1985 жылы қыркүйек айының 19 күні Филипиндер еліндегі

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 2

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  ..

 

 

 

 

 

1985 жылы қыркүйек айының 19 күні Филипиндер еліндегі Миндано аралын мекендейтін Ата тайпасының 60 адамы тариқат көсемі Дату Мангайанонның (Datu Mangayanon) бұйрығымен у ішіп өздерін өлтіреді. Оңтүстік Кореядағы протестант әйел көсем Парк Сун-Жаның (Park Soon-Ja) 32 мүриді шағын дозада у ішіп, өз өздерін бауыздап өлтірген. Жапонияның Вакаяма жағалауында «Шындықтың достары шіркеуінің» 7 әйел мүшесі өздерін өртеп өлтірген. Олар тастап кеткен хаттарында өз-өздерін тариқат көсемі Киохару Миямотоның (Kiyoharu Miyamoto) құрметіне өлтіргендерін жазған. Жапониядағы экстремист буддист секта «Аум Синрикё» нацилер ойлап тапқан және адамзатқа белігілі ең улы газдың бірі саналатын зарин газымен (ғылыми аты – Isopropyl Methyl Phosphonfluoridate) метро станцияларында жасаған террор шабуылдарымен әйгілі болды. Токйодағы Касумигасеки бекетінде 1995 жылы жасалған шабуылда 12 адам қаза тауып, 5,500 адам ауыр жарақат алды. Осы террор амалынан кейін мәселені жан-жақты зерттеп, талдаған жапон қоғамтану ғалымдары топтық тәртіп пен топқа тәуелділікті көбірек дәріптеп, жеке ойлауды оқшаулайтын жапон білім беру жүйесін айыпты деп тапқан. Бұған қоса көптеген ғалымдар Американың 1945 жылғы жеңісінен кейін жапондардың ұлттық діні синтоизмнің әлсіреуі салдарынан олардың рухани бопсалауға душар болғанын алға тартады. Шизуока университетінің социология профессоры Кимиаки Нишиданың (Kimiaki Nishida) пікірінше рухани вакуумда қалған жапон жастарын рок концерттерін жиі ұйымдастыратын және видео техниканы шебер пайдаланатын Аум Синрикё сектасы бірден өзіне тартқан. Осыған ұқсас әдістер бізде де жасалып жатқан жоқ па, деп еріксіз өзіңе сұрайсың. Қазақстанда да өзін Мәсіх яки Мәһди деп жариялаған адамдар мен олардың секталары ұқсас әдістерді пайдаланып, кең көлемді насихат жасап жатыр деген ақпарат баспасөзде жиі кезігетін болды.
Жоғарыда келтірілген мысалдарға тағы да көптеген мысалдарды қосуға болады. Осы тақырып бойынша баяндама жазуға дайындық жасағанымда, ғылым-білім және технологияның дамыған ғасыры болып табылатын заманымызда адамзатқа өте зиянды діни ағымдар мен философиялық үрдістердің көп таралғандығын көріп таң қалғаным бар. Қазіргі адамзат ғылым мен технологияның шексіз дамығанына қарамастан бұрынғыдан да ырымшыл, хұрафашыл және ақыл-еске симайтын негізсіз де мағынасыз нәрселерге сенгіш болып кеткен сияқты. Жиһандастыру дәуіріндегі технократизм, индивидуализм және әсіре-материализмнің қыспағында әбден қиналған адамзат бақытты жаңсақ жолдар мен азғын жамағаттардан іздейтін сыңайлы. Терроризмнің кең таралуы, құмар ойындарының жаппай сипат алуы, ұятсыздық бизнесінің тауар айналымының артуы, тариқаттар мен мәшрәбтердің көбеюі нені ұқтырады? Немесе, не болса со болсын, адамдар еркінше сенсін, еркінше жүрсін деп, мәселені бір ғана «демократия» және «сенім бостандығы» деген екі сиқырлы сөзбен шешіп тастаймыз ба? Сөз жүзінде шешілген нәрсе, іс жүзінде де оң шешім таба ма?
Көкірегі ояу, көзі ашық, елінің, халқының болашағын, дене саулығы мен рухани саулығын бірдей ойлайтын азаматтары бар елдерді осы мәселе мазалағандай. Мәселен, елімізде әр үйдің пошта қобдишасына күн сайын шақыру хаттарын салып жалықпайтын «Сайнтология» шіркеуін Франция мұқият бақылауда ұстайды. Француз үкіметі осы ұйымның әдейі сатып алулар арқылы аса маңызды бизнес объектілері мен компанияларға және сол арқылы ел экономикасының маңызды салаларына иелік етуінен сескенеді. Франция Сыртқы істер министрі жуырда жасаған баяндамасында қауіпті діни секталармен күресті тиімді халге жеткізу үшін заң негізінде шешім табу жолдарын қарастырғандарын айтқан. Мәселен, Франция әкімшілігінің секталар туралы есебінде аталмыш «Сайнтология шіркеуі» мен жоғарыда аталған «Күн ғибадатханасы низамы» секталары қауіпті ұйымдар ретінде жіктелген. Германиядағы Конституцияны қорғау ұйымының қорытындысы бойынша орталығы АҚШ-тың Лос Анжелес қаласында орналасқан «Діни технология орталығы» (Religious Technology Center) деп аталатын сайнтология шіркеуі көптеген елдерге таралған аса күрделі иерархиялық жүйеге ие. Кейбір болжамдар бойынша осы тоталитарлық сектаның өзіндік барлау құрылымы мен, тіпті, қамақтары да бар екен. Бұл сектаның бақылауында әлемдік бизнес империясы бар дейді болжаушылар. Австрия осы ұйымды «діни бірлестік» ретінде емес, «тіркелген қоғамдық бірлестік» ретінде таныған. Швеция корольдігі Салық қызметі сайнтология ұйымын «пайда табуды көздейтін және қаржы-шаруашылық іс-әрекет жасайтын идеалистік қоғамдық бірлестік» деп таныған. Айта кетелік, Швеция корольдігі заңдары бойынша тек протестант тармағына жататын Лютеран шіркеуі ғана мемлекеттік статусқа ие.
Бүгінгі күні Қазақстандағы діни ахуал да мозаиканың тастары іспетті түрлі-түсті. Сырттан кіріп, емін-еркін үгіт-насихат жасап жатқан діни ұйымдар мен ағымдардың елімізге қаншалықты қажеті бар екені лайықты деңгейде зерттеліп жатқан жоқ. Жоғарыда есімдері аталған адастырушы һәм құпиялығы басым тоталитарлық секталарға ұқсас құрылымдардың елімізде де тамыр жайып келе жатқаны туралы айтуға қорқасың. Алайда, басқа елдерде болған және болып жатқан өрескел жағдайлардан ғибрат алып, қатаң шара қолданатын кез келген сияқты. Себебі, Қазақстанның демографиялық, әлеуметтік, саяси-құқықтық және экономикалық жағдайы кез келген үгітті таратуға аса қолайлы. Сол себепті, мемлекеттің дін мәселесіне шұғыл бет бұрып, дін мәселесін бөтен күштердің қолынан өз қолына алатын уақыты жетті деп айтар едім. Егер мемлекет дін мәселесімен айналыспаса, болашақта дін мәселесі мемлекеттің өзімен айналысатын болады. Карл Маркстың апиынға теңеген діні ізгілік пен бақытқа бастайтын діннен озып кететін болса, ондай қоғамда аса қауіпті уақиғалар болады деу сәуегейлік емес...
Менің ойымша мемлекет қай дін жағында екенін ашық көрсетуі керек. Жоғарыда Швецияда тек Лютеран шіркеуінің ресми дін ретінде танылғанын айттық. Ресейде православие сондай. Австрияда ресми түрде танылған діндердің қатарында ислам да бар. Сондықтан, Австрия Ислам кеңесіне қарасты мешіттердің имамдарының жалақылары Австрия бюджетінен төленеді. Түркиядағы мұсылмандардың «Диянат Басқармасы» конституцияда аты аталған мемлекеттің негізгі ұйымдарының бірі. Түркиядағы басқа діндер мемлекетке тиесілі емес, тек «әһли сүннет уәл жамағат» бағытындағы мұсылмандық қана мемлекет қамқорлығында. Бұл елдегі 80 мыңнан астам мешітте жиыны 200 мың мөлшерінде діни қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлық қажеттіліктері мемлекет меже есебінен (бюджеттен) төленеді. Демек, зайырлылық қағидасын сақтай отырып, мемлекет өзінің болашағы мен қауіпсіздігін, ұлттық тұтастығын қамтамасыз ету үшін осындай қадам жасаған. Мысыр, Пәкістан, Малайзия қатарлы көптеген мұсылман елдерінде жағдайдың ұқсас екенін ескергенде, бүгін ғасырлық мерекесі аталып жатқан «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасын» мемлекет қамқорлығына алатын және оған ресми құзырлы статус беретін уақыттың жеткенін айтуға міндеттіміз. Мемлекет мұсылмандар діни басқармасы мен жоғарыда аталған сайнтология шіркеуін немесе Ахмадия жамағатын, миссионер ұйымдарын бірдей көретін болса, бұл қалай болғаны?! Осыны да ойланайық, ағайын. Ал, демографиялық тепе-теңдік пен ішкі тұрақтылықты нығайту үшін Қазақстан халқының 97 пайызын құрайтын мұсылмандық пен православиені мемлекеттің қамқорлығына алуымыз, екінші жақтан осы діни мекемелерге толық тәуелсіздік бергеніміз жөн болар. Әрине, бұл идеям бірден кенеттеу естілуі мүмкін, оны жетілдіру және елімізге тән бір шешім жолын табуға болатын шығар. Әйтседе, негізгі ой өзгеріссіз қала бермек, тек механизм өзгермек.
Бүгінгі күні Қазақстанда христиандықтың елімізге кейінгі жылдары келімсектер арқылы келген жаңа формалары миссионерлер арқылы кең таратылуда. Лютерандар, баптистер, методистер, меннониттер, 7. күннің адвентистері, пентекостал шіркеулері, пресвитериандар, елуліктер, мун шіркеуі, виссериан шіркеуі, евангелистер, Йеһоуа куәгерлері деп тізбектеп санап шыға алмайсың. Бұларға қоса елімізде «ұлттық ислам» мен «ұлтсыз ислам» орнатуға ұмтылатын «уникалды» топтар да бар. Жалпы, сектология ғылымы елімізде әлі қалыптасқан жоқ десек артық болмас. Бұл дәл бүгінгі күні өте өзекті һәм аса қажетті ғылым саласы. Жоғарыда айтылған мәліметтер негізінде еліміздің болашағы халқымыздың бірлігінде, ал халқымыздың бірлігі халықтың діни бірлігінде екенін тағы да айтқым келеді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасын бүгінгі 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, барлық мұсылмандар фәни адамдар мен фәни ұғымдарға табындыратын ағат жолдарды тастап, Діни басқарма төңірегінде, Құран Кәрімнің саф жолы бойынша Ислам жолында бірігейік деп тілек айтқым келеді. Аллаһ Тағалам баршаңызды жарылқасын!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  ..