Көші-қон үдерістері дамуының теориялық және әдістемелік аспектілері

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 4

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  ..

 

 

 

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Көші-қон үдерістері дамуының теориялық және әдістемелік аспектілері.

Халық миграциясы қоғамдық өндірістік қатынастардың халықтың қозғалысымен байланысты белгілі бір тарапы болып табылады. Өндірістік күштердің дамуы халықтың миграциялық қозғалысының ең басты, ең терең себебі болып табылады: өндірістік күштердің дамуы деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, әлеуметтік өзара байланыстары мен өз ара қатынастарының деңгейі соғұрлым жоғары. Оның үстіне әңгіме өндірістік күштер жөнінде болғанда, бұл өз ара қатынастар еңбек бөлінісі саласындағы өндірістік қатынастар болып табылады. Өндірістік күштердің дамуымен халықтың кәсіби және аумақтық жылжымалылығының өсуіне негізделіп қоғамдық еңбектің өнімділігін көтеретін өндірістің және көліктің, коммуникациялар мен ақпараттық технологиялардың құралдары жасалады. Адамдардың мұндай күрделеніп, тармақталып бара жатқан қарым-қатынастарының сипаты қол жеткен еңбек бөлінісі деңгейінен келіп шығады. 

Біз халықтың миграциясын еңбек бөлінісінің ең алдымен өндіріс саласына, иелену, меншікке алу салаларына қатысты екенін басшылыққа ала отырып, әлеуметтік-экономикалық категория ретінде қарастырамыз. Адамдардың өндірістік өзара әрекеттесуімен байланысты болған миграциялық үдерістердің нәтижесінде меншік мәселелері басшылыққа алынады — адамдардың еңбек бөлінісімен шартталған іс-әрекетінің нәтижесінде жасалатын қоғамдық байлықты иелену көзделеді. Әрине, адамдардың мұндай қозғалыстарында әрдайым экономикалық және әлеуметтік мүдделердің қатысы болады, бұның өзі халықтың көшіп-қонуға ниеттенуінің негізгі өзегі болып табылады. Егер, тіпті көшіп-қонудың себебі отбасылық жағдайлар немесе кәсіби мүмкіндіктерін жүзеге асырудың үлкен мүмкіндіктері, я болмаса қолайлырақ табиғи-климаттық жағдайлар, әлде ұлтаралық қақтығыстар болған күннің өзінде миграциялық үдерістердің қалыптасуының түпкілікті себептерін  талдап-зерделейтін болсақ, оның негізінде ең алдымен әлеуметтік-экономикалық мүдделер жатқанын көрер едік.

Әрқилы аумақтар бойынша адамдардың қозғалу процесі түріндегі көші-қон процесі өндіріс факторларының орын ауысуы теориясымен тығыз байланысты болады, сол себепті де, уақыт бойынша ресурстардың өзгеруі шеңберінде адам капиталының қозғалыстарының себептерін талдаудың қарапайым үлгісі ретінде қарастырылуы мүмкін. Әлеуметтік категория ретінде көші-қон сандық мәліметтерді бақылап отыру және адамдардың кеңістік пен уақыт бойынша қозғалыс үрдістері дегенді ғана білдіреді. Экономикалық құбылыс ретінде адамдардың орын ауыстыруын талдау осындай қозғалыстардың салдарын талдауда үлкен мәнге ие болады. Бұндай салдарлар кейде аса үлкен болады, соған сәйкес қазіргі заманғы геоэкономикалық кеңістікте еңбек ресурстарының орын ауыстыруларына көп санды шектеулер қойылады — барлық елдер дерлік иммиграцияға шектеулер қояды, олар миграцияны капиталдың ауысуы түріндегі экономикалық процесс ретінде қарастырады, өздерінің қарамағындағы ең өнімді ресурс ретінде қарайды, себебі, экономист-ғалымдар басқа кез келген ресурстар тек адамдардың көмегімен пайдаланылуы мүмкін екенін әлдеқашан дәлелдеп шыққан. Адамдарсыз, олардың өндірістік процестерге қатысуынсыз табиғи ресурстар да, заттанған капитал да (негізгі қорлар) және көптеген технологиялық процестер де іске аспай қалады, яғни ресурстардың басқа түрлерінің тиімді пайдаланылуы адам еңбегінің сапасына, санына және тиімділігіне тәуелді болады, дегенмен, егер адам капиталы жетіспейтін болса, капиталдың басқа түрлерін жоғары деңгейде тиімді пайдалану мүмкін болмай қалады. Бұл ереже геоэкономикалық кеңістіктегі капиталдың қозғалысын бағалаудың қажеттігімен қоса алғанда адам ресурстарының саны мен сапасының өзгеруін бағалаудың және оның әрбір мемлекеттің болашағына тигізетін салдарын бағалаудың әдісі ретінде көші-қонды экономикалық тұрғыдан талдаудың қажеттігін туғызады. Бұл жағдайда экономика ғылымдарының обьективтік заңдылықтары бойынша Жер (Т) мен еңбек (L) шектеулі мөлшердегі бірден-бір ресурстардың түрлері болып табылады. Сонымен қандайда бір ел басқа жағдайлардың бәрі тең болғанда қандайда бір өнімнің түрін өзінде жоғарыда аталып өтілген ресурстар жеткілікті болған жағдайда ғана өндіре алады деп болжамдалады. Бір жағынан осы факторлардың бар болуы және сол экономикадағы өнімді өндірудің ара қатынасы елдің өндірістік функциясы [Q (T, L)] деп аталады, оның шамасы 1 суретте көрсетілгендей түрде ғана өзгереді.

 


 

Q өнімі                                       Шекті еңбек өнімі, MPL

а) Еңбек  L                                              б) Еңбек  L

Ескерту  —  автор теориялық көздер бойынша жүйелеп шыққан

1  сурет  — Ұлттық экономиканың өндірістік функциясы ретіндегі адам ресурстары

1 суреттен көріп отырғанымыздай, еңбек ұсынысы көп болған сайын соғұрлым өнім өндірісі көп болады (1. а), сонымен бір мезетте еңбектің шекті өнімі жұмысшылардың саны көбейген сайын азая береді (1. б), мұның өзі графикте бейнеленген, шекті өнім қисығының астындағы алаң жалпы өнімге тең болады.

Енді жұмысшы күші кез келген капиталдың ауысуы принципіне сәйкес елдер арасында қозғала алады деп болжамдайық. Мұндай қозғалыстар бір елдегі жұмысшы күші санын азайтады, соған орай ондағы шынайы еңбекақының көлемін көбейтеді, жұмыссыздықты азайтады, яғни еңбек нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді, бірақ сонымен бір мезетте ұлттық экономиканың орындалу мүмкіндігін, оның өндірістік және шекті өнімін күрт азайтып жібереді. Сонымен бір мезгілде басқа елдерде адамдардың, яғни жұмысшы күшінің қозғалысына кедергілер болмаған жағдайда шынайы еңбекақы, халықтың табысы азаяды, бірақ өнімнің саны көбейеді, соның салдарынан нарық экономикасы жағдайындағы ұсыныстың өсуінің нәтижесінде оң өзгерістер болады (баға төмендейді, өнімнің сапасы жоғарылайды, жаңа тауарлар қызу іздестіріле бастайды және т.б.).

Қазіргі заманғы ғылым халықтың қозғалысының негізгі үш түрін бөліп көрсетеді:    

- табиғи қозғалысы (туылу мен қайтыс болу динамикасы);

- кеңістіктегі қозғалысы (көші-қондық);

- әлеуметтік қозғалысы (адамдардың қоғамының әлеуметтік - экономикалық құрылымындағы жағдайының өзгеруі).

Қозғалыстың әлеуметтік түрі әлеуметтік жылжымалылықпен, яғни әлеуметтік мәртебесінің өзгеруімен теңдестіріледі. Туылу мен қайтыс болу үдерістері негізінде адам ұрпақтарының ізбе-із ауысып отыруы, олардың табиғи қозғалысы ретінде қаралады. Табиғи және әлеуметтік қозғалыстардан көші-қондық қозғалыстың ерекшелігі, ол халықтың тұрғылықты орнын біржолата немесе азырақ не көбірек уақытқа өзгертуіне байланысты кеңістіктік орын ауыстыруы болып табылады. Халықтың қозғалысының осы әрқилы түрлері өзара байланысты және өзара тәуелді болып келеді, сол себепті де халықтың қозғалысы бірегей тұтас қозғалыс ретінде қаралады.

Халықтың көші-қоны түсінігін кең және тар мағынада түсіндірулердің бар болуы экономикалық, демографиялық, әлеуметтанушылық зерттеулерде оны жіктемелеуге және анықтауға әрқилы тұрғыдан келуге  әкеліп соқты. халықтың көші-қонының барлық анықтамаларын төмендегіше қарастыратын төрт негізгі позицияларға топтастыруға болады:

- халықтың аумақтық орын ауыстыруларының формасы;

- халықтың аумақтық қайта бөлістірілуінің формасы;

- халықтың жылжымалылығының формасы;

- халықтың әлеуметтік сипаттамасын қоса алғандағы оның аумақтық қозғалысының формасы.

Біздің пікірімізше, көші-қонды халықтың аумақтық орын ауыстыруларының формасы ретінде анықтау зерттеу еңбектері үшін ең ыңғайлысы болып табылады. алайда, Ғылыми еңбектерде адамдардың қанша уақытқа орын ауыстырғандары және осы кездердегі олардың көздеген мақсаттары жөнінде едәуір алшақтықтар бар. Сол себепті де халықтың көші-қонының тар және кең түсіндірулерінің қажеттігі туындады. Алғашқы жағдайда халықтың көші-қоны тұрақты өмір сүру орынын ауыстырумен аяқталатын   халықтың аумақтық орын ауыстыруларының түрі ретінде көрініс табады, ал кең түсіндірілгенде — маусымдық, маятниктік және эпизодтық сипаттағы түрлері де енетін аумақтық орын ауыстыруларының жалпы жиынтығы болады.

Көші-қонның қарама-қайшылықсыз және әмбебап теориясын жасау, қандайда бір көзқарастардың көбірек немесе азырақ дәрежедегі негізділігін анықтау үшін қолданылған іс-шаралардың басты мақсаты қазіргі заманғы көші-қон дамуының үрдісін талдауда қолданылатын әдістемені дайындау болып табылады. ТМД елдерінің аумағында жүріп жатқан көші-қон үдерістері талданған кездері, әдетте, олардың бұрын-соңды болмаған бірегей құбылыс емес екендігі, сол себепті әлдеқашан қолданыста жүрген тұжырымдамаларды қайта қараудың қажеті жоқтығы назарға алынады.

1         кесте -  Ғалымдардың көші-қонға қазіргі заман тұрғысынан көзқарастары

Көші-қонның себептері

Қоғамдағы жағдайға тигізетін әсерлері

Көшіріп-қоныстандырудан түсетін экономикалық тиімділіктерді іздестіру

Білімі мен біліктілік деңгейі жоғары азаматтардың кетуінен келетін шығындар

«Пайдалы» қызметтерді іздестіру

Елдердің арасында өндіріс факторларын қайта бөлісуден келетін шығындар

Психологиялық факторлар

Қоғамдағы жағдайдың тұрақсыздануы

Тілге байланысты кедергілер

Әлеуметтік желілер мен делдалдардың арасындағы тепе-теңдіктердің жойылуы, қоғамдағы тұрақсыздық

Әлеуметтік көмекті пайдалану мүмкіндігінің болмауы

Жұмыссыздықтың көбеюі, эмиграцияның ұлғаюы, қоғамдық  құрылымдар үшін өндіріс факторлары ретіндегі адамдардың азаюы

Ескерту  — автордың өзі дайындаған

 

Екі қажеттіліктер тобы көші-қондық үдерістерді туындатушы көздер болып табылады:

1)                        өндірістің дамуының экономикалық заңдылықтары (объективтік факторлар);

2)                        қоныс аударушы еңбек ресурстарының мүдделерін көрсететін материалдық және рухани қажеттіліктер (субъективтік факторлар). 

 Көші-қонға қатысты алғанда халық факторы ерекше үйлесімінің және өзара әсерінің арқасында халықтың әрқилы аумақтық орын ауыстыруларына әкеліп соғатын жағдаяттар мен шарттрдың қандай да бір жиынтығы ретінде қаралады. Факторлардың, халықтың өмір сүру жағдаяттарын құрайтын объективтік компоненттердің аумақтық ерекшеліктерін, сондай-ақ, құрылымдық факторларды есепке алатын әр түрлі жіктемелері бар (2 сурет).

Көші-қон факторларын жіктемелеу сияқты, оның құрылымының құрам бөліктерін топтастыру да әмбебеап сипатқа ие емес екендігін атап өту керек. Кейбір зерттеушілер факторлардың екі: экономикалық және әлеуметтік топтарын бөліп көрсетеді, басқалары экономикалық факторларға табиғи-климаттық, этникалық, демографиялық, моралдық-психологиялық факторларды қоса отырып, бес тобын көрсетеді.

Көші-қон факторларының бір-бірінен түбегейлі ажыратылып тұруы, оның табиғатына да қатысты, соның салдарынан көші-қон үдерістерін тиімділеу үшін қандайда бір факторларды пайдаланудың мүмкіндігі әр тарапты, қарама-қайшылықты болып келеді. Айталық, табиғи-климаттық факторлар көші-қонды реттеу тұрғысынан алғанда іс-жүзінде басқаруға келмейді. Демографиялық, этникалық, моралдық-психологиялық факторларды тек жанама түрде ғана басқаруға болады. Нарықтық қатынастар жағдайында көші-қонның этникалық, әлеуметтік, әкімшілік факторлары тікелей ретеудің объектісі болуы мүмкін.

 

 

 

Сонымен бір мезетте, білікті кадрлардың халықаралық миграциясы өседі деп болжамдауға толық негіз бар, олардың ағындарының сандық мөлшерінің біршама дәл шамасын болжамдау қиын және осы санаттағы жұмысшылардың халықаралық еңбек көші-қонының белгілі бір моделдерін құру да қиын. Бұл білікті кадрлардың халықаралық көші-қонының едәуір дәрежеде трансұлттық корпорацияларға (ТҰК) және олардың, жұмыс күші ағындарының ғаламдасуына ықпал ететін, өз ішкі еңбек нарығындағы корпоративтік стратегиясынан тәуелді болатындығымен түсіндіріледі. Жаңа ақпараттық технологиялар белгілі бір салаларды толықтай шетелге көшірудің шынайы мүмкіндіктерін жасап, шетелдік мамандардың интеллектуальдық және басқа да қабілеттерін, еңбек дағдыларын оларды физикалық орын ауыстырмай-ақ пайдалануға мүмкіндік береді, бұның өзі мамандардың көшіп-қону қажеттілігін біршама азайтады. Сонымен қатар, ТҰК индустриалды дамыған әлемнің орталағында жоғары білікті еңбекті қажет етумен қатар, сондай-ақ шет аймақтарда нашар дамыған елдерде де осындай еңбекті қажет етеді. Демек, жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады:

1.                 Иммиграциялық үдерістер үстеме табыс алуға мүмкіндік беретіндіктен көбірек капитал жинауға қолайлы;

  2. Шетелдерде көптеген еңбек проблемасын тұрақты шешу үрдісі иммиграциялық жұмысшы күштерімен қалыптастырылады;

3. Еңбек ресурстарының иммиграциясы әлемдік өзгерістің дамуын талдағанда мына жағдайды көрсетеді, бұл өзгеріс нарықтық экономикасы дамыған елдерге байланысты және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

4. Иммиграциялық үдерістер дамушы елдерде бірнеше мәселелер туғызуы мұмкін, мысалы болашақта әлеуметтік және экономикалық жағдайдың нашарлауы, мемлекет осы жағдайда жылдам немесе нақты шешімдерді қолдануы керек. Сондықтан көшіп-қону үдерісін реттегенде осы елдер алдын-ала экономикалық қауіпсіздікті бақылап, мемлекет деңгейінде басқару әдістерінің барлық тетіктерін пайдаланып, тиімді жақтарын қолдануы қажет.

Осылайша, еңбек мигранттары санының өсуіне көптеген әрқилы және өзара шартталған факторлар әсер етеді. Осы факторлардың өзара әрекеттесуінің механизмдерін және олардың еңбек нарығына, сондай-ақ тұтастай алғанда экономикаға әсерін білу көші-қон саясатының стратегиясын жасап шығуда аса үлкен маңызға ие.

Еңбек ресурстары қозғалысының әлеуметтік-экономикалық бет алыстары.

Ғаламдық БЕН-ның қалыптасуында төмендегідей қатысушылар белсенді рөл атқарды: іс-жүзінде осы нарықтың құрылуының бастамашысы болған трансұлттық корпорациялар (ТҰК); біліктілігі жоғары қызметкерлерді тартуда бір-бірімен бәсекелескен ұлттық мемлекеттер; білім беру және біліктілік стандарттарын бірыңғайлауды жүргізіп отырған мемлекеттердің аймақтық бірлестіктері; халықаралық келісімдер мен ұйымдар, мысалы, соңғы уақыттары белсенділігі күшейіп бара жатқан БСҰ. БҰҰ, ХҚҚҰ, ХЕҰ сияқты ұйымдар ХВҚ, ХБ даму агенттері және басқалары ғаламдық БЕН-ның әрекетінің теріс салдарларын жоюға және оның беріп отыған артықшылықтарын пайдалануға жәрдемдесетін әрқилы бағдарламалар жасалуда. Соңғы кездері осы нарыққа шығу және өз ұлттық даму мақсаттары үшін ең үлкен артықшылықтарды алу стратегиясын жасап жатқан білікті жұмыс күшін экспорттаушы елдер белсенді рөл атқара бастады.

3 – суреттен көріп тұрғанымыздай, барлық факторлар еңбек нарқының жаһандануындағы өзгеріске әсерін тигізеді.

Оның үстіне, қуатты адам ағындары жолындағы ұлттық құқықтық тәртіптің және халықаралық нормалардың шектеулері мен тыйымдары түріндегі кедергілерді жеңуге мүмкіндік беретін, шығу және келу елдерін байланыстыратын мигранттардың әлеуметтік тораптары қалыптасты.

БЕН қалыптастырудағы БСҰ-ның рөлі оның білікті мигранттардың қоныс ауыстыруларын реттеуде келешекте ең тиімді болуы мүмкін әдістерді көрсетуінде болып отыр. БСҰ-ның ағымдағы раундында қызмет көрсетудің төртінші әдісі деп аталатынды қарауы ғаламдық еңбек нарығы шеңберінде халықаралық жылжымалылықты көбейту бағытындағы аса сенімді, бірақ шектелген қадам болып отыр. Қызмет көрсетудің бұл түрін БСҰ келісімнің қатысушысы болған қандай да бір елдің қызмет ұсынушысының сол елдің жеке тұлғаларының келісімнің қатысушысы болған басқа бір елдің аумағында коммерциялық қатысуы арқылы қызмет көрсетуі ретінде анықталады («жеке тұлғалардың орын ауыстыруы»). Қызмет көрсететін кез келген тұлға «қызмет ұсынушы» деп есептелетіндіктен, мұндай жеке тұлғаларға қызмет көрсетуші дербес кәсіпкерлерді де, қызмет ұсынушы компаниялардың қызметкерлерін де жатқызуға болады. БСҰ «жеке қызмет көрсететін жеке тұлғалардың уақытша орын ауыстырулары»] үшін қолайлырақ жағдайларды жасауды жоспарлап отыр. Басқа үш әдісіне енетіндер: І режим – «халықаралық жеткізулер» (қызмет импорты); ІІ режим – «шетелдегі тұтыну» (туризм және шетелде оқу); ІІІ режим – «коммерциялық қатысу» (шетелдік бөлімшелер арқылы қызмет көрсету). Қызмет көрсету саудасының 25 % жуығы «халықаралық жеткізулерге»; 20 %  - «шетелдегі тұтынуға»; 50 %  - «коммерциялық қатысуға» тиесілі болады. «Қызмет көрсететін жеке тұлғалардың уақытша орын ауыстыруларына» (ІV режим) қызмет көрсету саудасының 1 %-дан сәл артығырағы тиесілі болады.  Бірқатар жағдайларда бір қызмет түрін көрсету жеткізудің әрқилы әдістерімен ізбе-із  жүзеге асырылуы мүмкін. Айталық, тіпті бір контрактінің шеңберіндегі консультациялық қызмет көрсету алдымен трансшекаралық түрде, кейін – консультанттың тапсырыс берушіге баруы, ең соңында – тапсырыс берушінің консультантқа баруы түрінде жүзеге асуы мүмкін.

 

БЕН қалыптасуының тағы бір факторы ұлттық мемлекеттердің мамандарды тарту үшін өзара бәсекеге түсуі. Дамыған елдер, әдетте, ақпараттық технологияларға байланысты кейбір секторларда (Франция, Германия, Голландия, Ирландия, Канада, Австралия, АҚШ, Дания) және денсаулық сақтау саласында (АҚШ, Ұлыбритания, Норвегия, Дания, Ирландия, Голландия) жоғары білікті мамандарды тарту үшін өзара жиі бәсекелестікке түсе бастады

Тұтастай алғанда, шетелдік білікті жұмыс күшін тарту үшін үкіметтер пайдаланатын мына механизмдерді бөліп көрсетуге болады:

1.                        жоғары білікті мигрантарды тарту үшін пайдаланылатын Германиядағы «жасыл карталар» және АҚШ-тағы Н-1В, Н-1С визалары тәрізді арнайы схемалар; Канада мен Австралияның жоғары білікті жұмысшылардың уақытша және тұрақты миграциясы бағдарламалары; Ұлыбританияның жоғары білікті мигрантарға арналған бағдарламасы.

2.                        шетел жұмысшыларының еңбек нарығына тез енуін қамтамасыз ету мақсатында жұмысқа рұқсат алу процедурасын қарапайымдау немесе одан толық азат ету.

3.                        Табысы жоғары шетел жұмысшыларына салынатын салықтың салмағын жеңілдету үшін жасалған салықтық ынталандырулар (мысалы, Скандинавия елдерінде). Жоғары білікті жұмысшыларды және шетелдік қаржы салымдарын тарту үшін қолданылатын дербес салықтық ынталандырулар көптеген елдерде бірнеше жылдардан бері бар (Дания, Голландия).

4.                        Бұрын елде жұмыс істеп кеткен жоғары білікті эмигранттардың елге қайтуын қолдау (мысалы, Ирландия). 

 

Кесте 2 – Шет елдегі көшіп-қонуды реттеудің тәсілдері.

 

Елдер

Реттеудің тәсілдері

Реттеудің нәтижесі

Германия

«Жасыл карта»

Білікті мамандардың келуін жоғарлату

АҚШ

Н – 1В, Н-1С визалары

Шектелген келулер

Канада

Австралия

Уақытша және тұрақты көшіп-қону бағдарламасы

Таңдау жоғары кәсіпті жұмысшылар жағында

Ұлыбритания

Жеңілдетілген немесе босатылған процедурасы бойынша жұмысқа орналасу

Тек қана жоғары кәсіпті мамандар үшін

Скандинавиялық елдер

Салық қызықтырулары

Салық мөлшерлерінің азаюы

Дания

Голландия

Жекелеген табыстың жоғары өсуі

Бірнеше мамандықтарды таңдауы

Ирландия

Келушілерді марапаттау

Табыстың экономикалық өсуі

Қытай

«Сыртқа кету» стратегиясы

Шетелге оқуға қызықтырулар

Жапония

Елдің ішінде оқыту

Көшіп-қонудағы тұрақтылық

Қазақстан

Оралмандарды тарту

Жоғары мамандарды елге шақыру және оралмандарды елге қайтару

Ескерту – іздену материалдары нәтижесінде автор дайындаған

 

Мемлекет көші-қонды реттеудің көптеген функцияларын мемлекеттен жоғары тұрған органдарға бере отырып, әлеуметтік маңызды салалардың үздіксіз жұмыс істеп тұруын және ел экономикасының бәсекелестік қабілетінің жоғары болуын қамтамасыз ететін жоғары білікті мигрантарды тартуды шешу мәселесін өзіне қалдырады. Мұндай мәселелерді жіктеп шешу батыс елдерінің таза прагматикалық мүдделерін паш етіп, жалпы иммиграциялық ағыннан ең қажетті кадрларды таңдап алу арқылы барынша көп пайда табуға ұмтылуын көрсетеді.

Ұлттық саясат пен аймақтық келісімдердің компанияларға қажетті көш-қондық қозғалыстарды қамтамасыз етуді тек қана «жеңілдетуші» екенін ерекше атап өту керек. Түптеп келгенде жоғары білікті мамандардың ағындарын  тікелей компаниялар басқарып отырады себебі, оларға деген қажеттілікті нарықтық мұқтаждықтар талап етеді. 

БЕН қалыптасуында білікті еңбекшілерді экспорттаушы елдер бұрынғыға қарағанда белсенді рөл атқара бастады. Бұл елдер осы нарыққа шығудың және ұлттық даму мақсатында онда ең үлкен артықшылықтарды алудың стратегиясын жасап шығуда. Айталық, мысалы Қытай 2000 жылдың көктемінде «сыртқа бару» ұранын алға шығарған жаңа сыртқы экономикалық стратегияны жариялады. Қытайлар бұл стратегия елдің халықаралық еңбек нарығындағы позициясының едәуір кеңеюін қамтамасыз етуі тиіс дейді. ҚХР өз елінің үлесіне жер шарындағы жұмыс істеуші адамдардың үштен бірі келетінін, әйтсе де әлемдік еңбек нарығының 2-3 % ғана оған тиесілі екендігін назарға алып отыр. Соған сәйкес Пекинде әлемдік еңбек нарығының шамамен 10 % жаулап алу міндеті алға жиі қойылып отыр]. ҚХР-дағы ғылыми-техникалық кадрлардың (ҒТК) саны АҚШ, Жапония, ЕО, Ресей елдерінің бәрін қоса алғандағыдай болады. Бірақ бұл кадрлардың сапасы біршама төмен деңгейде. Айталық, Лозанна халықаралық менеджмент мектебінің халықаралық бәсекелестікке қабілеттілік жөніндегі баяндамасына (2000) сәйкес ҚХР «білікті инженерлердің жарамдылығы» көрсеткіші бойынша ең соңғы, ал «білікті ақпаратық технологтардың жарамдылығы» көрсеткіші бойынша соңғының алдындағы орынды иеленді.

Сонымен, жоғары білікті жұмыскерлердің ғаламдық нарығы барлық шекараларды жойып отыр, ал бірыңғайландырылған дипломдардың иелері осы нарықтың, өз білімдері мен дағдыларын ең тиімді түрде жүзеге асыруға мүмкіндігі бар, белсенді қатысушыларына айналды.  

Ғаламдық еңбек нарығының қалыптасуы шетелдік жұмыс күшін төмендегідей түрде жүзеге асатын экспорттау және импорттау арқылы көрініс тапты:            

- білікті жұмысшы мигранттардың орын ауыстырулары;

- студенттерді шетелде оқыту және кейін оларды оқыған елдерінде немесе басқа елдерде жұмысқа орналастыру;

- білікті жұмысшылардың білімдерін оларды орын ауыстырмай-ақ пайдалану.

Мемлекеттің эмиграциялық саясатының негізі — жұмыс күшінің елден шығуын; шетелде болуын; отанына қайтуын — қамтитын эмиграциялық циклдың үш фазасын реттеу болып табылады. Іс жүзінде бұндай реттеу төмендегі ұстанымдарды сақтаудан тұрады: 

- жұмысшылардың қозғалыс еркіндігі мен жұмысқа орналасу құқығын қамтамасыз ету;

- миграттандың отанына қайтуына кепілдік беру;

- еңбекші мигранттардың валюталық ақша аударымдарының елге келуін және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;

- мамандықтарына сұраныс жоқ жұмысшыларды шетелге жіберу арқылы жұмыссыздықты азайтуды қолдау;

- экономиканың жұмыс күшіне деген сұранысы қанағаттандырылмаған секторларында жұмыс істейтіндердің елден кетуін шектеу;

- халық шаруашылығын дамытуға қажетті мамандықтарды шетелде игерген репатрианттарды қабылдау арқылы ішкі еңбек нарығын жетілдіру;

- еңбекші эмигранттарға әлеуметтік кепілдіктер беру. 

Қазіргі таңда тұрғындардың халықаралық көші-қоны аса ауқымды болып кетті, бұның өзі, ең алдымен, дамыған елдердің алдына күрделі және көптарапты мәселелердің кешінін қойды. Көші-қонды реттеуші биліктің елге қажет емес иммигранттардың алдына өте алмастай тосқауыл қоюға және ірі өзге этникалық қауымдардың қабылдаушы қоғамға тиімді кірігуін қамтамасыз етуге қабілетсіз болуы, көші-қон саясатының жаңа әдіс-тәсілдері  мен жаңа құралдарын іздеудің қажеттігін көрсетіп отыр.

Дамудың қозғаушы күші ретіндегі диаспоралардың белсенділігі тұтастай алғанда — отанында қалған туыстарының, байланыстарының болуы, оларға қаржылай және басқаша көмек көрсетуге ұмтылу, макроэкономикалық жағдайлар, мигранттардың отанында қаржы салушылық және басқа да мүмкіндіктердің болуы (немесе болмауы) сияқты бірқатар факторларға байланысты болады. Оның үстіне, нарықтық инфрақұрылымның институтционалдық дамуының белгілі бір деңгейде болуы талап етіледі, оған әлі бірқатар елдер жеткен жоқ. Инвестициялық климаты нашар, фискалдық тәртібі әлсіз және басқаруында қателіктер жіберілетін елдер диаспораның тарапынан болатын қаржы салымдарының шектелуіне ұшырайды.

Әдетте, диаспора мен мигранттардың отанындағы экономиканың дамуы арасындағы байланыс төмендегідей формада жүзеге асады: 

- мигранттардың ақшалай аударымдары;

- отанда қалған қауымдарды дамыту үшін ұжымдық ақша аударымдары;

- диаспораның көмегімен іскерлік байланыстарды жолға қою;

- диаспораға арналған қаржы салу құралдарын жасау;

- ілім-білімді беру, «милардың айналымы» немесе «ми тресі» деп аталатынға қатысу.     

Өздері шыққан елдің дамуына мигранттардың қатысуының алғашқы екі түрін (тікелей түрі — отбасына көмектесуге жіберілген ақша аударымдарының шағын бизнеске салынуы және жанама түрі — мигранттың туысқандары ақша аударымдарын өздерінің тауарлар мен қызметтерге деген қажеттіліктерін өтеуге жұмсаған кездегі болатын мультипликациялық әсер арқылы жүзеге асады) олардың бәрі жүзеге асырса, соңғы үш түрі тек білікті және әсіресе жоғары білікті мигранттардың үлесіне тиеді.

Мигранттардың санының көбеюі оларға жаңа сапалық сипат береді, өздері шыққан елдердің ғаламдасу үдерісінің шеңберіне енуіне көмектесуші байланыстырушы буынға айналдырады. Соның ішінде иммиграция сыртқы сауданы жандандырады. Батыс ғалымдарының мәліметтеріне сәйкес, мысалы, АҚШ-тағы иммигранттардың санының 10%-ға өсуі экспортты 4,7%-ке, импортты – 8,3%-ке ұлғайтады.

Этникалық кәсіпкер-мигранттар, әдетте, нарықта төрт қуыстықты табады. Біз осы жіктемелеумен көп жағынан келісе отырып, оның қосымша белгісі ретінде этникалық кәсіпкердің миграцияның түріне қарым-қатынасын пайдалануды мүмкін деп есептейміз. Осы факторды есепке алу этникалық кәсіпкерлердің нарықтағы мамандануын ғана қарастырып қоймай, сондай-ақ этникалық мигранттардың іскерлік әлеуеттерінің жүзеге асу ерекшеліктерін және келешек дамуын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Бірінші қуыстық — ретті емес, көп жағдайда кездейсоқтық сипаттағы эпизодтық миграцияның негізінде этникалық мигранттар қауымының ішкі қажеттіліктері үшін этникалық тұтыну тауарларын жеткізу, өндіру және сату.

Екінші қуыстық – этникалық тауарларды тұрғылықты халыққа жеткізіп берумен байланысты болады, ол қоржын сауданың немесе маятниктік көші-қонның негізінде жергілікті нарыққа «экзотикалық» тауарларды ұсыну болып табылады. Көп жағдайда бұл айқын байқалатын моноэтникалық сипатқа ие тұтастай монополияландырылған нарықтар болып табылады.

Үшінші қуыстық – тұрғылықты мекенжайға көшіп-қону кезінде тұтынушыға қажетті әрқилы түрдегі қызметтерді қанағаттандыру.

Төртінші қуыстық – нашар қорғалған және тұрақсыз нарықтарды толтыру, сондай-ақ экономиканың абыройлы емес, байырғы тұрғындардың көп жағдайда тастап кететін   салаларында жұмыс істеу. Бұл жағдайда мигрант кәсіпкерлердің арасында маусымдық және мәжбүри мигранттар басым болады.

Қазіргі таңдағы кеңестік дәуірден кейінгі экономиканың дамуының өзіндік жағдаяттарын есепке ала отырып, біздің пікірімізше, бесінші қуыстықты бөліп көрсетуге болады. Оны көптеген аймақтардағы этникалық азшылықтардың заңсыз мигранттары толықтырады, олар негізінен көлеңкелі құрылымдардан тұратын белгілі бір топтардың тар корпоративтік мүдделерін қанағаттандыру мақсатында криминалдық экономика саласында әрекет етеді.

Жоғарыда баяндалғандардан төмендегідей қорытындылар жасауға болады:

Біріншіден, этникалық еңбектік көші-қон диаспораның қамқорлығымен жүзеге асады, ол мигранттарды қаржылық, моральдық қолдау түрінде көрініс табады. Мигранттардың жаңа өмір сүру орындарына орнығуына және кәсіпкерліктің дамуына қажетті қаржы-қаражатты мемлекет емес, туған-туыстары мен достары береді.

Екіншіден, этникалық кәсіпкерлік мигранттарды әлеуметтік-экономикалық бейімдеудің шынайы табысты жолы болып қана қоймай, кең көлемде ен жайып отыр.

Үшіншіден, этникалық кәсіпкерліктің қарқынды дамуы ұлттық негіздегі табыс деңгейінің әрқилы болуын күшейте түседі. Көптеген ұлтаралық талас-тартыстардың негізінде экономикалық себептер жатады – яғни, тұрғылықты халықпен салыстырғанда кейбір этникалық топтардың өмір сүру деңгейінің жоғары болуы себеп болады.

Сонымен, этникалық көші-қон және кәсіпкерлік өзара тығыз байланысты құбылыстар. Кәсіпкерлік этникалық көші-қонсыз да дами беруі мүмкін, алайда мигранттар кәсіпкерлікке белгілі бір әлеуметтік-мәдени түр-түс беріп қана қоймайды, сондай-ақ көп жағдайда оның дамуының қозғаушы күші ретінде де көрініс табады. Сонымен бірге көші-қонның экономикалық себептері –  өз бизнесін ашуға ұмтылу және өмір сүру деңгейін жақсартуға тырысу –  әрдайымда негізгі қозғаушы күш болып қала береді. Этникалық бизнес – кейбір этникалық азшылықтардың әрқилы іс-әрекет түрлеріне бейім болуы және мигранттардың басқа бір әлеуметтік-мәдени ортада өмір сүруге табысты бейімделуінің үйлесуінің нәтижесі болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  ..