Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еуразияның сайын даласындағы Алтай

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 3

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  70  71  72  73  74  75  76  77  78  79  80  ..

 

 

 ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еуразияның сайын даласындағы Алтай мен Орал таулары арасындағы ұлан байтақ далалық өлкелерді көшпелі тірлік мұратымен еркін жайлаған қазақ халқының ұлттық мәдени кескін-келбеті мен болмысының белгілері мен дүниетанымының ескі іздері, тарихи танымы мен әлеуметтік ой-пікірлерінің сұрыпталып сақталған бай қазынасы, сөз жоқ, оның фольклорлық мұрасы.
Ұлттың рухы бейнеленген мұра халықтың асыл қазыналарының бірі екендігін тәуелсіздік мұраты жолында жаңа экономикалық және саяси-әлеуметтік реформаларды қарқынды жүргізіп жатқан еліміздің Үкіметі ескеріп, елдің еңсесі көтеріле бастаған уақытта рухани өмірдегі кем-кемтікті түзеуге бет бұрды. Сол тірліктің айқын көрінісінің бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметі арнайы қаржы бөліп қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы. Рухани мұраның түрлі салаларын бөліп-жармай тұтас қарастыратын «Мәдени мұра» бағдарламасының бір нысанасы - халқымыздың фольклорлық мұраларын халық игілігіне жарату.
Қазақ фольклорындағы асыл рухани қазыналардың бір шоғыры Асан Қайғы туралы аңыздарда шоғырланған. Асан Қайғы туралы аңыздар - қазақ халқының сан ғасырлық әлеуметтік аңсарын, өмірдегі зор мұраты мен күйінішін бейнелеген рухани мұра. Қазақ халқының басынан өткен тарихын зерттеуде, дүниетанымын, арман-тілегін тануда Асан туралы аңыздардың мәні зор.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ халқының арман-мұңын, мүддесін арқалаған Асан Қайғы бейнесі мен ол туралы аңыздарды зерттеуге ғалымдар Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Е.Исмаилов, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Б.Адамбаев, С.Қасқабасов, А.Шәріп, А.Сейдімбек, Б.Омарұлы т.б. үлес қосты. Қазақ халқының рухани мұрасында Асан Қайғы есіміне қатысты аңыздардың маңызы зор. Бұл аңыздардың өн бойына ноғай мен қазақтың айырылғанына қайғы жеп, халыққа жайлы қоныс іздеген жиһанкез, хан жанында жыр толғаған жырау, ел мүддесін арқалаған шешен бейнесі енген.
Асан Қайғыға қатысты аңыздарға өз кезінде Ш.Уәлиханов, Г.Потанин сынды зерттеуші ғалымдар назар аударған болатын.
Ш.Уәлиханов Асан есімін жазбалары мен зерттеу еңбектерінде бірнеше рет атайды. Ғалым қарт жырауды қазақ ханы Жәнібектің билік құрған тұсымен байланыстыра отырып, далалықтар күні бүгінге дейін ноғайлы философы Асан қайғы туралы аңыздар мен оның адамгершілік туралы өсиеттерін аузынан тастамайтынын атап өтеді.
Ғалым Г.Потанин Асан туралы аңыздарға көңіл бөліп, көшпелілер философы туралы екі аңыз нұсқасын жазып алған. Бұл аңыздар ХІХ ғасырдың аяғында қазақ халқынының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға өзіндік үлес қосқан «Дала уәлаятының газетінде» жарияланды.
ХХ ғасырдың басында Асан Қайғы есіміне қатысты деректерге назар аударылып, зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.
Қ.Халид «Тауарих хамса» еңбегінде Асанның ғұмырнамасы мен шығармашылығы жайында ел аузынан тарихи деректер жинап, Асан Қайғының өмір сүрген мезгілін анықтауға тырысады. Асан атаны әуелі Кіші Мұхаммед хан жанында Сарайда болған, кейін Ұлық-Мұхаммед хан қасында болған деген пікір айтады. Бұл пікірдің ғалым Ә.Дербісалин тарихи шындық деректері сәйкес еместігін атай отырып, аңыз Асанды Жәнібек заманының адамы етіп көрсететінін айтады.
Х.Досмұхамедов Асан Қайғы туралы зерттей келе, оның шығармашылығын болжал өлеңдердің бастарына қойып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерін отарлау күшейген кездегі халық шығармашылығымен үндес екенін көрсетеді.
Ғалым М.Әуезов Асан Қайғы туралы аңыздардың төркінін зерттей отырып, оның Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүруі тарихи шындыққа сай келмейтінін аңғарды. «Әдебиет тарихы еңбегінде» Асанның Абылайдың тұстасы болмаса да, соған жақын кезеңде өмір сүргенге ұқсайды деген пікір айтады. «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде Асан туралы ойды толғай отырып, ол туралы аңыздарды халық аңсаған арман-тілек бейнеленген кейіпкер екенін аңғартады.
Бұл тұжырым зерттеу жұмысы барысында Асанның ғұмырнамасына тереңірек үңілуге, оның фольклордағы жиынтық бейне екенін дәлелдеуге мұрындық болды.
Дала философы туралы аңыздардың негізгі сарынын айқындауға ұмтылған ғалым Е.Исмайлов. «Ақындар» атты монографиясында Асан туралы аңыздардағы негізгі сарын халыққа бақыт іздеу идеясы екенін атап өтеді. Ол жайындағы аңыздар халықтың басынан кешкен азабын, қорлығын елестетсе, сонымен бірге бақытты аңсаған талап, күресін көрсететіндігін тұжырымдайды.
Асан туралы аңыздарға басты назар аударып, Асан ғұмырнамасы мен аңыздардағы Жәнібектің кім екенін анықтауға ұмтылған ғалым Ә.Қоңыратбаев болды. Тарихта Жәнібек есімді үш хан болғандығына тоқталып, Асан өмірін ХҮІ ғасырдағы тарихи оқиғалармен байланыстырып қарастырады.
Асан Қайғы туралы аңыздарға арнайы тоқталған ғалым Б.Адамбаев «Тарихи аңыз-әңгімелер» атты еңбегінде Асанның жерге берген сындары арқылы оның жүрген жолын, бағытын бағдарлауға болады деген болжам түйеді. Асан Қайғыны Майқы бидің ісін жалғастырушы деп бағалайды.
Асан туралы аңыздардың жанрлық ерекшелігіне тоқталған ғалым С.Қасқабасов болды. «Миф пен әпсананың тарихилығы» атты зерттеу еңбегінде Асан туралы әңгімелерді халық прозасының әпсана жанрына жатқызады. Сонымен қатар халық пікірінде әлеуметтік утопияның үш сатысы болатынын, Асан туралы әпсаналардағы «Жер ұйық» іздеу сарынын осы әлеуметтік утопияның алғашқы екі сатысына, халықтың орнаған қоғамға немесе әміршіге деген наразылық (протест) пен қарсылық (оппозиция) білдірген утопиялық ойлары түскенін жазады, «Жерұйық» мотивінің түп-тамыры көк, жер, жер асты әлемі туралы шамандық ұғыммен байланысты екеніне назар аудартады.
Ғалым көтерген құнды мәселелерді басшылыққа ала отырып, Асан туралы аңыздардың жанрлық ерекшелігіне айрықша назар аударуды мақсат еттік.
Асан Қайғы туралы рухани мұраны зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысында қолға алынды. Бүгінгі күнге дейін фольклортану ғылымының қалыптасуына үлес қосқан Асантанушылар оның өмірі туралы, халық тағдырын бейнелеген шығармашылығы, ел мүддесі мен арман-тілегін білдіруші бейнесі туралы құнды пікірлер бере отырып, Асан Қайғыға байланысты рухани мұраны өз еңбектеріне арқау етті.
Зерттеу жұмысының барысында ғалымдардың тұжырымдары басшылыққа алынып, Асан Қайғы туралы аңыздардың зерттелу шеңбері кеңейтіліп, олардың фольклорлық сипаты айқындала түседі
«ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты ғылыми еңбекте Асан Қайғы туралы аңыздар мен атақты аңыз кейіпкері туралы әр кезеңдерде жүргізілген зерттеулерге сипаттама беріліп, жүйеленген. Сонымен бірге фольклортануда Асан Қайғы туралы аңыздарды фольклорлық жанрлық ерекшелігі тұрғысынан зерттеу бастамасын көтерген ғалым С.Қасқабасовтың «Миф пен әпсананың тарихилығы» атты еңбегінің маңызы зор болды.
Зерттеудің мақсаты - Асан туралы рухани мұраны кешенді түрде жүйелеп қарастырып, аңыздардың тарихи негіздері мен фольклорлық сипатын кеңінен талдау, зерделеу.
Зерттеудің міндеттері:
қазақ фольклорындағы сан-қырлы мол мұралардың бірі болып табылатын Асан туралы аңыздарды жүйелеп зерттеу;
Асан туралы аңыздарға әдебиеттану, фольклор ғылымында берілген бағалар мен көзқарас-пікірлердің мәні мен маңызын анықтау;
ХІХ ғасырдағы зар заман ақындар шығармашылығы мен Асан туралы аңыздар арасындағы ортақ мазмұнның тарихи негіздерін айқындау;
Асан есімді тарихи тұлғалар мен фольклордағы Асан бейнесі арасындағы байланысты белгілеу;
Асан туралы аңыздардағы тұрақты мотивтердің қатарын анықтау және фольклорлық циклизация құбылыстарын талдау.
Зерттеудің дерек көздері. Диссертацияға ҚР ҰҒА ОК сирек қолжазбалар қорындағы жазбалар, Асан Қайғы туралы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Дала уалаятының газеті», «Тургайская газета» беттеріндегі, сондай-ақ жекелеген зерттеушілер мен Қостанай мемлекеттік университеті филология мамандығында жүргізілетін фольклорлық практика барысында жиналған аңыздар мәтіні пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
Асан Қайғы туралы аңыздардың ХҮІ ғасырда Ноғайлы ордасында өткен «зар заман» кезеңінде туып, ХІХ ғасырда қазақ халқы басынан өткізген «зар заманда» қайтадан жаңғырған рухани мұра;
Асан есімімен үнемі қатар аталатын Әз-Жәнібек хан – жиынтық бейне. Онда Алтын Орданың атақты ханы Өзбекұлы Жәнібектің, Ноғайлы Ордасы тұсында Астраханды билеген аштарханидтік Жәнібектің, сондай-ақ Қазақ Ордасын алғаш құрушылардың бірі Жәнібектің бейнелері орын алған;
Асан туралы аңыздарға Алтын Орда тұсында, Ноғайлы Ордасында өмір сүрген Асан есімді тарихи тұлғалардың елі мен жері үшін атқарған қызметінің әсері ашылады;
Асан туралы аңыздардағы тұрақты мотивтердің төркіні мен өзгерісі анықталады;
Асан ғұмырнамасы мен тарихи шындық арасындағы қарама-қайшылықтардың туындауына себеп болған көркем фольклордағы циклизация құбылысының белгілері кең түрде талданады.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық жұмыста Асан Қайғы туралы аңыздар фольклористикада қалыптасқан негізгі теориялық танымдар негізінде талданып, зерттеуге салыстырмалы типология, тарихи талдау әдістері қолданылды.
Зерттеу барысында Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, Х. Досмұхамедов, Ә.Марғұлан, М. Дүйсенов, Е. Исмаилов, М. Ғабдуллин, Б. Адамбаев, С.Қасқабасов, Е. Тұрсынов, М. Мағауин, Б.Абылқасымов, А..Сейдімбек, К.Матыжанов, Б. Омарұлы, А. Шәріп және т.б. қазақ фольклоры мен әдебиет тарихын зерттеудегі теориялық және методологиялық тұжырымдары, ғылыми концепциялары және шетел фольклортанушыларының теориялық пайымдаулары басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеудің қорытындыларын фольклортануда, сондай-ақ қазақ халқының дүниетанымы мен рухани қазынасын зерттеушілер пайдалануына болады. Қазақ филологиясы мамандығын дайындайтын жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәніне, қазақ руханиятына қатысты курстарда пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
Асан Қайғы туралы аңыздарды ХҮІ ғасырдағы ноғай, қарақалпақ, қазақ халықтарында туған ортақ мұра ретінде қарастыру;
Асан туралы аңыздар Ноғайлы кезеңіндегі «зар заман» мен ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы тарихи-әлеуметтік жай-күйдің ортақтығынан қазақ арасында қайта жаңғырған мұралар.
Фольклорлық шығармаларда тарихи шындықтың бейнеленуі халықтың арман-тілегі мен мұрат-мүдделерінен туындайтын «шындықтың» ізінен түзелетіндіктен, онда халық армандаған шындықтың түзелгендігін көрсету;
Асан туралы аңыздарды фольклорлық көркемдеу тәсілдерін бойына терең сіңірген, халықтық таным-түсінік пен көзқарас мол мол сақталған рухани мұра деп қарау.
Жұмыстың жариялануы мен сарапталуы. Диссертацияның негізгі мазмұнын ашатын мақалалар «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ұлт тағылымы», «Ақиқат», «Қостанай мемлекеттік университетінің Хабаршысы» ғылыми журналдарында жарияланды. Зерттеу материалдары негізінде 3 халықаралық және 2 республикалық ғылыми теориялық конференцияда баяндамалар жасалды.
Диссертацияның теориялық мәселелері мен ғылыми тұжырымдары ҚР БҒМ М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінде талқыланды.
Зерттеудің құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш бөлім мен жеті тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде Асан Қайғы туралы аңыздарға байланысты зерттеу тақырыбының өзектілігі мен зерттеу деңгейі, жұмыстың ғылыми, теориялық, әдістемелік негіздері белгіленіп, негізгі дерек көздері көрсетілді. Сонымен бірге зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері анықталып, негізгі ғылыми жаңалығы, теориялық-практикалық маңызы көрсетілді.
Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі «Асан Қайғы туралы аңыздар мен шежірелік жазбалардың тарихи шындықпен арақатынасы» деп аталады. Бөлім екі тарауға бөлінген.
1.1 «Асан Қайғы туралы алғашқы жазбалар және дәуір шындығы» деп аталатын тарауда Асан Қайғы туралы аңыздардың ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ш. Уәлиханов, Г. Потаниндердің зерттеулері мен жазбалары арқылы және «Дала уалаяты газетінде» жарияланған нұсқалары сол дәуірдің шындығымен салыстыра қарастырылады.
Аңыздар - халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды баяндайтын халық прозасының бір түрі. Онда халықтың тарихи оқиғаларға берген бағасы, дүниетанымы, көзқарасы, өткен оқиғадан алатын тағылымы, тіршілікте көздеген арман-тілегі суреттеледі. Аңыз ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарағандықтан, оның мазмұнына халық басынан өткен түрлі тарихи кезеңдер өз таңбасын қалдырып, бағасын беріп отырады. Белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген әрбір ұрпақ ата-бабадан жеткен тағылымды әңгімеге өз тұсындағы өзекті мәселелерді де қосып отырады. Асан туралы аңыздардың алғаш жазбаға түскен көне нұсқаларында сол дәуірдің танымы мен тағылымы тіркелген.
ХІХ ғасыр қазақ тарихында Ресей отаршылдығы түбегейлі орнаған, жаңа саяси және экономикалық реформалар жүрген, сол реформалар әкелген өзгерістердің салдарынан қазақтың көшпелі тіршілігіне аса қажетті көшіп-қонар қоныстарының тарылуы халықтың саяси және рухани танымдарына үлкен өзгерістер әкелді. Ол өзгерістер халық аңыздарында, өлең-жырларына, жекелеген ақындар шығармаларынан көрініс алды.
Заман бейнесін өз шығармаларының негізгі арқауына өзек етіп алған ақын-жыршылардың қалың қатары шықты. М. Әуезов мұндай ақындар қатарын «зар заман ақындары» деп атап, сол күйді енгізген ақындардың алғы шебі Асан Қайғыдан басталады деп көрсетеді:
«Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шаншулы мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғаш рет қалың елдің қамын ойлап, күңіренген - қария Асан. Алғаш рет келешек заманның құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп, болжал айтқан Асанқайғы. Сол заманның өзінде басқа жерге ауайық десе де, өлең сөзді қауымның қызметіне жаратуға кіріскен тағы да сол. Кейінгіге ел қамын жоқтаған мұң зар сарынын тастап кеткен де сол. Зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым - Асан бастаған сарын. Сондықтан зар заман ақындарының алғашқы белгісі Асанқайғыдан басталады дейміз» [1, 201].
Алаштың көрнекті ғалымы Х. Досмұхамедов те Асан есіміне қатысты халық әдебиетіндегі жаңа сарынның басталғанын көрсетеді. Ол Асанды қазақ халық әдебиетіндегі болжал өлеңдерінің бастауына қояды және бұл мазмұндағы өлеңдердің күшейген тұсы деп ХІХ ғасырдың ІІ жартысы деп көрсетеді. «Болжалдық әдебиеттегі бұндай үмітсіз, зарлы сарын әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысында–саяси бостандықтан үміт кесілгенде (Исатайдың, Кенесарының, т.б. көтерілістерінің жаншылуы), қазақ жерін отарлау күшейгенде, ел жиі-жиі жұтқа ұшырап, кедейленгенде – күшейе түсті»[2, 22], - деп жазады ғалым.
Заман кейіпінен торығып, қайғы, уайым кешкен зар заман ақындарының қозғаған мәселелері мен Асан Қайғы туралы халық аңыздарындағы «уайым істері» бір-бірімен сабақтас. Асан туралы аңыздарда оның негізгі қайғырып жүрген мәселелері мынадай:
1. Ел билеген хан тұқымының қарадан қатын алған ісіне қайғыру;
2. Құладынға қу ілгізіп, тектіні тексізге жығып берген хан ісіне уайым ету;
3. Орыс отаршылдығының шеңгеліне түсіп, көшіп-қонуға тар бола бастаған қайырсыз қонысты тастап көшу.
Асан Қайғының Әз-Жәнібекке артатын басты «өкпесінің» бірі – ханның қарадан әйел алуы. Асанның пайымынша, бұл жөнсіз істің салдары елдің болашағына зиянын тигізеді. Алдағы күнде ел билейтін текті тұқым жойылып, оның ақыры жұртты бөтен ел билейді. Басшысы тексіз елдің ісі де берекесіз, болашағы да бұлыңғыр. Ал хан тұқымының «тексізденуі» – қарадан қатын алуға байланысты.
Мұндай реніштің туындауы - қазақ даласындағы хандық жүйенің күйреуі салдарынан болғаны анық. ХІХ ғасырда қазақ даласында хандық жүйе Ресей тарапынан жасалған саяси реформаның нәтижесінде өмір сүруін тоқтатқаны тарихтан белгілі.
Асанның екінші реніші - Асанның жаман ырымға жорыған Әз- Жәнібек ханның құладынға құс патшасы аққуды ілдіруі. Бұл жерде аққу – төре тұқымының, құладын – тексіз билеушінің, сондай-ақ сыртқы жаудың бейнесі. Аққуды құладынға ілдірген хан ісінен елді тексіз кісі билейді, жұрт бодандыққа түседі, ханға қара кісі қару көтеретін заман туады деп қайғырады.
ХҮІІІ ғасырдың соңында қарадан (құл сөзінің синонимі) Сырым батыр Нұралы ханды тақтан түсіріп елден қуады, Есім ханды өлтіреді. Исатай мен Махамбет ханға қарсы көтеріліс жасаған еді.
Қазақ халқының өзге жұрт қарауына көшуі, билікке төре жете алмай қара тұқымы келуі, ханға қара кісінің қарсы шығып, қару көтеруі оқиғалары қазақ тарихында да болған. Елдің азып-тозуы тексіз кісілердің билікке келуі деп түсінеді халық. Заман түзелуі үшін текті тұқым ел басқаруы шарт. Асан «қайғысы» осы мәселелерді көлденең тартады.
Ал қайырсыз қонысты тастап көшу – Асан Қайғы туралы аңыздардың негізгі сарыны. Бұл сарын Асанның қазаққа жайлы қоныс іздеп, жер шолған аңыздарының мазмұнында үнемі орын алып отырады. Асан барған жеріне оның мал мен егінге жайлылығы мен жайсыздығына сын айтумен қатар, оған маңайдағы жаулардан келер қауіп-қатерді де айтып отырады. Мысалы, Тарбағатай тауының түстік жағын Қытай, солтүстік жағын орыс алар десе, Керекуді, Еділ мен Жайықты, Сарыарқаны да орыс алады деп қауіптеніп, орыс бармайтын жер деп Жиделібайсынға көшіп кетеді.
Аңыздар мазмұны Асанның не себептен қазаққа жаңа қоныс іздеп жүргенін айқындап беріп отыр. Асанды мазасыздандырған негізгі себеп – қазақ жері орыстың қолына түсетін, бекініс, қала салынатын қайырсыз қоныс. Одан құтылу жолы - басқа құтты қонысқа көшу.
Аталған мазмұндағы мәселелер ХІХ ғасырдағы зар заман ақындары Мұрат, Дулат, Шортанбай шығармаларынан да мол орын алған еді. Сондықтан фольклортанушы ғалым Ә. Қоңыратбаев Асан Қайғы шығармаларына: «Ол (Асан Қайғы – Б.М.)- ел басындағы ауыртпалықты жырлап, заман жайлы сыншыл ой тудырған философ, замана сыншысы. Оның сарындарын ХІХ ғасырда «зар заман» ақындары қайталаған» [3, 95],- деп орынды, әрі дәл баға береді.
1.2 «Тарихи-шежірелік жазбалардағы Асан ғұмырнамасы және тарихи шындық» деп аталатын тарауда қазақ тарихына қатысты шежірелік еңбектер қалдырған Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегіндегі Асан Қайғының ғұмырнамалық баяны, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ Һәм хандар шежіресі» атты шежірелік зерттеуіндегі Асан өмір сүрген заман шындығына қатысты деректер талданады.
Асан Қайғының қай кезде туып, қандай қызметтер атқарғаны туралы хабарлар қазақ аңыздарында өте мардымсыз сақталған болса, 1910 жылы Қазан қаласында «Тауарих хамса» атты тарихи еңбек шығарған оқымысты Құрбанғали Халидтың баяндауларында Асанның ғұмырнамасы туралы деректер келтірілген.
Қ. Халид тарихи-шежірелік деректерде жақсы сақталған Ұлық-Мұхаммед ханды Асан есімімен байланыстырып, халық аңыздарындағы «Орманбетті» Ұлық–Мұхаммед деп таниды. Бұл тұрғыда ол «Орманбет» атауының дыбысталуын бұзып, оны «Ұр-махаббат хан» деп айтады. Осы танымның салдарынан «Орманбет хан өлген күн, он сан ноғай бүлген күн» деген жолдар Халидтың еңбегінде «Ұр-махаббат хан өлгенде, он сан ноғай болғанда» деп өзгертіледі. Ал қазақ арасына кең тараған «Ел айырылған» («Ноғай мен қазақ айырылған күйі») күйін Қ.Халид ағайынды хандар Кіші-Мұхаммед пен Ұлық-Мұхаммед хандардың бір-біріне өкпелесіп айырылысқан күні тартылған күй деп танып, оны «Екі ханзаданың айырылғаны» деп те атайды. Інісіне өкпелеген Ұлық-Мұхаммед көшіп кетіп, Қазан қаласының негізін қалаған деп санайды. Сол Қазандағы Ұлық-Мұхаммедті Сарайдан қуылған Асан паналайды:«...Асан Атаны Сарай ханы кеңестен қуған соң, ол Қазандағы Ұлық-Мұхаммед ханның қасына барғаны кешірілген (нақыл етілген). Олай болса, әдепкіде Кіші Мұхаммед хан алдында Сарайда болып, соңынан Ұлық-Мұхаммед ханға барған болып шығады» [4, 93],- деп жазады.
Оқымысты тарихшының ел арасынан өзі жазып алып, оны шежірелік кітаптар дерегімен салыстырған аңызды талдауында тарихтан хабары бар зерделі жандарға бірден байқалатын үш қате пікір бар:
1. Халық арасында «Ұр махаббат хан өлгенде, он сан ноғай болғанда» деген ауызша тараған тұрақты жыр жолдары жоқ. Түркі тектес ноғай, қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарына тараған тұрақты жыр жолдары «Ор орманы күйген күн// Орманбет би өлген күн// Он сан ноғай бүлген күн» деген тіркестермен сақталған;
2. Халид айтып отырған «Екі ханзаданың айырылғаны» деп аталатын күй «Ноғай мен қазақ айырылған күйі» («Ел айырылған») күйі деп аталады және оның шығу уақыты Ұлұғ-Мұхаммед хан өмір сүрген ХV ғасыр емес, ХVI ғасырдың соңы [5, 166];
3. Қазан қаласының негізін қалаған Ұлұқ-Мұхаммед хан емес, қала іргетасы ХІҮ ғасырда қаланды [6, 295]. Ұлық-Мұхаммед хан – Қазан қаласына Алтын Ордадан ығысып барған билеуші.
Қ. Халидтің Ұлық-Мұхаммед ханды аңыз-жырда айтылатын Орманбет деп тануына оның Құдабай ақыннан 1871 жылы Асан туралы алған дерегінің әсері болғаны сөзсіз. Автордың «Асан Қайғы кім, оның сөздерінен есіңізде қалғаны бар ма?» деген сауалына Құдабай мынадай сөздермен жауап қатады:
Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық-қанық емес едім,
Естігенім, тақсыр-ау, былай деймін:
Тегінде ноғай –қазақ түбіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды еткен дүбір.
Ор Мамбетхан ордадан шыққан күн
Асан Ата қайғырып айтыпты жыр [4, 111].
Құдабай ақынның Асан туралы деректерге «анық-қанық емес», «үлкендердің айтуы» бойынша білетіндігін хабарлаған бұл өлең жолдарындағы «Орманбетхан ордадан шыққан күнде» деген жолдарға Қ. Халидтың терең мән бермегені байқалады. Өлең жолы «Орманбетхан өлген күнде» деген мағынаны беріп тұр. Себебі хан ордадан «шықпайды», тек «қуылуы» мүмкін. «Шықса» тек өлгеннен соң немесе күштеп, зорлықпен, болмаса өз еркімен тақтан бас тартып ғана шықса керек. Мұрагерлік биліктің заңы осындай.
Қазақтың жерлеу ғұрпында «үйден шығару» деген рәсім бар. Хан үшін, әрине, «үйдің» орнына «орда» аталады. «Шығу», «шығару» деген сөздер «қайту», «қайтыс болу» ұғымымен пара-пар. «Орманбет хан ордадан шыққан күнде» деп тұрған өлең жолы «Орманбет хан өлген күнде» деген хабарды жеткізіп тұр. Олай болса, Құдабай ақын «Орманбет хан өлген күні Асан қайғырып жыр айтыпты» дегенді мезгеп тұр. Бұл халық аңыздарында айтылатын «Орманбет хан өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн, Ор орманы күйген күні» немесе тарих тілімен сөйлейтін болсақ - Ноғай Ордасының күйреген күні. Демек, Асан Қайғы, аңыздың өзі мегзеп тұрғандай, Ноғай Ордасы күйреген күні елдің болашағына қайғырып жыр айтқан кісі.
Ноғай Ордасының толық күйреген уақыты ХҮІ ғасырдың соңы, ал Орданың соңғы билеушісі –Орманбет би. Бұл тарихта анық қағида ретінде орныққан дерек.
Қазақ тарихын қозғаған шежірелік еңбектердің Орманбет биді Ұлық-Мұхаммед деп шатастыруы кейінгі зерттеушілерге Асан өмірбаянын Қазан хандығының негізін салушы, билеушілері өзара таққа таласқан Алтын Ордада аз уақыт үлкен билікте болған Ұлық-Мұхаммед ханмен байланыстыра қарастырып, алдымен Асанды Қазан қаласында Ұлық-Мұхаммед жанында қызмет атқарған, кейіннен Дешті-Қыпшаққа қайта қайтып, қазақ ханы Әз-Жәнібек жанында қызмет атқарады деген болжамдарға, пікірлерге арқау болды. Мұндай пікірлердің орнығуына қасаң таптық идеологияға сүйенген кеңес заманының қыспағы тұсында жыраулық поэзияны зерттеп, тың деректер ашқан М.Мағауиннің зерттеулері де өз әсерін тигізді.
Зерттеу жұмысының екінші бөлімі “Асан есiмдi тарихи тұлғалар және түркі тектес халықтардың аңыздарындағы Асан Қайғы бейнесі» деп аталып, онда Асан есімді тарихи тұлғалардың өмір сүрген уақыты, атқарған қызметтері талданады. Сонымен қатар, тарауда Асанның түркі тектес халықтардың аңыздарында сақталған бейнелеріне сипаттама беріледі.
«Асан есiмдi тарихи тұлғалар» деп аталатын тарауда Алтын Орда мен Ноғайлы Ордасы тарихына қатысты түрлі жазба деректерде сақталған Асан есімді кісілердің аңыздағы Асан Қайғыға қатысы болу мүмкіндігі мен алшақтығы анықталады. Өмір сүрген заманы, әрі атқарған қызметі, тарихи оқиғаларға қатысы тұрғысынан аңыздағы Асанға жақын тарихи тұлғаларды қатарын анықтау барысында Алтын Орданың арғы-бергі тарихтарына шолу жасалды.
ХІҮ ғасырда Жошының Бату атты баласынан тарайтын билік мұрагерлігінің соңғы тұяғы Бердібек ханның тұсында Асам (Асан) би деген кісінің қызмет жасағаны жазба деректе тіркелген. Асам (Асан) бидің есімі 1358 жылы Бердібек ханның венециялықтармен сауда-саттық жөнінде жасасқан келісімінде аталады. Бұл келісімде Өзбекұлы Жәнібекті өлтіріп, оның орнына Бердібектің отыруына ықпал еткен беделді Тоғлу бидің есімі аталады [7, 107].
Алтын Орда билеушiлерiнiң венециялықтарға жолдаған жарлықтарын арнайы зерттеген шығыстанушы ғалымдардың пiкiрiнше, латыншаға аударылып берiлген Асанның мұсылманша толық есiмi - Хүсейін–Софы [8, 163]. Ол - Өзбекұлы Жәнiбек хан тұсында Ордаға үлкен ықпалы болған, Өзбек ханның қызына үйленген қоңырат Нангудайдың ұлы. Ол ХIV ғасырдың 70 жылдары Хорезмдi билеп, өзiнiң ағасы Жүсiп екеуi қоңыраттың билеушi Софы әулетiнiң негiзiн қалаған [8, 70].
Бердібек хан тұсында беделді би Асанның оның алдындағы Өзбекұлы Жәнібек ханның билігі тұсында да беделі бар би болуы ғажап емес. Бердібек - таққа әкесінің жанында қызмет еткен билердің қастандығы арқасында билікке келген хан тағының үміткері еді. Бердібектің тұсында Алтын Орданың билігіне қатты ықпалы болған Тоғлу бимен қатар Асан есімінің венециялықтармен жасалған келісімде қатар аталуы біздерді осы ойға жетелейді. Бұл –бір.
Екіншіден, Асан (Хүсейін-Софы) ағасы Жүсіппен билеген Хорезм өлкесіндегі Бұқар (Жиделі Байсын), Үргеніш өлкелері Асан туралы аңыздарда ел-жұрттың ертедегі атақонысы ретінде жиі айтылады және Асан елді сол жаққа көшіруге ұмтылып отырады.
Үшіншіден, Асан туралы халық аңыздарының бірінде ол – Әз-Жәнібек ханның алдында беделді, сыйлы кісі. Хан Асанды бірнеше рет арнайы тойға шақырады. Асан «Аштарханды (Астраханьды) орыстарға салдырдың, қарадан қатын алдың, құладынға қу алдырдың» деп ханға өкпелеп, тойға келмейді.Аңыздың Алтын Орда ханы Әз-Жәнібекке қатысты айтылуы мүмкін дегенге қосымша жорамалдар аңыз мазмұндағы Асанның осы «өкпесінен» байқалады. Аңыз бойынша, «Құладынға қу ілдірген, қарадан қатын алған хан» сол қарадан туған құлдың қолынан қаза табады [9, №5]. Бұл көрініс Жәнібек ханның өзіне жақын Тоғлу бидің қолынан қаза табуын мегзейді.
1359 жылы Бердібек хан қастандықпен өлтіріледі. Алтын Орда тарихында «үлкен зобалаң» («замятная великая») деген атаумен қалған аласапыран дәуір басталады. Жошы ұрпақтары хан тағына таласқан «үлкен зобалаң» жылдары Ақ Орданың ішкі берекесіздігін тудырды. Жошы ұлысына тәуелді елдер бағыныштылықтан құтылуға ұмтылады [7, 60-61]. Сарай билігіне бағынғысы келмеген ірі феодалдар шеткі аймақтарға көшіп, өз алдына отау тігуге тырысты. Мысалы, Еділ бойындағы көне қала Бұлғарды Алтын Орданың ірі феодалы Бұлғақ-Темір басып алады. 1367 жылы ол орыс әскерінен жеңіліп, Еділдің төменгі ағысына қашады. Сол жерде ол Әзиз ханның қолынан қаза табады. Бұлғар қаласының билігі жергілікті князь Хасан қолына көшеді. 1370 жылы Мамай орыс әскерінің көмегімен Бұлғардың билігіне Мұхаммед сұлтанды отырғызады. Хасан Бұлғарға соғысуға келген орыс әскерінің алдынан көп тарту, мол сыйлықпен шығып, билікті қантөгіссіз береді. Өзіне қарасты елді алып, көш бұлғар жерін тастап, Коми өзенінің оң жағалауына өтеді де, жаңа қаланың негізін қалайды. Қала Хасан князьдың атымен «Қазан» аталып кетеді [10, 63].
Хасан бидің (князьдың) атақты кісі болғаны оның басына қойылған көктастағы жазулар байқатады. Онда «атақты бек, жеңімпаз, билеушілердің көмекшісі, әулет пен діннің мақтанышы Мір-Махмұд ұлы Хасан бек» [6,15] деген мадақ жазулар бар.
Демек, «билеушілердің көмекшісі» Хасан бектің күші көп жауға қарсы келмей, қантөгіссіз елді бөтен өлкеге алып кетіп ақыл тапқан ісі Ноғайлы арасында үлгілі аңызға айналуы әбден мүмкін. Қазақ аңызындағы «ақыл иесі»
Асанның әрекеті де сол – елді бөтен, тыныш өлкеге алып кету. Аңыздардағы Асан елді орыс алады деп қауіптеніп, жаңа жер іздейді. Ал тарихи тұлға бұлғар князы Хасан да Мамай қолдаған дем берген Орыс әскерінің тегеуірінен жылысып, бөтен қонысқа ауысады.
Алтын Орданың мұрагері ретінде қалған Ноғай Ордасы өз тарихында бірнеше бұлғақты (смута) басынан өткізген. ХҮІ ғасырдың бойында Ноғай Ордасы үш үлкен бұлғақты (смута) басынан өткізіп, оның соңы Орданың күйреуіне әкеліп соқтырады. Бір ғасыр бойы бұлғақтан көз ашпаған Ноғай Ордасы жұртының аңыздарында тыныш, бейбіт қонысты армандаған сарынның дүниеге келгені сөзсіз. Орыс деректерінде ХҮІ ғасырдың орта шенінде (1554-1560 жж.) Ноғай Ордасында болған кезекті бұлғақ (ІІ бұлғақ) уақытында халық ішінде «Бұқара мен Үргенішке көшіп кету» жоспарының кең тарағандығы тіркелген [11, 309].
Ноғайлы жұртының орыс отаршылдығынан құтылар жолы – бұрынғы ата қонысы Бұқара мен Үргенішке қоныс аудару. Осы тұста еліне жаудан тыныш қоныс іздеп, жайлы орынға қондырған Хасан бектің тарихи қызметі ХҮІ ғасырдың орта шенінде кезекті бір бұлғақты басынан кешіріп жатқан Ноғайлы жұрты үшін үлгілі іс ретінде аңыздала бастауы мүмкін еді.
Қазақ аңыздары Асан Қайғыны елдің сыртқы қарым-қатынасына араласып, елшілікке барған би деп есептейді. Ал тарихи жазбаларда Тоқтамыс ханның тұсында бірнеше рет елшілік сапарға барған Асан би деген кісінің есімі аталады. Ол Тоқтамыс ханның Литва-Польша королі Ягойлаға 1392 жылы Дон өзені бойынан жазған хатында бірнеше рет аталады. Онда ол ханның атынан Литва короліне екінші рет барып отырған би [12, 107].
Тоқтамыс туралы аңыз-жырлар қазақ арасында кең сақталғанын ескерсек, оның тұсында беделді би, елшілік қызметтер атқарған Асан бидің бейнесі де аңызға түсері сөзсіз.
ХҮ ғасырдың ортасында жеке хандық құрған Қазақ Ордасы Әбілқайыр хан билеген Өзбек ұлысынан шыққандығы тарихтан мәлім. Әбілқайыр ханның жанында оның жеңісті жорықтарына қатысқан Хасан есімді бірнеше кісінің болғаны тарихи деректерде жазылған. Айталық, Мақсұт бин Осман Қухистанидің «Тарихи Әбілқайыр-хани» атты еңбегінде Хасан-оғлан-би Шынбай және Хасан-би Ұйғыр деген билердің аты аталады. Бұлар ірі рулардың биі және әскери қолбасшылары[13,164-168].
Бірақ аңыздағы Асан мен Өзбек ұлысының ханы Әбілқайырдың қызметінде болған Хасан (Асан) атты кісілердің бейнесінде қарама-қайшылық бар. Әбілқайыр жанындағы Хасан атты кісілер әскери қолбасшылар, ал аңыздағы Асан ел қамын ойлаған ойшыл, уайымшыл, қайғышыл бейне. Диссертацияда Әбілқайыр тұсындағы Хасан (Асан) есімді кісілердің қызметі мен бейнесі Қазақ хандығының тарихы Өзбек ұлысының тарихымен тығыз байланыста болғандықтан талданады.
ХҮІ ғасырдың соңына дейін Қазақ хандығымен тарихы тамырлас Ноғай Ордасында Хасан (орыс деректерінде Асан деп аталады) деген би өмір сүрген. Ол – Едiгеұлы Уақастан тарайтын төрт ұлдың бірі. Хасан (Асан) ағалары Мұса мен Жаңбыршы билер дүниеден өткеннен кейін Ноғай Ордасының биі атанады. Оның билігі 1504-1508 жылдар аралығында 4 жылға созылады. Тарихшылардың пікірінше, Асан бидің билігі уақытында Ноғай Ордасының тарихында ешбір елеулі оқиғалармен есте қалмаған. Тек Польша-Литва корольдігі мен Ноғай Ордасы арасындағы қарым-қатынасқа сызат түседі [11, 142-143].
Хасан (Асан) бидің тұсында Ноғай Ордасының өзге мырзалары үлкен билікті мойындамай, өз ұлыстарын жеке дара билейтін сыңай таныта бастайды. Мұның арты Ноғай Ордасындағы алғашқы үлкен бұлғақтың орнауына әкеліп соқтырады. Үлкен биліктің бағы тайып бара жатқанын байқаған Асан би Едіге биден қалған дәстүр бойынша ордаға хан сайлап, өзі оның ұлық биі (беклербек) болуға ұмтылады. Бірақ ол әрекеті сәтсіздікке ұшырап, өзі хан етпек болған билеуші екеуі Ордадан қашып, қаза табады. Ноғай Ордасында бірінші бұлғақ басталады. Қарсы топтың бір жағында Жаңбыршы баласы Ағыс пен Мұса баласы Сайд-Ахмет, екінші жақта Алшағыр мен Шейх-Мұхаммед және Мұсаның өзге әйелдерінен туған балалар тұрады [11,147].
Ноғай Ордасының ішкі қайшылықтарында орын алған билер тартысының жаңғырығы «Ноғайлы жырлары» деп аталатын батырлық эпостарға түскен. Бұл жырларда Асан атты дана кісінің есімі аталады. Мысалы, «Жаңбыршыұлы Телағыс» жырында Асан - Қырымды мекен ететін ноғайлыда ақылы асқан дана кісі. Жырдың мазмұны Жаңбыршының жалғыз баласы Телағыс пен Мұса бидің арасындағы қайшылықты баяндайды. Жыр қайшылықтың себебін қыз (қалыңдық) үшін тартыстан туғызады. Мамайдың қарындасын алмақ болған Телағысқа Мұсаның отыз ұлы кедергі келтіреді. Мұсаның ұлдарына өкпелеп, Қырымға қоныс аударып барған Телағыс Асанға келіп көмек сұрайды. Елдің бірлігін, Ноғайлы батырларының татулығын ойлаған Асан Телағысқа Қырымның қырық батырын жинап беріп (оның ішінде өз ұлы Абат та бар), «осы қырық батыр мен ол отызын (Мұсаның отыз ұлы-Б.М.) соғыстырма, қырқыстырма» деп Сыпыра қартты қосып жібереді.
Асан Қайғының даналығының арқасында ноғайлы батырлары бір-біріне деген өкпесін кешіріп, бастары бірігеді. Бірігудің дәнекершісі – ақылы асқан Асан Қайғы. Жырдағы Асан Қайғы бейнесі ел бірлігін ойлаған аңыздық баяндаулардағы Асан бейнесінен алыс кетпейді.
Қазақ арасында кең жырланатын Ноғайлы жырларының ішінде жүрген Асан, сөз жоқ, тарихта болған кісі. Бірақ оны Алтын Орданың арғы-бергі тарихында, болмаса Өзбек ұлысы мен Ноғай Ордасының тарихында айтылатын «мына Асан» деп дөп көрсету мүмкін емес. Асан-романтикалық тұтастануға айналған поэтикалық бейне екендігі тарауда баса көрсетіледі.
2.2 «Түркі тектес халықтардың аңыздарындағы Асан Қайғы бейнесі» деп аталатын тарауда Ноғай Ордасының құрамында болған ру-тайпалардың негізінде жеке-жеке ұлт болып құрылған ноғай, башқұрт, қазақ, қарақалпақ халықтарының әдеби және фольклорлық мұраларында сақталған Асан Қайғы бейнесінің қазақ аңыздарымен ортақ және алшақ тұстарына талдау жасалынады.
Бұл орайда алдымен ноғай атауын ұлт этнонимі ретінде сақтап қалған Солтүстік Кавказдағы ноғай халқының аңыз-жырларында қандай бейнеде сақталғанына көңіл бөлінеді.
Солтүстік Кавказдағы ноғай халқының арасында сақталған батырлық жырларда Асан бірде мұсылман дінінің өкілі, бірде батырдың тұлпарын танитын сыншы, бірде абыз-сәуегей бейнесінде көрінеді. Мысалы, Ноғайлы батырлық жырларының ең көне жырларының біріне жатқызылатын [14,57-60] «Айсыл баласы Ахмет» жырында Асан мұсылман дінінің қайраткері ретінде көрініп, алғашқыда Әз-Жәнібекке қызыңды Ахмет батырға бер деп кеңес береді, бірақ Темір бай пара ұсынғаннан кейін ол шешімін өзгертіп ханға қызыңды Темір байдың баласына бер деп үгіттейді [14, 9].
Қазақ аңызында бұл мазмұн сәл өзгеше баяндалады. Жәнібек өзінің қарындасы Қаныбетті Айсыл баласы Әметке бермей Мығалы байдың Тастемір деген ұлына бергендігіне өкпелеп тойға келмей қояды [15, 267].
Ал «Орақ-Мамай» жырының ноғай халқының арасындағы нұсқасында Асан абыз-сәуегей бейнесінде орын алған. Жырдың басында Мұса ханның ордасында өткізіліп жатқан кеңесте ол Мұсаның 12 ұлының кенжесі Исмаилдың өсе келе ноғай халқын күйрететін ағайын аралық жауластыққа себепкер болатынын болжайды [14,147]. Тарихта Ноғай Ордасының күйреуі Исмайыл мен Жүсіп бидің билік үшін тартысынан басталған болатын. Сонымен қатар аталған жырда Асан жылқы баласының жүйрігін анықтай алатын сыншы [14, 113].
Ноғай халқының ақындар мұрасында да Асан өлеңдері көрнекті орын алады. Мұнда ол ел тағдырын ойлаған, әділ қоғам орнатудың жолына жауап іздеген, ел мүддесіне кереғар іс-әрекет жасаушы билерді сын тезіне алған танымал ақын. Асан Қайғы өмірдің басты құндылығына адамгершілік қарым-қатынасты, өзара сыйластықты, әділдікті қояды.
Асан шығармашылығы Ноғай Орда мырзалары өз ара билік тізгініне таласып, ел басына күн туып, ноғайлының ыдырап кету уақытында туған. Ноғайлы жұртының қамын ойлаған ақын елдің болашағына қам жеп қайғырады. Асан ағайынға ағайын жау болып, ата-анадан, бала-шағадан айрылып, іргесі сөгілген елдің ауыр тағдырына кінәлы деп ел билеген билеушіні (ханды) айыптайды. Ақын басты кінәны Әз-Жәнібек ханға артады. Бұл ақынның елдегі қалыптасқан шиеленісті мәселені шешуге ұмтылған, ханды халық үніне құлақ асуға шақырған дауысы деп санауға болады:
За истребленных отцов,
За причитающих матерей,
За разоренный народ,
За сыновей, мчавшихся, как ветер,
За пленных дочерей,
За Родину возмущенную
Наш хан, называемый Джанибеком,
От тебя я потребую ответа! [14,54], - деп қаһарланады ақын.
Ноғай халқында сақталған Асан өлеңдерінен оның қазақ халқы арасындағы толғауларынан мазмұны бөлектеу. Ноғай Асаны ханға батыл сөйлейтін, одан ел мұң-мұқтажын өтеуге «қайғы жеуді» талап ететін ақын.
Қазақ арасындағы Асан - ханның орынсыз істеріне өкпелеп, тығырықтан шығу үшін «қайғы жеп» жол іздеген жырау:
Ай, хан мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Екі Асанды салыстырып қарағанда, қазақ арасындағы Асан ноғай Асаны сынды ханға сұрауы нақты талаптар қоймайды.
Асанның ноғайлық сыңарынан «жұмсақтау» болатынының себебі мынада: Алтын Орданың ыдырауынан кейін жеке хандық ретінде бөлек отау құрған Қазақ хандығы тұсында ХІҮ-ХҮІІ ғасырларда Ноғай Ордасында өмір сүрген ақындарының шығармалары қазақ рулары арасында өзінің төл топырақтағы тарихи шындықтан алыстап кеткен. Ноғай Ордасынан бөлек хандық құрған қазақ арасында ақындардың өмірі мен олардың шығармаларының кейбір мәтіндері және олармен ілесетін аңыздар түпкі мазмұннан ауытқыған[14,193].
Асан Қайғы бейнесі башқұрт халқының ауыз әдебиеті үлгілерінде де сақталған. Башқұрт халқының эпикалық сарын бар философиялық толғауларында, яғни құбайырларында (кубаир) «Асан ата» атты толғау бар. Онда ол халықтың болашақ тағдырында бақытсыздық пен үлкен тауқыметтің күтіп тұрғанын, халық ата-бабасының әдет-ғұрпын ұмытқанын, ағайын-туысқандық жойылатынын уайым етеді.
«Асан ата» толғауы башқұрт құбайырларында бастау ретінде жиі кездесетін мынадай жыр жолдарымен аяқталады:
Тыңда, елім, қарияны,
Айыптама тым қатты.
Білгендіктен айтамын,
Оны қазір айтпасам,
Өкінесің, сен кейін...(Жолма-жол аударма) [16, 63].
Бұл жыр жолдарындағы сарын қазақ арасында сақталған аңыздар да кезедеседі.
Башқұрт әдебиеттанушысы Г. Хусаиновтың пікірінше, башқұрт пен қазақ арасында сақталған Асан толғауларының сарыны бір болғанымен тарихилығы тұрғысынан айырмашылық бар. Қазақ арасында сақталған толғау ноғайлы кезеңінің көне замандарынан хабар берсе, башқұрт арасындағы толғау ХҮІ ғасырдың екінші жартысындағы ноғайлы кезеңінен хабар береді[16, 62].
Башқұрт халқының фольклорында Асан Қайғы туралы өлең мен қара сөз араласып келетін «Асан Қайғының үлгілі сөзі» атты көлемді аңыз сақталған. Сонымен қатар, қарақалпақтар Асан Қайғыға тілейтін «Елдің ары – ердің ары», «Еділ жер» толғаулар башқұр арасындағы құбайыр жырларына мазмұны мен формасы тұрғысынан дәлме-дәл сәйкес келеді [16,63].
Қазақ арасында батырлық жырларды жырлаушы жыршы-ақындар (Мұрат, Нұрым, Қашаған) шығармашылықтарында да Асан бейнесі ноғайлы жырлары мен аңыздарда айтылатын бейнеден ауытқымайды. Өз шығармаларында Асан есімін көп атайтын жыршы ақын Мұрат Мөңкеұлының төл туындыларында Асан қоныстың құтсыз болатынын әу бастан аңғарып, оны тастап көшіп кеткен жан болып суреттеледі. Мұрат ақын үшін Асан заманның кейпінің қандай боларын күні бұрын болжаған әулие кісі. Ақын шығармаларында Еділ мен Жайық арасындағы қоныстардың тарихы Асан Қайғының ғұмырнамасымен тығыз байланыстырылатын тұстар да орын алған.
Бұл бөлімнің қорытындысы Асан Қайғы - Ноғай Ордасынан тараған түркі тектес халықтарға ортақ бейне және кейін жеке ұлт болып қалыптасқан халықтардың рухани мұраларында Асан бейнесін әр түрлі деңгейде сақтаған деген тұжырымды сомдайды.
«Асан Қайғы туралы аңыздардың фольклорлық сипаты» деп аталатын үшінші бөлімде Асан Қайғы туралы аңыздардың фольклорлық белгілері мен поэтикалық көркемділігі талданады. Бөлім «Жерұйық-Жиделібайсын» әлеуметтік утопиясы», «Асан Қайғы туралы аңыздардағы тұрақты мотивтер», «Асан Қайғы туралы аңыздардағы ғұмырнамалық тұтастану құбылысы» деп аталатын үш тарауға бөлінген.
3.1. «Жерұйық-Жиделібайсын» әлеуметтік утопиясы» деп аталатын тарауда Асан Қайғы туралы аңыздардағы негізгі мазмұн «құтты қоныс» іздеу сарыны талданады. «Құтты қоныс» іздеу қоғам дамуының белгілі бір сатысында әлем халықтарының дүниетанымында орын алған рухани сана, жақсы өмірді күткен арман-аңсары. Ғалымдар рухани санадағы бұл көріністі - әлеуметтік утопияға жатқызады. Асан Қайғы туралы аңыздарда орын алған әлеуметтік утопия шетел, орыс, сондай-ақ белгілі фольклортанушы мен әдебиеттанушылар С. Қасқабасов, Б. Омаров, А. Шәріп сынды ғалымдардың аталған мәселеге қатысты зерттеулерінде түзелген пікірлер басшылыққа алына отырып, Асан Қайғы туралы аңыздарға негізгі арқау болған «құтты қоныс» іздеу сарынының түп-төркіні, оның өзіндік ерекшеліктері көрсетіледі.
Асан Қайғы туралы әңгімелердегі «Жерұйық», «Жиделі-Байсын» атты мал-жанға жайлы, тыныш, рахат қонысты іздеу сарынының шығу төркіні мен өзгерген мазмұнын ашуға құрылған күрделі әрі келелі зерттеу – С. Қасқабасовтың зерттеулерінде алғаш көрініс алды.
Асан туралы әңгімелерді әлеуметтік утопиялық әпсанаға жатқызған ғалым оның қазақ фольклорында үш сатысы бар екендігін белгілейді. Олар: бірінші саты - «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман туралы идея. Екінші саты - құтты мекен туралы арман. Үшінші саты өзі өмір сүріп отырған қоғамды өзгерту идеясы[17, 103].
Асан Қайғы туралы әңгімелерді ғалым қазақ фольклорында байқалатын әлеуметтік утопиялық ойлардың алғашқы екі сатысына жатқызады: «Қазақ фольклорында, - деп жазады фольклортанушы, - халық әлеуметтік утопиясының алғашқы екі түрі (сатысы) байқалады. Бірақ олар ашық, жітеліп бөлінбейді. Соған қарамастан, орнаған қоғамға, өмірге немесе әміршіге деген наразылық (протест) пен қарсылық (оппозиция) қазақтардың қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман мен құтты мекен –Жерұйықты іздеу туралы әпсаналарында айқын сезіледі» [17,104].
Зерттеуші А. Шәріп Асан туралы аңыздардағы утопиялық сарындарды Асан Қайғы туралы аңыздарды қазақ поэзиясында көрініс алған утопиялық ойлардың бастау арнасы ғана емес, Асанның өмір сүрген дәуіріне қарап оны Кампанелла, Т. Морр шығармаларында орын алған «Құтты қоныс немесе қайырымды қоғам» туралы утопияның алғашқы бастауы деп санайды [18,185].
Әдебиет тарихындағы зар заман ақындарының шығармашылығын арнайы зерттеген Б. Омарұлы Асан Қайғыны «Халықтың ой-арманымен өзектес «Жерұйықты» іздеген, бірақ таппаған, ал зар заманды болжаған, бірақ көрмеген дәуірі» [19, 60] деген пікір айта отырып, Жерұйықты іздеу «зар заманның» белгі нышаны еді деген тұжырым жасайды[19, 60].
Солтүстік Кавказдағы ноғай халқының мұраларында сақталған Асан Қайғы туралы аңыздар мен өлең-жырлар және Ноғай Ордасы күйрегеннен кейін жан-жаққа тараған түркі тілдес халықтардың фольклорлық мұраларын зерттей келе, зерттеу жұмысы Асан Қайғы есіміне байланысты айтылатын құтты қоныс утопиясы ХҮ ғасырдағы Қазақ хандығы тұсында емес, одан бергі дәуірдегі -ХҮІ ғасырда көшпелі Ноғай Ордасының ыдырауы басталған үлкен аласапыран уақытта көне утопия қайта жаңғырған деген жорамал түйіндейді.
Мұндай түйінді жасауға Асан туралы алғаш пікір айтқан және арнайы зерттеген Ш. Уәлиханов пен М. Әуезовтердің пікірлері негіз болады. Ш. Уәлихановтың Асанды өз зерттеулерінің әр жерінде бірде «көшпелілер философы», бірде «ноғайлы философы» де атап отыруы Асанның Ноғай Ордасында туған зар заман күйін жырлауға тікелей қатысы бар кісі екендігін белгілесе керек. Оның үстіне Ш.Уәлиханов өз жазбаларын ХІХ ғасырдың ІІ жартысында, ел есінде өткен күндердің елесі жоғалмаған. Сондай-ақ заңғар ғалым М.Әуезовтің Асанды «Абылай алдында аз-ақ бұрын өмір сүрген адамға ұқсайды» [1,199] деп көрегендікпен пайымдауын да еске алуымыз керек. Абылай заманының алды Ноғай Ордасының күйреген уақыты.
Алтын Орда мемлекетінің мұрагеріндей болған бағаналы Орданың (Ноғай Ордасы) құлағанын (Ор орманы күйген күн), басшысы өлгенін (Орманбет би өлген күн), байтақ елдің азып тозғанын (Он сан ноғай бүлген күн) көрген Асан бүлінген елдің халіне «қайғырып», елді сол күйге душар еткен ханды (Әз-Жәнібекті) сынайды, елдің бұрынғы шалқыған, дәулетті бейбіт күйін қалпына келтіру үшін «құтты қоныс», «Жерұйық-Жиделібайсынды» іздейді.
Бұл орайда халық өткен күндерге көңіл аударады. Қалыпты өмір салты жаңа арнаға күрт бұрылған уақытта халық сана-сезімінде ескі күнді аңсау сарыны туады.
3.2 «Асан Қайғы туралы аңыздардағы тұрақты мотивтер» деп аталатын тарауда Асан Қайғы туралы аңыздар сюжетінде кездесетін фольклорлық тұрақты мотивтердің орны мен қызметі айқындалады. Тұрақты мотивтердің басты атқаратын қызметі - сюжет құраудағы жинақтаушылық қызмет. Асан Қайғы туралы аңыздарда фольклорлық тұрақты мотивтер Асан Қайғының халық қалаған бейнесін сомдауды құраған сюжетке қызмет етеді.
Түс көру мотиві. Фольклорлық қаһарманның ерекше түс көруі - көнеден келе жатқан тұрақты мотив. Бұл мотив - қаһарманның қарапайым жандардан тегі бөлек, айрықша жаратылған жан екенін білдіретін көркемдік тәсілдердің бірі. Асан Қайғы қазақтың жерін орыс аларын түс көру арқылы біледі:
Бұл арадан көшпесең,
Айтқаныма түспесең,
Орыс алар қалаңды
Шулатар қатын балаңды
Осыны көрдім түсімде... [1,200]
Қаһарманның болашақта болар оқиғаны ғажайып түс арқылы көруі түркілік фольклорда жиі кездесетін көрініс. Белгілі фольклорлық қаһармандардың арасында бұл қасиетке ие емес кейіпкерлер кемде-кем. Мысалы, Оғыз қаған жырындағы Ұлық Түрік, Қорқыт, Бұқар жыраулар елдің болашағы, алдағы болар оқиғаларды түс арқылы көріп, оны билеушісіне жеткізіп отырады. Қаһарманның бойына ерекше қасиет түс көруді енгізу - кейіпкерді фольклорлық шарттылықпен идеализациялау тәсілдерінің бірі.
Болашақты болжау (сәуегейлік) мотиві. Асан Қайғы туралы аңыздар мен жырлар сюжетіндегі молынан кездесетін мотив - болашақты болжау мотиві. Бұл мотивтен құрылған сюжет Асан туралы аңыздардың ең негізгі мазмұны десе де болады. Асан Әз-Жәнібек ханның істеген ісінің ақырына болжау жасайды. Ол істердің орынсыз болғанына қайғырады.
Асан Қайғыда кездесетін сәуегейлік Оғыз жырларындағы Ұлық Түрік, Қорқыт Атада, Шыңғыс ханның тұсындағы Көкчү бақсыда, Бұқар жырауда, қазақтың атақты би-шешендерінің бойында да бар.
Болашақты болжап, сәуегейлік айту мотивінің түп негізі – шаман дінінің басты өкілі бақсының функциясынан бастау алатыны сөзсіз [20,160]. Бақсы – көк Тәңірінің жердегі өкілі, Тәңірімен тілдесіп, оның әмірін жер бетіне жеткізер ерекше қасиетке ие кісі. Демек, Асан Қайғы халықтың болашағы мен бақыты үшін жаратылған ерекше қасиетке ие жан.
Халық осы мотивті көріктеу құралы ретінде аңыздардағы Асанның бойына қондыра отырып, оны ел қамын ойлаған қызметін дәріптейді. Асанның «ел қайғысын жеген» істерін билеуші топтардың өкілдеріне үлгі етеді. Биліктің ел мүддесімен санаспайтын кереғар белгілеріне өз наразылығын білдіреді.
Адам баласының өзге тіршілік иелеріне үйлену мотиві. Бұл мотив – дүние жүзі халықтарының фольклорында жиі кездеседі. Асан Еділге, Жайыққа, Сырдарияға қарамақ салады, бірақ оған су перісі Ертістен ілігеді.
Асан Қайғының су патшасының (Суса хан) қызына үйлену мотиві негізіне ертедегі адамдардың көне түсінігі арқау болған. Өзен түріндегі су - өлілер әлемі ретінде қабылданған көне түсінік. Айталық, «Ер Төстік» ертегісінде Төстік жылан Бапының еліне бару үшін су астына түседі. Өлімнен қашқан Қорқыт Сырдарияға келіп, сол жерде су ортасында ұзақ уақыт өмір сүрген болатын.
Қоқыт туралы әпсананы арнайы зерттеген ғалымдар кейіпкердің су сағасынан пана табуын космос моделін үлкен өзен түрінде бейнелеген шамандық түсінікке саяды [17,103] деп есептейді.
Асанға бал ашқан балгердің пері қызын Еділ, Жайық, Сырдария, Ертіс өзендерінен қармақ сал деп кеңес беруінде де суды басқа әлем ретінде қабылдаған көне түсініктің ізі жатыр. Ал Асанның пері қызын Ертіс өзенінен табуында да су аяғы өлілер әлемі деген түсініктің логикасы бар. Еділ мен Жайық – солтүстіктен оңтүстікке ағатын өзендер, ал Ертіс оңтүстіктен, солтүстікке ағады. Ал солтүстік - көне мифтік түсінік бойынша өлілер (бөлек) дүниесі.
Мифтер поэтикасын зерттеген Е.Мелетинский солтүстік халықтардың мифтерінде космостық моделі өзен түрінде бейнеленетін жазады. Ғалым былай дейді: «Солтүстіктегі халықтардың шамандық мифологиясында (функциясы жағынан әлемдік ағашқа, шамандық ағаштарға жақын) шамандық өзен болады деп түсініледі, ол өзен жоғары мен төменді, аспан мен жерді байланыстырып тұрады деп есептеледі; осыған сәйкес өзеннің басы жоғары, ал аяғы – төменгі әлемге сәйкес келеді де, оның тылсымын қабылдайды деп саналады. Сөйтіп, өзеннің аяғы (сағасы) төменгі әлем жатқан жақты (көбінесе, солтүстікті) бейнелейді деп саналады» [21, 217].
Өлімнен қашқан Қорқыттың да оңтүстіктен солтүстікке қарай ағатын Сырдария өзеніне келетінін еске түсірейік. Асан да тегі бөлек болашақ жарын оңтүстіктен солтүстікке қарай ағатын өзеннен тауып отыр. Демек, Асанның тағдырына жазған пері қызына үйлену үшін Ертіске келуінде де басқа әлемге сапар шегу сарыны жатыр. Демек, Асан Қайғы бейнесінде көне мифтердегі өлім әлеміне сапар шегетін бақсының (шаманның) әрекетінің әлсіз іздері бар.
Асан Қайғы туралы аңыздарда кездесетін тағы бір мотив - шарт қою және оны орындай алмау мотиві. Қаһарманға шарт қою мотиві шығарманың көркемділігіне қызмет етеді. Аңыздың көркемдігі артқан сайын оның хабарлық, танымдық сипаты кеми түсіп, әпсаналық, хикаялық сипат арта түседі. Асан туралы аңыздарда осындай белгілер анық байқалады. Шарт қою және оны орындай алмау мотиві Асан Қайғы туралы аңыздарда оның «қайғы» атану себебін баяндау тұсында көрінеді.
Үшінші бөлімнің соңғы тарауы «Асан Қайғы туралы аңыздардағы ғұмырнамалық тұтастану құбылысы» деп аталады.
Асан туралы қазақ аңыздарында шежірелік тұтастану құбылысының ата мен немере және әке мен бала арасындағы бөлігі суреттелген. Бұл ғұмырнамалық тұтастануда құбылысы Асанның саяхатшылығы, елдің болашағы үшін құтты қоныс іздеген қамқорлығы және хан жанындағы би-жыраулық қызметтері бейнеленген тұстарда көрініс алған.
Елге аң-құсы мол қоныс іздеген ата мен баланың арасындағы саяхатшылық мұратты дәріптеген ғұмырнамалық тұтастану Асан туралы қара сөзі аралас көлемді жырда берілген. Жырда Асанның әкесі саятшы Сәбит, шешесі - Салиха. Ал Асаннан туған баланың аты - Абат. Асан саятшы әкенің үлгілі ісін жалғастырушы. Абат - әкесі Асанның ел қамын ойлаған ісіне көмектесетін көмекшісі.
Асанның елге жайлы қоныс іздеген елдің қамын ойлаған өнегелі істері оның би-шешендік және хан жанындағы жыраулық қызметтерінде орын алған ғұмырнамалық баяндауларда да жалғасын табады. Бұл баяндауларда халық Асанды бала кезінде шешендік қасиетпен көзге түсіріп, кейінен хан жанында ел қамын ойлайтын қария жырау бейнесіне ұластырады.
Сөзге ұста шешен кісінің фольклорда кең дәріптелетінінің түпкі себебі-сөздің магиялық құдіреті бар деген көне ұғымынан бастау алады. Магия кез-келгенге қона бермейді, ерекше қасиеті бар кісіге қонады. Ерте замандағы түсінік бойынша, ондай кісілер-абыздар мен бақсы, әулиелер. Халық аңыздары Асанды әулие кісі деп таниды.
Аңыздар Асанды шешен кісі ретінде дәріптей отырып, оның қашанда ел қамы үшін жүрген кісі екенін көрсетуге ұмтылады. Бала кезінде шешендікпен көзге түскен Асан ғұмырнамасының (биографиясының) келесі кезеңі жыраулық қызметке ұласады.
Хан жанына көпті көрген данышпан қария жырауды отырғызу түркі фольклорында жиі кездесетін көрініс.
Бұл бөлімде фольклорлық тұрақты мотивтер мен қаһарманды дәріптеу тәсілдеріне кең талдаулар жасала келе, Асан туралы аңыздар өз бойына фольклорлық поэтиканы мол игерген халықтық бай мұра деген тұжырым жасалынады.
Қорытындыда зерттеу жұмысының барысында алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар жинақталып түйінделеді

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Әуезов М. Әдебиет тарихы. А., 1991.-240 бет.
2 Досмұхамедұлы Х. Аламан (Құрастырушылар, алғы сөзін және түсініктемелерін жазғандар – Ғ. Әнесов, А. Мектепов, Ш. Керімов)- Алматы: Ана тілі, 1991.-176 бет
3 Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы (Құрастырып, алғы сөзін жазған Т. Қоңыратбаев). –Алматы: Ана тілі, 1991.-288 бет.
4 Халид Құрбанғали Тауарих хамса (Бес тарих). Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. -Алматы: Қазақстан, 1992.- 304 бет
5 Валиханов Ч.Ч. Киргизское родословие//Соб. соч. 5-ти т.т.2. А., 1985.-416 с. /148-166/.
6 Древняя Казань глазами историков и современников. Казань, 1996.
7 Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды М., 1973.
8 Григорьев А.П., Григорьев В.П. Коллекция золотординских документов ХIҮ века из Венеций. М., 2002.-276 с.
9 ҚРҰҒА Сирек қолжазбалар қоры, Папка №910, №5 дәптер.
10 Егоров В.Л. Историческая география Золотой Орды в ХІІІ-ХIV в.в. М., Наука, 1985.-244 с.
11 Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. М: Издательская фирма «Восточная литература РАН», 2002.- 752с.
12 Валиханов Ч.Ч. Заметки при чтении книги проф. И.Н. Березина «Ханские ярлыки»// Соб. соч. 5-ти т. т1 А., 1984. -432с. /104-114/
13 Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Алма-Ата, 1969.
14 Сикалиев А.И.-М. Ногайский героический эпос. Черкесск, 1994. -322с.
15 Сәкен Сейфуллин. Шығармалары. 6-том. А., 1964, «Қазақтың мем-к көркем әдебиет баспасы». - /266-269/.
16 Хусаинов Г.Б. Башкирская литература ХI-ХҮIII вв. Уфа: Ғилем, 1996.-192 с.
17 Қасқабасов С. Миф пен әпсананың тарихилығы// Қазақ фольклорының тарихилығы А., 1994.-312бет / 82-129 /.
18 Амантай Шәріп. Қазақ поэзиясы: утопия мен антиутопия.// «Жұлдыз» журналы №9 1998. /184-193/.
19 Омарұлы Б. Тарихпен тамырлас толғамдар (Асан Қайғы мен Бұқар жыраудың ұлт келешегін болжаған өлеңдері хақында) // «Ұлт тағылымы» журналы, №1 2000, 56-66 б.
20 Тұрсынов Е.Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. А., «Ғылым», 1976. -200бет
21 Мелетинский Е.М. Поэтика мифа. Л., 1976.





ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАЛАР ТІЗІМІ
1 Асан Қайғы туралы аңыздардағы тұрақты мотивтер // «Шоқан тағылымы - 7» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Көкшетау, 2002. 100-104-б.
2 Асан Қайғының би-шешендiк қызметi // «Шоқан тағылымы - 7» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Көкшетау, 2002. 104-107 б.
3 Аңыз мұнарындағы Асан // А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нiң «Ғылыми Хабаршысы». - Қостанай, 2002. - №7-1. - 14-18-б.
4 Проблемы ложного сиротства в фольклоре // «Шоқан тағылымы - 7» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. - Көкшетау, 2002. - 162-167-б
5 «Тауарих Хамсадағы» Ұлық Мұхаммед пен Орманбет бiр кiсi ме? // Ұлт тағылымы. - Алматы, 2003. - №1. - 204-210-б.
6 Асан мен Бұқар жырау бейнелерiндегi ортақ фольклорлық белгiлер // Қазақ тiлi мен әдебиетi. - Алматы, 2002. - №8. - 44-47-б.
7 Ноғайлы жырларындағы Асан бейнесi // Махамбеттiң туғанына 200 жыл толуына арналған аймақтық ғылыми конференция. - Қостанай, 2003. - 160-164-б.
8 Түркi халықтарының әдеби-фольклорлық мұраларындағы Асан бейнесi // «А. Байтұрсыновтың туғанына – 130» конференция материалдарының жинағы. Қостанай, 2003. 170-173-б.
9 Асан Қайғы қай кезде өмiр сүрген? // Ақиқат. - 2005. - №1 - 33-40-б.
10 Шоқан және Ноғайлы кезеңі // «Шоқан тағылымы - 10» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. - Көкшетау, 2005. - 163-166-б.
11 Асан Қайғы туралы аңыздар және зар заман ақындары // Жоғары оқу орындары аралық Хабаршысы. - Қостанай, 2005. - №3. - 161-166-б.
12 Асан Қайғы туралы аңыздардағы ғұмырнамалық тұтастану құбылысы //Әлемдік рухани құндылықтар және қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері.Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары.-Алматы,2007.-І том.-379-386 б.
13 Асан Қайғы және «Жерұйық-Жиделбайсын» әлеуметтік утопиясы // «Шоқан тағылымы - 12» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. - Көкшетау, 20-22 сәуір 2007 жыл (Өндірісте)

РЕЗЮМЕ
на автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата филологических наук по специальности 10.01.09- фольклористика

Мамиева Бахыткүл Октябрьқызы

ЛЕГЕНДЫ ОБ АСАН КАЙГЫ

Актуальность исследования. Казахи - народ с очень богатым фольклорным наследием. Одним из духовных богатств являются легенды Асан Кайгы. Легенды об Асан Кайгы отражают многовековые чаяния народа на социальное равенство, поиск жизненных идеалов. Огромное значение имеют легенды Асана и для изучения истории казахского народа.
Цель и задачи исследования. Цель работы - исследовать значение личности Асана Кайгы в духовном наследии казахов, расширить знания об истории легенд и фольклора.
Задачи исследования:
- исследовать легенды об Асан Кайгы;
- определить место и значение легенд Асана в литературоведении и фольклористике;
- выяснить значение произведений Асана Кайгы для литературы ХІХ века;
-определить значение творческого наследия Асана;
-определить основные мотивы и фольклорную циклизацию легенд об Асане.
Источники отбора исследования. Анализ проводился на основе изучения рукописей из фонда Центральной научной библиотеки МОН РК, на основе материалов газет конца ХІХ начало ХХв.в. «Дала уалаятының газеті», «Торгайская газета», а также на основе материалов фольклорной практики студентов Костанайского государственного университета.
Научная новизна исследования:
- образ Аз-Жанибека является собирательным образом, где сочетается три прототипа ханов: образ Жанибека Озбекулы, Жанибека Махмудулы возглавлявшего ханство в Астрахани и образ казахского хана Жанибека;
- деятельность нескольких личностей под именем Асана в исторических рукописях повлияли на образ этого героя, встречающегося в фольклоре, где он ищет благодатную землю;
- творчество акынов «зар-заман» ХІХ века было дополнено образом Асана Кайгы в период Ногайлы и получило новое значение;
- нашло отражение циклизация биографии Асан Кайгы в противоставлении исторических фактов и в фольклористике.
Методы исследования. В диссертации были использованы методы исторического познания, сопоставительный анализ. Во время исследовании мы придерживались теоретических и методологических взглядов таких ученых как Ш.Валиханов,М.Ауезов, Х. Досмухамедов, А. Маргулан, М. Дуйсенов, Е. Исмаилов, М.Габдуллин, Б. Адамбаев, С.Каскабасов, Е. Турсунов, М. Магауин, А. Сейдимбек, Б. Омарулы, А. Шарип, а также зарубежных фольклористов.
Положения, выносимые на защиту:
- рассмотреть легенды об Асане Кайгы, как общее историческое наследие ногаев, каракалпаков и казахов в ХҮІ-ХҮІІ веках;
- дать обоснование общности легенд периода ногаев и «зар-заман» ХІХ века;
- показать в фольклоре изображение исторических фактов и чаяний народа того времени;
- рассмотреть легенды об Асан Кайгы как духовное наследие, впитавшее народные понятие и мировозрение.
Апробация работы. Основные положения диссертации были изложены в 11 статьях, опубликованных в научных журналах. На основе материалов исследования были подготовлены доклады и выступления на 3 международных и 2 республиканских научно-теоретических конференциях.
Структура исследования. Диссертация состоит из введения, трех глав, заключения, списка использованной научной и художественной литературы.
Во вводной части определены актуальность исследуемой темы, цель и задачи исследования, новизна и методы исследования, его теоретическая значимость.
В І главе дана история изучения рассматриваемого вопроса;
Во ІІ главе рассматриваются сохранившиеся исторические рукописи о нескольких личностях по имени Асан, сходство их деятельности с Асан Кайгы и анализируется его образ в творчестве других народов.
В ІІІ главе дается фольклорное описание (социальная утопия, фольклорные мотивы, биографическая циклизация) легенд об Асан Кайгы.
Заключение содержит научнообоснованные выводы.

SUMMARY

Mamieva Bakhitgul Oktyabrovna

«THE LEGENDS ABOUT ASAN KAIGIY»
10.01.09 - folkloristics
The urgency and topicality of the research subject presents the current aim of investigating the history of the Kazakh people and its legacy. As the Kazakh people have a very rich folklore heritage. The one of the most national literary values is the legends about Asan Kaigiy. The legends about Asan Kaigiy reflect the centuries-old people’s expectations of social levels, search of life ideals. Besides these works have a great linguistic and historical importance.
The aim and tasks of the research is to investigate the meaning of Asan Kaigiy’s image in the spiritual heritage of the Kazakh nation, to enlarge know ledges about history of legends and folklore.
The tasks of the research:
to investigate the Asan Kaigiy’s legacy in the Kazakh folklore;
to define the placement and meaning of Asan’s legends at literary criticism and folklorism;
to explain the contribution of Asan Kaigiy’s works for literature in the XIX century;
to determine the creative significance of Asan Kaigiy’ heritage;
to set the main reasons and folklore periods of legends about Asan.
The sources of the research’s selection. The analysis is conducted on the basis of masterpiece’s learning from the National Fund of the Republic Scientific Library of Kazakhstan, on the materials of newspapers fpom the ehd of XIX century till the beginning of XX century “Dala yalayatinin gazeti”, “The Torgai gazeta”, as well as on the basis of folklore students’ practice materials of the Kostanai state University named after
A. Baitursynov.
Scientific signinificans of the research:
there has been out lined the Az-Zanibek’s image as a collective one, in whom is combined three prototypes of khans: Ozbekiliy, Makhmudiliy Zanibek (the head of Astrakhan’s khanstvo) and the Kazakh Khan Zanibek;
there has been determined the activity of some personalities under the Asan’s name in the historical masterpieces, who has influenced upon this heroin folklore, when he looked for a best place;
there has been added the akin’s “Zar-zaman” creativity of the XIX century by the Asan Kaigiy’s image in the Nogailiy’s period and got the new interpretation;
there has been discovered the cyclical biography of Asan Kaigiy contrasting with historical facts and folkloristic.
The method of the research.
In dissertation the methods of historical cognition and contrasting analysis are used. We take into account theoretical and methodological opinions of such scientists as (H. Valikhanov, M. Auezov, Kh. Dosmukhamedov, A. Margulan, M. Duisenov, E. Ismailov, M. Gabdullin, B. Adambaev, S. Kaskabasov, E. Tursunov, M. Magauin, A. Seidimbek, B. Omaruliy, A. Sharip and some foreign folkloristic.
The following positions are put forward to be defended:
to consider the legends about Asan Kaigiy as general historical heritage of nogai, Kara kalpak and Kazakh in the XVI-XVII centuries;
to define the basis of legends’ commonality at the period of nogai and “Zar-zaman” in the XIX century;
to display at folklore works the representation of historical facts and needs of people that time;
to investigate the legends about Asan Kaigiy as spiritual heritage taking in people outlooks and philosophy.
The approbation of the research:
The main ideas of the research had been stated at 12 articles in the scientific magazines. On the basis of materials of the investigation were expounded and prepared reports and setting out at 2 international and 2 national (regional) theoretical scientific conference.

The structure of the research:
The dissertation consists of introduction, three chapters, conclusion, list of used scientific literature and faction.
In introduction are determined the urgency, topicality, aims, scientific significance, theoretical and practical values, methods, of the research. In the first chapter the history of the learning problem is given.
In the second chapter are investigated having models, in historical masterpieces about some personalities under the Asan’s name, their similarities, activities and are analyzed his image in the creativity of some people.
In the third chapter folklore description of legends about Asan Kaigiy is given.






 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  70  71  72  73  74  75  76  77  78  79  80  ..