ХҮ-ХҮІ ғ.ғ. Қазақстан мен Орта Азия тарихы туралы

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 1

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  1  2  3  4  5  6  7  8  9  10    ..

 

 

ХҮ-ХҮІ ғ.ғ. Қазақстан мен Орта Азия тарихы туралы жазылған тарихи деректер осы кезеңдерде қазақтар мен қырғыздар арасындағы қарым-қатынас негізінен достық-одақтық сипатта болғандығын көрсетеді. Осы кезеңдерде жазылған тарихи деректердің басым бөлігі отырықшы қала мәдениеті дамыған, Шайбан әулеті билеген Мауераннахрда немесе Моғол мемлекетінде жазылғандықтан моғолдар мен шайбанидтердің қазақ- қырғыздармен соғыстарын әсірелеп көрсету басым болды. Бұл деректердің авторлары Шайбанидтер мен моғол феодалдарының қызметіндегі адамдар еді.

            Түркі халықтары арасында этникалық байланыстары жағынан қазақ халқына ең жақын халықтардың бірі қырғыздар болды. Мұны кезінде көптеген зерттеушілер атап өткен болатын. Бірақ қазақ-қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстар туралы мәселе көп уақыт бойы екі халықтың ортақ этнонимдерін анықтаумен шектеліп келді. Қазақ және қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстарды неғұрлым тереңдете зерттеген ғаламдардың қатарына С. М. Абрамзон, К. И. Петров және И.Б. Молдабаевтарды жатқызуға болады. Қырғыздың белгілі ғалымы И.Молдабаевтың айтуына қарағанда қырғыз бен қазақ арасында тек атаулары бойынша сәйкес келетін ру-тайпалардың өзі оннан асады. Бұлардың қатарына қыпшақ, қоңырат, найман, жәдігер, қатаған, дулат, ноғай, алшын(алақшын), сары, сары үйсін, абақ, таздар, итемген, ағынай, балықшы, қызыл-құрт және т.б. ру-тайпалар жатады. Қазақ және қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстар туралы бірден-бір тарихи дерек көзі батырлар жыры болып табылады. Қырғыз тарихшысы И. Молдабаев қырғыз халқының эпостық жырлары Манасты және «Жаныш пен Байыш» эпостарындағы қазақ және қырғыз халықтарының этникалық байланыстарын зерттеп анықтаған болатын/7, 11-24 бет/.

            Қырғыз халқының «Манас» эпосында өзге халықтарға қарағанда қазақ халқы жиі еске алына отырып туыс халық ретінде көрсетіледі.  «Манас» эпосының Сағымбай нұсқасы бойынша қазақтар Алтайда қырғыздармен көршілес өмір сүрген. Эпоста «қазақ» этнонимімен қатар қазақ халқының құрамындағы көптеген ру-тайпалардың атаулары да кездеседі. Мысылы: «Манастың әкесі Жақып Манас туылардан бұрын көптеген халықтарды шақырып, олардың арасында алшындар мен абақтар да айтылады. Қазақ ханы Көкшенің ордасындағы Көкше мен Әбілмамбет арасындағы талас-тартыс туралы эпизодта Кіші жүз бен Орта жүз тайпалары арғындар, наймандар, қоңыраттар және жағалбайлылар туралы сөз болады. Сонымен қатар эпостың Сағымбай нұсқасында Манас Сайқал есімді қызбен жекпе-жекке шығатын эпизодта көптеген халықтармен қатар дулаттар да айтылған/9, 46 бет/. Ал дулат тайпасы қазақ халқының Ұлы жүзінің құрамындағы ең ірі тайпа бола отырып, кейінгі орта ғасырларда Моғолстан мемлекетінің саяси өмірінде белсенді рөл атқарған/4, 72 бет/. Рашид-ад дин, Ш. Уалиханов және В. В. Бартольд Дулаттарды моңғол тектес тайпа десе, Н. Аристов, М.Ф. Катанов, Р.Г. Кузеев, В.В. Востров, М.С. Мұқанов және т.б. көптеген зерттеушілер бұл пікірді жоққа шығырды/11, 36 бет/

            Дулат этнонимі қырғыздардың рулық құрылымында да кездеседі. Қырғыздың Саяқ тайпасының құрамында қайдулат руы мен дулат бөлімі болған, ал құсшы тайпасының арасында меңдулат руы болған. Бұл рулардың белгілі дәрежеде қазақтың дулат тайпасымен және орта ғасырлардағы дулаттармен өзара байланысы бар. Бұл жерде қазақтың дулат тайпасымен қырғыздың құсшы тайпасының таңбаларының ұқсастығы назар аудартады. Бұл тайпалардың екеуінің де таңбасы дөңгелек  бейнесінде бейнеленген/7, 12 бет/. .

             «Манас» эпосында сонымен қатар екі халықтың да құрамында кездесетін албан, жәдігер, қатаған, найман, қыпшақ, қытай, қанды, сары, балықшы, шекті, қоңырат, сарт сияқты барлығы 17 ру-тайпа атаулары кездеседі. «Манас» эпосынан қырғыз халқының тек Ұлы жүз қазақтарымен ғана емес Орта және Кіші жүз қазақтарыменде этникалық байланыстарын көреміз.

            Қазақ пен қырғыз этнонимдерінің бұл сәйкестіктерін кездейсоқтық деп айтуға болмас. ХІҮ-ХҮ ғасырларда Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан территорияларындағы Моғолстан мемлекетінің құрамында болып келген көптеген түркі және түркіленген моңғол тайпалары  ХҮ ғасырдың екінші жартысы мен ХҮІ ғасырдың басында Моғолстан мемлекетінің орнында  қалыптасқан қазақ және қырғыз халықтарының құрамына кірген болатын. Бұл тайпалардың әуел бастан шығу тегі мен тарихы бір болатын.

            Қазақ-қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстар туралы мол мәлімет беретін тағы бір тарихи дерек қырғыз халқының «Жаныш пен Байыш» эпосы болып табылады. Бұл эпосты жан-жақты зерттеген қырғыз ғалымы И. Молдобаев эпостағы жер-су аттарына талдау жасай отырып, эпостағы тарихи оқиғалар Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумақтарында болғандығын анықтады/8, 39 бет/. Эпостағы Ала-көл, Ақ сай сияқты жер-су аттары Қазақстанның оңтүстік шығысындағы географиялық аймақтар болып табылады. Мұның өзі кейбір қырғыздардың этникалық тарихын зерттеуші ғалымдардың қырғыздардың бір бөлігі ХІІІ-ХҮ ғасырларда Ертіс пен Іле аралықтарындағы жерлерді мекендеген деген пікірлерін айғақтай түседі/14, 136 бет/.

Қырғыз зерттеушілері эпос  ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы тарихи оқиғаларды қамтиды деп санайды/8, 49 бет/. ХҮ ғасырдың екінші жартысында батыс Жетісудағы Шу-Қозыбасы өңірлерінде қазақ хандығының құрылуы және Солтүстік Қырғызстан территориясында Қырғыз халқының қалыптасуы екі халық арасында саяси және мәдени қарым-қатынастардың орнауына алып келді. Осы кезеңдерден бастап бұл екі халық осы территорияларда түпкілікті орнығып қалу үшін Моғол және Шайбан билеушілеріне қарсы біріге отырып, ұзаққа созылған күрес жүргізуге мәжбүр болған. Қырғыз билеушісі Мұхаммед қырғыздың өлімінен кейін бұл күрестің басында қазақ хандары тұрған. Яғни, қазақ хандарының басшылығымен біріккен қазақ және қырғыз жасақтары осы ХҮІ ғасырда Моғолстан моғолдарын Жетісу мен Қырғызстан аумағынан Шығыс Түркістанға ығыстырды. Осы күрес нәтижесінде 1524 жылы негізін Тахир хан қалаған қазақ-қырғыз одағы қалыптасып, бұл одақ ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес кезінде де жалғасын тапты. Бұл одақтың бірлескен әрекеттері  туралы өз алдына бөлек әңгіме.  

   Тарихи деректерде көрсетілгендей қазақ хандығының алғашқы хандарының бірі Жәнібек ханның Жаныс пен Байыс есімді ұлдары болған/15, 42 бет/. К. Акиевтың нұсқасындағы «Жаныш пен Байыш» эпосында ағайынды Жаныш пен Байыштың аталарын Әзірет хан деп атаған. Әзірет сөзі араб тілінде әулие, қасиетті деген мағынаны білдіреді. Тарихи деректерде көрсетілгендей  Жаныс пен Байыс сұлтандардың әкелері Жәнібек хан  1465-1466 жылдары Шу мен Қозыбасы өңірлеріне көшіп келген кезде Абу Саид немесе Бу Саид деген араб есімімен де белгілі болған.   Бұл жерде көріп тұрғанымыздай қырғыз халқының «Жаныш пен Байыш» эпосының бас кейіпкерлері, ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақ халқының ғана емес  қырғыз тарихының да тарихи тұлғалары болып табылатын қазақ сұлтандары Жаныс пен Байыс сұлтандар/7, 50-51 бет/.

            Бірақ бұл эпостың негізгі кейіпкерлері өзге халықтың өкілдері деген сөз емес. «Жаныш пен Байыш» қырғыз эпосының эпикалық кейіпкерлері болып табылады. Бұған бірден-бір дәлел бұл эпостың қырғыз халқының арасында кеңінен танымалдығы және Қырғызстандағы Жаныш және Байыш атымен белгілі этнонимдердің және жер-су аттарының кездесуі. Сонымен қатар осы ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақтар мен қырғыздардың Жетісу мен Қырғызстан аумақтары үшін, қазақ хандарының басшылығымен Моғолстан билеушілеріне  қарсы жүргізген, бірлескен күресі де осы пікірдің айқын дәлелі бола алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Низам ад-дин Шами. «Зафар-наме»/Перев. О.Ф. Акимушкина. Москва. 1983 г.

2. Махмуд ибн Вали. «Бахр ал-асрар»/Перев. А.Мокеева. Москва. 1990 г.

3. Абд-ар-Раззак Самарканди. «Матла ас-садайн ва маджма ал-бахрайн»/ Перев.      О.Ф. Акимушкина. Москва. 1983 г.

4. Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди». Алматы., 2003.

5. История Киргизской ССР. 1-том.Фрунзе., 1984.

6. Бартольд В.В. Киргизы. Исторический очерк. Соч.т-2(ч..1).Москва.,1963.

7. Молдобаев И.Б. Этнокультурные связи кыргызов в средневековье. Бишкек.2003 г.

8. Молдобаев И.Б. Эпос «Жаныш и Байыш» как историко-этнографический источник. Фрунзе.1983 г.

9. Манас: Эпос. Сагымбай Орозбак уулынын варианты боюнча. 2-китеп. Фрунзе.1978

10. Юдин В.П. Центральная Азия в ХІҮ-ХҮІІІ веках глазами востоковеда. Алматы.2001 г.

11. Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (кон. ХІХ-нач.ХХ в.) Алма-Ата. 1968 г.

12. Рашид-ад дин. Сборник летописей. Т.1. Кн.2.М.; Л.; 1952 г

13. Абрамзон С.М. Киргизы и их этнические и историко-культурные связи. Ленинград.1971 г.

14. Петров К.И. Очерки феодальных отношении у киргизов в ХҮ-ХҮІІІ вв. Фрунзе. 1961 г.

15. Материалы по истории казахского ханства ХҮ-ХҮІІІ вв. Алма-Ата.1969 г.

16. Мураталиев М. Баатырдык кеңже эпостордун тилиндеги бөтөнчөлүктер. Фрунзе. 1976 г.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  1  2  3  4  5  6  7  8  9  10    ..