«Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әлемдік тәжірибе»

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 4

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  ..

 

 


ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
«Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әлемдік тәжірибе»
КІРІСПЕ
 
 

 

 

Тақырыптың өзектiлiгi. Демократиялық институттар мен құндылықтар сыбайлас жемқорлықтың көріністерімен, сондай-ақ, одан туындайтын қоғамның тұрақты және қауіпсіз дамуына қатер төндіретін проблемалармен сыйыспайтыны даусыз. Тиісінше Қазақстанда іске асырылып жатқан демократиялық қайта құрулар сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне қарсы барлық деңгейлердегі күресте тиімді жұмыс істейтін жүйесіз мүмкін емес.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамдық демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне сызат түсіретіні даусыз. Ұсынылып отырған зерттеудің негізгі өзектілігі де осында.

Зерттеудің нысаны. Жұмысымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі әлемдік тәжірибені зерттей, талдай отырып, осы құбылысқа тән себептік-кешендік факторларды, оған қарсы қолданылатын халықаралық-құқықтық құралдарды қарастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің даму тарихына тоқталамыз.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндетi. Жұмыстың мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіндегі халықаралық тәжірибені саралап, айқындап, сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі заңнаманың қоғамның дамуына қарай іс жүзінде жетілдіріп отыратынына көз жеткізу. Ол үшін мынадай міндеттерді орындау көзделді:

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы мәселенің ғылыми-теориялық негіздерін айқындау;

- сыбайлас жемқорлықтың болмысын, түрлерін, негізгі белгілерін, ерекшеліктерін, субъектілерін анықтау, сондай-ақ пайда болу себептерін айқындау;

- сыбайлас жемқорлық қылмыстарды себептік-кешендік факторларына қарай топтастырып, оларға сипаттама беріп, жіктеу;

- әлем мемлекеттерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу мәселесіндегі тәжірибесін зерттеу;

- дүниежүзілік қауымдастықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы

қолданылатын халықаралық-құқықтық актілеріне шолу жасап, олардың әр мемлекеттің даму ерекшеліктеріне қарай қолданылуын талдау.

   Зерттеу материалдары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін Б.В Воложенкин, Г.А. Сатаров, П.А.Кабанов, М.Л. Цирик, М.И. Лёвин, Н.А. Морозов, И.И.Сулима, Г.В. Игнатенко, Ю.А.Кузнецов, А.В.Хомутова және де басқа ғалымдар зерттеді.

Жемқорлықтың қағидаларын, түрлері мен нысандарын, себептік-кешендік факторларын, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің тәжірибесін пайдалануды, қолдауды ұсынған мынадай қазақстандық ғалымдардың еңбектері осы мәселенінің зерттелуіне елеулі үлес қосты: Б.А.Амрекулов, Г.И.Баймұрзин, И.Ш.Борчашвили, С.Ғ.Қапаров, Ш.Құттаяқов, Д.В. Құрбатов, Г.С.Мәуленов, М.О.Нәукенов, С.С.Сартаев, Е.З.Тұрғымбаев, М.К. Ынтықбаев және тағы басқалар.

   Жұмыстың зерттеу әдiсi. Жұмыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеуге арналғандықтан, сыбайлас жемқорлық факторларын белгілеудегі негізге алынған сипаттамалы әдіс, талдау әдісі, осы құбылыстың себептерін анықтау, ерекшелігін нақтылау үшін салыстырмалы әдіс, салыстырмалы-тарихи, бақылау әдiстері қолданылды.

Зерттеудiң теориялық және практикалық маңыздылығы. Зерттеудің нәтижелерi мен тұжырымдары сыбайлас жемқорлық, оған қарсы күрес мәселесінің ғылыми негiздерiн өз деңгейiнде толықтырады. Арнайы зерттеу нысанасы негiзiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы әлемдік тәжірибені жинақтап, жүйелеуге талпыныс жасалды. Зерттеудiң нәтижелерiн сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес мәселесі бойынша арнаулы курстар оқуда, семинарлар жүргiзуде, заңтану курсында, қоғамдық практикада пайдалануға болады.

 

 

 

 

I Бөлім. Халықаралық құқық пен Қазақстан заңнамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қалыптасуы және дамуы

 

1.1 Сыбайлас жемқорлық: теориялық негіздері, даму тарихы және түрлері

 

Сыбайлас жемқорлықтың даму тарихы ежелгі кезеңнен бастау алады. Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді», - деп айтқан[1]. Сыбайлас жемқорлық құбылысын халықаралық заманауи тұрғысынан түсіну және оған қарсы күрес шараларын іске асыру жолдары қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылармен жұмыс жүргізу жөніндегі БҰҰ-дың Сегізінші Конгресінің хатшылығы әзірлеген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша практикалық шаралар» атты нұсқаулықта көрініс тапты (Гавана, 1990 жылғы тамыз-қыркүйек).[2] Осы құжатты талқылау нәтижесінде әлемдік қауымдастыққа сыбайлас жемқорлықтың мынадай ерекшеліктері ұсынылды:

1.     Осы ұғымның мағынасынының сипатына қарай сыбайлас жемқорлыққа жататын барлық құқық бұзушылықтар енгізілуі тиіс, олар: этикалық, тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық-құқықтық бұзушылықтар, бұл сыбайлас жемқорлық жолына түскен субъектінің қызметтік бабын өз басының пайдасына асыра пайдаланып, заңды бұзғандығынан көрінеді.

2.     Мемлекеттік қызметтегі тұлғаларды сыбайлас жемқорлық жолына итермелейтін субъектілердің қызмет шеңберін шектеу. Бұған шенеуніктердің артықшылықтарды заңсыз пайдаланғанын жатқызуға болады, осындай қызмет көрсететін субъектілердің шеңберін жеке және заңды тұлғалар толықтырылып отырады.

3.     Өз қызмет жағдайын жемқорлық құқық бұзушылықтың субъектісі ретінде заңға қайшы сипатта пайдалану.

4.     Жемқорлықтың көрініс табуының ең қауіпті екі түрі:

- мемлекеттік немесе қоғамдық мүліктерді жемқорлық жолмен ұрлау;

- мемлекеттік қызметкерлердің әрекетінде ұрлық белгілері байқалмаса да, олардың қандай да бір артықшылықтарды заңсыз жолмен алу мақсатында өз қызметтік жағдайын теріс пайдалануы.[3]

1979 жылы БҰҰ-дың Бас Ассамблеясы және сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі аймақаралық семинар (Гавана 1990 ж.) мынадай анықтаманы ұсынды: «Сыбайлас жемқорлық – бұл жеке адамның немесе бір топ адамдардың қызмет жағдайын өз басының мүддесіне қарай пайдалануы және мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын заңсыз пайда алуға бағыттауы». [4]

Енді бір анықтама 1999 жылғы «Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы» атты Еуропа Кеңесінің Конвенциясында берілген, онда: «Сыбайлас жемқорлыққа – мемлекеттік, муниципалдық немесе өзге де қоғамдық қызметшілердің немесе коммерциялық не өзге де ұйымдардың қызметшілерінің өз мәртебесін кез келген мүлікті заңсыз алуы, оны иемденуге құқықты болуы, қызметті немесе жеңілдікті пайдалануы, сондай-ақ аталған тұлғалардың осындай мүлікті, оны иемдену құқығын басқа тұлғаға беру, қызмет көрсету және жеңілдіктер ұсыну жатады.[5]

Кейбір ғалымдардың пікірінше осы анықтама толық емес, себебі сыбайлас жемқорлық құбылысы құқық ұғымының шеңберінен әлдеқайда кең.

М.О. Нәукенов: «Сыбайлас жемқорлық» және «ұйымдасқан қылмыс» ұғымдарын бір-бірімен байланыстыра қарауды ұсынады. Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлықты ұйымдасқан қылмыс өкілдері мемлекеттік органдар жұмысын «бақылау» құралы ретінде пайдаланады, бұндай жағдайда қылмысты әлеуметтік тұрғыдан бақылау бейтараптанады, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыс өкілдері билік органдарын өз мақсатына жету үшін пайдаланады және саяси шешімдер қабылдауда ықпал жасайды.[6]

А.С. Қалмұрзаев сыбайлас жемқорлықты: «кез келген қызметкердің қызмет жағдайын пайда күнемдік мақсатында пайдалануы», - деп сипаттайды.[7]

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 2-бабына сәйкес: «Мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттілігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады».[8]

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев атап өткендей: «Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес». [9]

Қазіргі отандық әдебиеттерде: «Сыбайлас жемқорлық - (латын тілінен «соrruptio» - пара беріп сатып алу, құқық бұзу, құлдырау деген мағынаны білдіреді) деп қоғамдық және саяси қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың сатқындығын, оларды сатып алуды, яғни саяси, экономикалық, әскери және тағы басқа да салалардағы қызметкерлердің қолындағы билігінің мүмкіндіктерін және қызмет бабын жеке басын байыту мақсатында пайдалануын айтады».

А.Н. Ағыбаевтың пікірінше: «Сыбайлас жемқорлық - бұл кез-келген лауазымды тұлғаның өзіне және тағы басқаларға заңсыз жолмен пайда әкелу мақсатында жасаған қылмысы. [10]

Жоғарыда келтірілген анықтамаларды талдай келе, мынадай қорытынды жасауға болады:

- сыбайлас жемқорлық құбылысының өзіне тән белгілері бар;

- сыбайлас жемқорлық - бұл, ең алдымен, әлеуметтік құбылыс;

- халықаралық құжаттарда жемқорлықтың нақты анықтамасы жоқ;

- әрбір мемлекет қазіргі құқықтық дәстүрлер негізінде өздерінің жемқорлыққа қарсы құралдар жиынтығын анықтайды;

- жемқорлық ұғымы қазіргі қоғамдағы жемқорлықтың құқықтық анықтамасына негізделмеген.

Сөйтіп, айтылғандарды қорыта келе, сыбайлас жемқорлық - бұл екі жақ арасындағы «мәміле» деп тұжырымдауға болады, оның бірі – өз лауазымдық өкілеттігін заңға қарсы пайдаланатын мемлекттік немесе жеке қызметте жұмыс істейтін тұлға, екіншісі – мемлекеттік немесе жеке құрылымды өз басының пайдасы, яғни материалдық жағдайын көтеру, артықшылық алу, заңда көзделген жауапкершіліктен таю тағы үшін пайдаланатын адам. Осындай құбылыс екі жолмен жүзеге асырылуы мүмкін:

1. мемлекеттік қызметшінің өзі алдына келген адамды пара, сыйақы беруге мәжбүрлейді.

2. белгілі бір адам, бұл ұйымдасқан қылмыс өкілі болуы мүмкін, мемлекеттік қызметшіге көп жағдайда психологиялық  қысым көрсетіп, оны «сатып алу» мақсатында пара, сыйақы алуға итермелейді.

Сыбайлас жемқорлықтың түрлері мен типологиясын қарастыру үшін, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің қызметтік бабын өз басының пайдасына пайдалануына, пара беруші мен пара алаушының мәртебесіне, пара берушінің өзіне алған пайдасына, пара берудің мақсатына, сыбайлас жемқорлықтың таратылуы және жиілігіне қарай келесі жіктелімге назар аударалық.[11]

Сыбайлас жемқорлық қарым-қатынастарының типологиясы(1-Кесте)

Сыбайлас жемқорлық типологиясының өлшемдері

 

Сыбайлас жемқорлықтың түрлері

Қызметтік бабын өз басының пайдасына пайдаланушы субъект

Мемлекеттік сыбайлас жемқорлық Коммерциялық сыбайлас жемқорлық

Саяси сыбайлас жемқорлық

Сыбайлас жемқорлықтық қарым-қатынастың бастамашысы

Мекемені басқарушы тұлға алдына келген адамды пара беруге мәжбүрлейді.

Көмек сұрап келген адамның өзі пара ұсынады.

Пара беруші субъект

Жеке адам парасы (кез келген азамат)

Кәсіпкерлік пара (нақты фирмалар)

Қылмыстық пара (ұйымдасқан қылмыс өкілдері, мысалы, есірткі таратушылар)

Параның түрі

Ақшалай пара; Қызмет көрсету

Пара берушінің пара беру мақсаты

Тездету үшін пара беру (пара алған адам бір істі жедел орындауы тиіс)

Тежеу үшін пара беру (пара алған адам бір істің орындалуын тоқтатуы тиіс, сөйтіп өз қызметтік міндеттерін бұзады)

«Жылы көзбен қарау» үшін берілетін пара (пара алған адам қызмет бабында белгілі бір тұлғаның «тырнақ астынан кір іздей бермеуі тиіс» )

Сыбайлас жемқорлықтық қарым-қатынастың орталықтандырылу дәрежесі

Орталықтандырылмаған жемқорлық (пара беруші кез келген адам өз бетінше әрекет етеді).

Орталықтандырылған сыбайлас жемқорлық «төменнен жоғары жаққа қарай» (төменгі сатыдағы шенеуніктер жинаған парасын өзара және жоғары тұрған басшылықпен бөліседі)

 

Сыбайлас жемқорлықтық қарым-қатынастың таратылу деңгейі

Биліктің төменгі сатысында орын алған сыбайлас жемқорлық (биліктің төменгі және ортанғы сатыларында)

Биліктің жоғарғы сатысында орын алған сыбайлас жемқорлық (жоғыры қызметтегі шенеуніктер және саяси қайраткерлер)

Халықаралық сыбайлас жемқорлық                                 (шаруашылық қарым-қатынас саласында)

Сыбайлас жемқорлықтық байланыстардың жиілігі

Ауық-ауық түрдегі сыбайлас жемқорлық

Жүйелі түрдегі сыбайлас жемқорлық

Клептократия (биліктің ажырамас бөлігі ретіндегі сыбайлас жемқорлық )

Көне заман тарихына көз жүгіртетін болсақ, алғашқы және ерте таптық қоғамдарда абыздарға, көсемдерге, әскербасыларына олардың көрсеткен көмегі, қызметі үшін төлемақы беру әдеттегідей норма болып қабылданғаны мәлім. Жоғары шенде тұрған басшылар қарамағындағы төменгі шендегі қызметкерлердің белгіленген бір төлемақыға риза болғанын талап ете бастады, яғни олар белгілі бір көлемде жалақы алатын болды. Ал төменгі шендегі қызметкерлер лауазымдық міндеттерін орындау барысында көрсеткен қызметі үшін жасырын түрде қосымша төлем талап еткен. Біздіңше осы құбылысты сыбайлас жемқорлықтың алғашқы белгілері деп қарастыруға болады.

Антик қоғамы (көне грек қала-мемлекеттер, республикалық Рим) тарихының ерте заманында кәсіби мемлекеттік шенеуніктер болмаған, сондықтан сыбайлас жемқорлық құбылысы да жоқтың қасы еді. Бұл құбылыс антик қоғамы құлдыраған дәуірде кең өріс ала бастады. Осы кезде рим құқығында «corrumpire» деген термин пайда болып, «бүлдіру», «біреуді сатып алу» деген мағынаны білдіріп, билікті асыра пайдаланушылық жағдайы болған кезде қолданылған. Мемлекет неғұрлым орталықтандырылған болса, соғұрлым азаматтардың мемлекеттік деңгейдегі істі өз бетінше шешуі шектеулі болады, осыған орай төмендегі және жоғарыдағы шенеуніктер қатаң қадағалаудан босағысы келген адамдардан жасырын түрде пара алып, сөйтіп заңды бұзушылыққа жол беріледі. Сыбайлас жемқорлықтың осындай «төзімді нормасы» әсіресе өндірістің азиялық тәсілінде байқалады. Сөйтіп, Артхашастраның авторы сараң шенеуніктердің мемлекеттік мүлікті талан-таражға салудың 40 тәсілін көрсеткен.

Сыбайлас жемқорлықтың жаңа қарқынмен кең өріс алуы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына келеді. Бір жағынан, іс-шараларды мемлекеттік реттеу дәрежесі көтеріліп, осыған орай шенеуніктердің билігі күшейе түсті. Екінші жағынан, ірі кәсіпкерлік пайда болып, олар өз мақсатына жету үшін «мемлекетті сатып алуға» кірісті. Дамыған елдерде (Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропа елдерінде) саяси партиялардың маңызы өскен сайын партиялық сыбайлас жемқорлық кең етек ала бастады. ХХ ғасырдың екінші жартысында «үшінші әлем» елдері саяси дербес ел болып дамыған кезде, олардың мемлекеттік аппараты алғашқы кезден бастап сыбайлас жемқорлық жолына түскен еді. «Үшінші әлем» елдерінде «төменнен жоғары жаққа қарай» сыбайлас жемқорлық түрі кездеседі, бұндай жағдайда парақор басшы өз кінәсін мойындамай, қарамағындағы қызметкерлерді жазаға тартады. Сондай-ақ «жоғарыдан төменге қарай» сыбайлас жемқорлық түрі де болған, бұндай жағдайда жоғары қызметте тұрған шенеуніктер ашық түрде пара алып, алған парасымен қарамағындағы қызметкерлермен жартылай бөліскен (сыбайлас жемқорлықтың осындай жүйесі Оңтүстік Кореяда байқалады). «Үшінші әлем» елдерінде (Филлипинде, Парагвайда, Гаитиде, Африканың кейбір елдерінде) клептократиялық тәртіп орнаған, бұл елдерде сыбайлас жемқорлық барлық әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасты қамтыған және пара бермесе ешбір іс орындалмайды. 1990 жылдары сыбайлас жемқорлық мәселесі аса өзекті мәселеге айналды. Осы кезде бұрынғы социалистік елдерде сыбайлас жемқорлық аса үлкен қарқынмен дамыды.

Қорыта келе айтатынымыз, ХХ ғасырда сыбайлас жемқорлықтық қарым-қатынастың даму үдерісі мынадай:

- сыбайлас жемқорлықтың түрі мен формасы көбее түсті.

- ауық-ауық түрдегі сыбайлас жемқорлық жүйелі түрдегі сыбайлас жемқорлыққа айналды.

- биліктің төменгі сатысында орын алған сыбайлас жемқорлық биліктің жоғарғы сатысында кездесетін, одан әрі халықаралық сыбайлас жемқорлық сипатына ие болды.


 

[1]  Состояние преступности в России. – М., 1994. – С. 14.

[2] Максимов С.В. Коррупция. Закон. Ответственность. Москва:2000. - С. 44.

[3] Максимов С.В. Коррупция. Закон. Ответственность. Москва:2000. - С. 44.

[4] Сонда. – Б. 44 - 45.

[5] Еуропа Кеңесінің «Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы» Страсбург, 1999 ж. 27 қаңтардағы Конвенциясы.

 

[6] Наукенов М.О. Коррупционные преступления: Криминологический и уголовно-правовой анализ. Автореф. Дис...к.ю.н. – Алматы: 1999. - С. 19

[7] Коррупция в Казахстане (сущность, проблемы, предупреждение). Материалы международной научно-практической конференции. Астана: Акмолинская полиграфия, 1999. – С.269.

[8] Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 ж. 2 шілдедегі №267 - 1 Заңы //Казахстанская правда. - 1998 ж. 9 шілдедегі №132, 2-бап.

[9] Коррупция в Казахстане (сущность, проблемы, предупреждение). //Материалы международной научно-практической конференции. Астана: Акмолинская полиграфия, 1999. – С.3.

[10] Ағыбаев А.Н Ответственность должностных лиц за служебные преступления. Алматы: Жеті жарғы, 1997. – С. 179.

 

[11] Коррупция в Казахстане (сущность, проблемы, предупреждение). //Материалы международной научно-практической конференции. Астана: Акмолинская полиграфия, 1999. – С. 44.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  ..