сол адамдар әрдайым қорқынышпен өмір сүреді: олар тек ақыл-кеңеске ғана мұқтаж емес. Олардың кейбіреулеріне дереу тест тапсыру қажет. Біздің қолымыздағы ЖҚТБ-ға қарсы ең мықты қарулардың бірі — анализ тапсыру. Өйткені ол вирустың тасымалдаушысын анықтауға көмектеседі, солайша адамдар өздерінің сүйіктілерін немесе кездейсоқ жыныстық қатынасқа түскен адамды өлтірмеу үшін қадамдар жасай алады. Басқалары жұбайының не серігінің аурудан аман екендігін біліп, егер бір-біріне деген адалдықтарын сақтаса, өмірлерінің соңына дейін АҚТҚ-ны жұқтырудан қорықпай-ақ сақтандырғышсыз жақындаса алады.

 

Өмірдің соңына дейін жыныстық бір серіктеспен болу

Уганда үкіметінің күйзеліске қарсы әрекеті тез әрі айтарлықтай нәтижелі болды. Ешқандай екі ойлы өтініш түспеді. Жауап айқын әрі анық болды: «Қауіпсіз жыныстық қатынас дегеніміз — өмірлерінің соңына дейін некелескен, пәктігін сақтаған екі жастың арасындағы жыныстық қатынас. Егер сіз шынымен бұлай істей алмасаңыз, онда, мүшеқап сіздің өміріңізді сақтай алу мүмкін.»

Африканың көптеген үкімет басшылығын вирустың дәрігерлік емдеу жолы арқылы таралуы мазалайды. Кейбір аймақтарда ауруларға қан құю үшін өткізілген қанның әрбір бесінші литрінің вирусы бар болып шықты. Бір қуантарлық жайт, енді Африканың барлық жерінде дерлік бүкіл донорлық қанды тексеретін қажетті жабдықтар бар. Сонымен қатар бір рет қолдануға жарамды дербес инелер мен тазартқыш (стерилдейтін) құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі жанға батады. Африкада ЖҚТБ-дан өздері де білмей ауру жұқтырған қаншама дәрігерлер мен медбикелердің қаза тапқанын ешкім білмейді. Сондықтан инфекция түскен қан мен құрал-жабдықтың қаншалықты қауіпті екенін білу денсаулық сақтау ұйымдарының науқанды ісінің маңызды бір бөлігі болды.

 

Адамдар Африкада бәрі де басқаша дейді

Көптеген адамдар Африканың басқа елдерден қандай айырмашылығы бар деген сауалға жауап таппай басын қатыратын. Сіз өзіңіз шешуіңіз керек. Оны ұйғару өз қолыңызда. Кейбіреулер африкандықтар АҚТҚ-ны қабылдауға аса бейім, сондықтан да ауру сол жерде аса жылдам қарқынмен тарайды дейді. Бұл айтылған ой Лондонның клиникаларының бірінде өткізілген зерттеулердің нәтижесінде теріске шығарылды. Дәрігерлер есеп жүргізгенде қателескендігін жұрт алдында мойындағанға дейін, алты ай бойы осы айтылған ой бүкіл әлемге жария болып келді.

Ал басқалар африкандықтар тәртіпсіз жеңіл жүріске тым әуес дейді. Адамдар неге сенгісі келсе, соған сенеді. Африканың қайсыбір аймақтарындағы ер адамдардың  жүріс-тұрысы оларды жеңіл жүріске итермелейтіні анық, бірақ бұның өзі африкандықтардың арасында ЖҚТБ-ның неге сонша кең тарағанын түсіндіре алмайды.

Тағы бір болжам ЖҚТБ эпидемиясы медицинада тазалықтың болмауынан, яғни лас ине мен залалданған қаннан деп түсіндірілді. Бірақ шындық былай дейді: егер осының бәрі рас болса, онда күре тамырына инемен дәрі жіберілген әр жастағы адамдар жаппай вирус жұқтырған болар еді, алайда ауру жұқтырғандардың көпшілігі жыныстық қатынасқа белсенді жастағы жігіттер мен жас қыз-келіншектер. Ақырында біреулер белгілі бір ауруды жұқтыру, ағзаның басқа инфекцияларды жұқтыруына да жол береді деп мәлімдеді. Мәселенің түбі осында деп пайымдауымызға аса маңызды негіз бар. Дұрыс ақыл бізге кімде-кім АҚТҚ-ны жұқтырғанға дейін ұзақ мерзімді ауруға тап болған адам болса, оның ЖҚТБ-ға қарсы тұруға дәрменсіз екендігін айтады. Көбіне бұған безгек және басқа да тропикалық аурулар себепші бола алады.

Алайда ең жақсы түсіндірме ол — жыныстық қатынастан жұғатын аурулар. Олар барлық жерде де бар, бірақ денсаулық сақтау мекемелер жүйесі  нашар дамыған елдерде жыныстық қатынаспен берілетін созылмалы ауру әдеттегіден де жиірек кездесейтін. Оған қоса, байланыс жүйесі жақсы дамыған елдерге қарағанда нашар дамыған жердегі ауру жұқтырған адамның жыныстық серігінің  кім екенін анықтау анағұрлым қиын. Біз егер адам соз, мерез немесе осыған ұқсас ауруды жұқтырған болса, осы вирустардан теріде қалған кішкентай жаралардың ЖҚТБ вирусының ағзаға енуіне оңай жол беретінін білеміз.

Үндістандағы Мумбай (Бомбей) сияқты елді-мекендерде АҚТҚ-ның тез таралуының бірден-бір себебі сол үлкен қаладағы ересектердің жартысы дерлік емделмеген жыныстық қатынастан жұғатын ауруларды тасымалдауында.

Сіздер көріп отырғандай, Орталық Африкада орын алған жайттардың қандай да бір дәрежеде Батыста да қайталанатыны хақ. Африкада болып жатқан жайттардың бәрін көре тұра, Ұлыбританияда ЖҚТБ-ның қаупі гейлер мен нашақорларға ғана төніп тұр деп мәлімдеу — нағыз ақымақтық. Тек ақымақтық қана емес, надандық болуы тиіс: 2001-жылы Ұлыбританияда жаңадан ауру жұқтырғандардың көбі гетеросексуалдар болатын, олардың көпшілігі ауруды басқа елдерден жұқтырып алып келген.

 

Инфекциядан қалай сақтануға болады?

Сіздің келесі рет жыныстық қатынасқа түсетін адамыңыз менің өмір бойы серігім болады деп шешім (әлі қабылдамаған болсаңыз) қабылдағаныңыз жөн шығар. Біреулер сізге өмір осындай бірқалыпты емес деп айтуы мүмкін. Мысалы, егер ол адамның жыныстық қатынасқа түскен бірнеше серіктесі болған болса ше? Немесе сізде де сондай болған болса ше? Сіздің серіктесіңіз көзіңізге шөп салса, немесе есірткіні күре тамырға егетін болса ше?

АҚТҚ-ға анализ тапсыру мәселесі қиын да күрделі, әрі әрбір адам және әрбір жұп айрықша. Егер айтарлықтай қауіп төніп тұрса, онда сіздердің игілігіңіз үшін біреуіңіздің не екеуініңіздің де анализ тапсыруыңыздың зор мәні бар шығар. Сіздерге дәрігердің немесе ЖҚТБ орталығының медициналық ақыл-кеңесі керек.

Егер әлі де қабылдамаған болсаңыздар, тағы басқа бір шешім қабылдауға тиіссіздер, яғни, ешқашан және ешқандай жағдайда біреудің қанының ізі қалатындай күмәнді инемен тамырыңызға дәрі жіберуден үзілді-кесілді бас тартыңыз.

 

Қауіп-қатерді қалай жоюға болады

Егер сіз осы өте қарапайым екі нәрсені ұстансаңыз, ауру жұқтырып алу қаупін нөлге дейін азайтасыз. Қауіп-қатер тек егер сіздің серіктесіңіз тәуекел етуін тоқтатпай, яғни, сізге адал болмауын жалғастыра берсе немесе өзіңіз дәрігерлік не күтім көрсету саласында жұмыс істеп жүрген болсаңыз ғана сақталады. Ал сіз соңғы топқа жататын болсаңыз, онда күтім көрсету кезінде өзіңізді қалай сақтай алатыныңыз жайлы түсінікті де анық нұсқау алуға тиіссіз.

Басты ереже аурулардың қанын немесе дененің сұйықтарын мүмкіндігінше өз теріңізден алшақ ұстаңыз.

Келесі тарауда ЖҚТБ-ға қатысты адамдардың көкейінде жүрген күмәндар мен мәселелерді қарастыратын боламыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  40  41  42  43  44  45  46  47  48  49  50  ..